​«Келінім үш миллион теңгеге «отырғызып» кетті»: шымкенттік әйел құдаларының несиесін төлеп жүр

0
1 327

«Бала туа алмайтын бедеу келін боп шықты»


​«Келінім үш миллион теңгеге «отырғызып» кетті»: шымкенттік әйел құдаларының несиесін төлеп жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Маған келген келін келін емес, келсап болды. Ақымақ басымыз оны өз адамымыздай көріп, бар еркелігін көтеріп едік. Асымызды ішіп, аяғымызға түкіріп кете барды», - дейді Бимария есімді шымкенттік кейуана.


Айтуынша, кенже баласының сүйіп қосылған жары үлкен сомадағы несиесін төлетіп, ақыр соңында төркініне тайып тұрыпты. Оқиғаның қалай болғанын Бимария апа ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Шалымыз екеуміз екі қыз, екі ұл тәрбиелеп, өсірдік. Үлкен екі қыз да, бала да үйлі-жайлы боп кеткен. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатыр. Кенже баламызбен бірге тұрамыз.


Екі жыл бұрын сол балам «үйленемін» деп табандап тұрып алды. Алған әйелі өзінен де жас. Келін болып түскенде жоғарғы оқу орнының үшінші курс студенті болатын, қосымша жұмыс істеп жүрген. Жастар отбасын құрамыз деп шешкенде ұлыма біраз ақылымды айтып, аяққа нық тұрып алуын өтінгенмін. Көнбеген соң өміріне балта шаппайын деп, сүйгеніне қосылуға келісімімді беріп едім.


Көп ұзамай құдалардың ауылына қоржын-қапшықтарымызды арқалап, қыз айттырып бардық. Олар да дайындалып отырған екен. Дереу той күнін белгілеп, қыздарын сән-салтанатпен ұзатып салды. Кезек бізге келгенде шалымыз екеуміз ақылдасып, құдаларға «Дүркіретіп той жасамай-ақ кішігірім құдалық той өткізейік. Оның орнына екі жас не қалайды, соны әперейік» деп айтып едік. Құда көнбеді.

«Қызым ақ көйлек киіп, елдің қыздары секілді өз тойында төрде тұрсын. Ертең өмір бақи арманда боп отырады» деп тұрып алды. Мейлі дедік. Үш жүз адамға той істеп, біз де олардан кем түспейтінімізді көрсеттік.


«Құдалардың көңілін таптық па, борышымызды өтедік пе» деп ойлап жүрген кезде ұлым келіннің басында бір миллион теңге несие бар екенін айтып, төбемізден жай түсірді. Сөйтсек, құдалар қыздарын ұзатарда қызының атынан кепілсіз несие алыпты. Оның жартысына үйіне кішігірім жөндеу жұмыстарын істепті, жартысына тойхананың ақысын төлеп, ұзату тойын жасаған екен.


«Құда, бұларыңыз қызық болды ғой» деп едік, «Несі бар, күйеу бала жұмыс істейді ғой, төлесін! Қызымыз өмір бақи қызметтеріңізді қылып, немере сүйгізбей ме?» деген жауап алдық. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген рас екен. Өзіміздің жетісіп отырғанымыз шамалы еді, енді ішпей-жемей құдалардың несиесін төлейтін болдық.


Келін оқуым көбейіп кетті деп жұмысынан шығып алған. Бар ауыртпалық шалымыз екеумізге түскен. Тамақ та, басқа да біздің мойнымызда. Балам «машинамның пәлен жері бұзылды, бензин құйдым» деген сылтаумен айлығының жартысын жымқырып қалады. Шынымен жөндете ме, әлде әйелінің қалтасына кетті ме, ол жағы белгісіз. Әйтеуір екеуі сыбыр-гүбір болып, бөлмелерінен шықпайды.


Шалым кенже баласын қатты жақсы көреді. «Анау келін көтеріп па, қашан немере сүйеміз өзі?» деп миымды жеп қойған соң, келінді ертіп дәрігерге барғанбыз. Дәрігер-гинеколог өзімнің туған құдашам еді. Келінді бастан-аяқ тексеріп, келінімнің бізден жасырып келген құпиясын жайып салды.


«Қыздай келді, босағамды адал боп аттады» деп қуанған келінім бұрын әлдебіреумен жүріп, жүкті болып қалған екен. Жүктілігін жасыру мақсатында түсік жасатқан. Соның салдарынан енді бала сүйе алмайды екен. Мұны керең болғыр құлағым естімей-ақ қойғаны дұрыс еді. Отырған жерімде қатып қалғандай, екі аяғым қозғалмай қалды. Сөйтсем қан қысымым көтеріліп кеткен екен. Құдашам дәрі беріп, әрең аман алып қалды.


Болған жағдайды үйдегілердің бәріне жасырмай айттым. Балам бұған сенбей, біраз қиғылық салып еді, келінім бәрін мойындады. Бәрімізден кешірім сұрап, киім-кешегін жинады да, төркініне тайып тұрды. Қалың мал беріп, құдалығын өткізіп, той істеп, одан қалса несиесін төлеп, артында ақымақ болып біз қала бердік.


Бұл оқиға баламды есеңгіретіп тастағандай. «Тумаса да бірге тұра беремін» деп бұлқынды. Өмірі арақ ішпейтін, үйге мас болып келетінді шығарды. «Бір шүйкебасқа бола сонша қайғыратындай ненің күні туды?! Басың жас, әлі-ақ өз бақытыңды табасың ғой, балам-ау» деп оңаша әңгімеге тартып едім. Балам біз білмейтін тағы бір құпияның бетін ашты.


Бір жыл бұрын құдамыз алпысқа толған. Сонда балалары әке-шешесіне той жасап, «норковая шуба», бриллиант таққан. Сол кезде біздің келін «әпкелерім маған ақша қоспай-ақ қой, несие төлеп жатсың ғой, ата-енеңді қинама деді» деген. Ішім жылып қалып еді. Сөйтсем бізге айтпай, баламның басын айналдырып, оның атынан несие алған екен. Бір миллион теңгені балам бізге айтпай төлеп келген. Жартысын оқуының ақысына құйыпты, жартысын тойға жұмсаған. Әлі бір жыл төлеу керек. Баламды «күйдіріп» жүрген нәрсе сол екен. Кеткен келін «менің несиеде шаруам жоқ» деп жатқан көрінеді.


Екі ортада осындай алаяқтарға жем болып отырған жайымыз бар. «Бас аман болсын, бәле-жала сонымен кетсін» дедік те, қоя салдық.


Мен мұны өзгелерге сабақ болса екен деп айтып отырмын. Лажы болса келін аларда таныс-білістен іздестіріп, танымасаңыз жан-жақтан сұрастырып, асықпай бақылап көру керек екен. Болашақта ескере жүріңіздер».

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: