​«Келін болған жерінен жігіті алып қашып кеткен»: түркістандық әйел марқұм сіңлісін еске алды

0
17 369

«Қарғыс алған адам көгермейді»


​«Келін болған жерінен жігіті алып қашып кеткен»: түркістандық әйел марқұм сіңлісін еске алды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«ERNUR.KZ сайтында күні кеше шыққан «Екі қызым бір үйге келін болды»деген әңгімені оқып мен де сіңлімнің тағдырын айтқым келді. Бір адамның өмірі екінші біреуге сабақ болса, ой түйсе жақсы болар еді», - дейді Ақжібек есімді түркістандық әйел.


Редакцияға хабарласқан оқырманымыз жалғыз сіңлісінен айырылып қалғанын айтты. «Оған қарғыс тиген сияқты» деп әңгімесін бастап, бәрін айтып берді.


«Қарғыс деген өте ауыр жаза. Әсіресе ата-ананың наласына қалудың соңы жақсылықпен аяқталмайды. Өзім де ұл-қыз өсіріп отырмын ғой. Достарымыздан, құрдастарымыздан «балаларым өскен сайын мені тыңдамайтын болды» дегенді жиі естимін. Қазіргі жастар «жеке шекарам, өз өмірім» дегенді ұстанып, білгенін істеп жатыр. Ал оның соңы немен аяқталады, соынң бір мысалы ретінде сіңлімнің оқиғасын айтайын.


Біз бақытты отбасы едік. Ата-анамыз екі қыз, бір ұлды дүниеге алып келді. Жап-жақсы өмір сүрдік. Екеуі де жоғары білімді мамандар еді, мемлекеттік қызметте істеп, біздерді оқытып, жақсы тәрбие берді. Бірақ сіңліме келгенде көңілдері алабөтен еді. Кенжетайлары болғасын ерекше еркелетті. Әсіресе әкем қатты жақсы көретін. «Бәріңнен озатын қыз осы болады» деп жер-көкке сыйғызбай мақтағанда күліп қоя салушы едік.


Мен тұрмысқа ерте шығып кеттім. Інім жұмысын істеп жүрді. Ал сіңлім университеттің 2-курсында оқитын. «Жігітім бар» деп айтып, маған суретін көрсетіп қоятын. Сырттай танығаным болмаса, екеуінің қарым-қатынасына ден қойып, сұрақтың астына алмаппын. Бірақ бір жылдан аса уақыт кездескендерін анық білем. Екеуі бір-бірін жақсы көретін еді.


Сіңліме құдай бойды да, түрді де бере салған. Еркелігі де реңіне жараса кеткен еді. Сол себепті әке-шешемізге «құда болайық» деп таныстары, әріптестері жиі айтатын. Бір күні папамның бастығы көріп қалып, ұлына айттырыпты. «Қызыңның сөйлесіп жүрген біреуі бар ма, кішкене тамырын басып көр. Болмаса бастық баласына айттырып келмекші» депті мамама. Сөйтсе сіңлім «ешкімім жоқ, нөмірімді бере беріңіздер, сөйлесіп көрем» деген. Солай папамның бастығының баласымен екі-үш рет кездесіп, тұрмысқа шығуға келісімін беріп қойыпты.


«Біздің ауылға әкеңнің бастығы құда түсіп келіп жатыр» деп мамам хабарласқанда аң-таң болдым. Апыл-ғұпыл төркініме барып, сіңліммен ашық сөйлестім. «Әпше, ол жігітпен бәрі біткен. Ренжісіп, сөйлеспей қойғанбыз. Сондықтан мына жігітке шыға берем. Ештеңеге өкінбеймін. Шешімім нақты, өзіме сенімдімін» деді. «Сен бір сәттік ашуға бой алдырып жатқан жоқсың ба, екеуің бір-біріңді жақсы көруші едіңдер ғой, әлде де кеш емес, ойлан» деп қайта-қайтта айттым. «Егер мен керек болсам осы уаққа дейін хабарласатын еді ғой» деді ол.


Сонымен арада екі аптадай уақыт өткенде папамның бастығы бүкіл ағайын-туысымен үйімізге құда түсіп келіп, сіңлімді ұзатып салдық. Дүркіретіп беташарын өткізді. Бір айдан кейін үйлену тойларын белгілеп, жан-жаққа шақыру қағазын жіберіп қойған. Сол аралықта сіңлімді бұрынғы жігіті алып қашып кетті.


Артынан қуғыншы етіп мені жіберді. Жолда «сіңлімнің бұлай істеуі мүмкін емес, еркінен тыс ұстап отыр» деп сенімді боп барғам. Бірақ олай емес екен. Өзі рұқсатын беріпті. «Есің дұрыс па, мынау не бассыздық?! Ана жақта күйеуің, ата-енең жынды боп отыр ғой іздеу салып?! Қандай оймен басыңа орамал салдырып мұнда отырсың» деп жанын шығардым. «Мен ақымақ болып, ерте күйеуге шығып кетіппін. Нұрдәулет менің өз адамым екен, енді шынымен бақыттымын, артқа қайтпаймын» деп кері қайтпай қойды.


Сіңлімнің соншалықты қысқа ойлайтынына ашуландым. Одан сұрамады емес, сұрадым ғой. Қайта-қайта сұрадым. «Балалықпен кейін өкінетін тірлік жасама» деп те айттым. Егер айтпасам «айтатын ешкім болмаған соң ойлана алмады» дейміз. Бірақ өзі өте сенімді болды. Енді бұл жігітіне қырсығып, тұрмысқа шыққанда жігіті бұған «ашуың қайтқанша мазалауды жөн көрмедім, сенсіз өмір сүре алмаймын, кешір» деген сияқты сөздер жазып, егер келіссе келін болып түскен жерінен алып қашатынын айтқан. Қызымыз келісіп, ақыры осындай жағдай болды.


«Есік көрген екен, амал жоқ, балам үшін үйіме кіргіздім» деп құдағи зілмен сөйледі. Келіндерін дұрыс қабылдамағаны көрініп тұр. Амал жоқ кері қайттым. Жағдайды үйдегілерге айтып ем, әкем «енді ол менің көзіме көрінбесін, алдыма келсе буындырып өлтірем» деп ашуланды. Қайтсін еді, жақын араласатын бастығымен құда боп қойғандағы тірлік мынау боп тұр. Олар да әкеме айтпағанды айтыпты. «Осындай тәрбие берген сен еркек емессің» дегенге келтірген. Соңынан құдағи сіңлімді қарғаған.


«Мыналар мені адам ғұрлы көрмейді» деп звондаған сайын енесін жамандайтын. «Өзіңе сол керек, енді не айтса да шыдайсың, сол үйді, сол адамдарды өзің таңдап бардың» деп ұрысып алушы едім. Сөйтіп жүргенде сіңлім екі қыз тапты. «Папамнан кешірім сұраймын» деп күйеуін, қыздарын ертіп екі-үш рет барды. Бірақ папам «есігімнен аттамасын» деп келген жерінен кері қайтаратын. Сөйтіп жүргенде сіңлім асылып қайтыс болды.


Әкесінің наласынан шаршады ма, әлде енесінің түртпектеуіне шыдамады ма, әйтеуір ешкімге ештеңе айтпаған күйі кете барды. Тым болмаса бір ауыз сөз жазбапты. Осылайша өзегіміз өртеніп, кінәні кімнен іздерімізді білмей, егіліп қала бердік. Екі қызды қазір анам тәрбиелеп отыр. Кезінде «көргім келмейді» деп жиендерін үйіне кіргізбеген әкем қазір екі қыз үшін жанын беруге әзір.


Ойланбай жасаған әрекеттің соңы осындай өкінішпен аяқталды. «Өзім білем, өз өмірім» деп бет бақтырмаған сіңлімнің өмірі қыршыннан қиылды. Кім кінәлі, енесі бірдеңе деді ме, күйеуі бұрынғы әрекетін бетіне басты ма деп әлі күнге ойланам...»