​«Құрбым күйеуін «прокатқа» берді»: түркістандық әйел отбасындағы ерекше жағдайды жайып салды

0
2 229

«Екеумізге жолдама алып, шипажайға жіберді»


​«Құрбым күйеуін «прокатқа» берді»: түркістандық әйел отбасындағы ерекше жағдайды жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жүрегі кең, пейілі даладай бір жан болса, ол менің құрбым – Айжан. Мен оған екі дүниеде де қарыздармын», - дейді Кенжегүл есімді түркістандық әйел.


Кенжегүлдің құрбысы күйеуін «прокатқа» беріп, бір қыз туып алуына себепші болыпты. Мұндай ерекше оқиғаны Кенжегүлдің өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Айжан екеуміз Ордабасы ауданының тумасымыз. Бір мектепте, бір партада оқыдық. Бір-бірімізсіз ас батпайтын. Көрші тұрамыз, бірде оның үйінен, бірде менің үйімнен ас ішіп, тай-құлындай тебісіп өстік.


Мектепті бітірген соң да бір университетке, бір мамандыққа оқуға түстік. Елдің бәрі бізге қарап «егіздер де бұлай тату болмайтын шығар» деп күлетін. Расында да біз өте тату болдық. «Кім бірінші күйеуге тисе, екіншіміз жолдас қыз боламыз» деп серттескенбіз. «Мен бірінші тиемін» деп күлуші едім.


Бірақ адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады екен. Анам мен әкем көлік апатына түсті де, екеуі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Артымда шиеттей төрт бауырым маған қарап қалды. Үйдің үлкені болған соң бар салмақ маған түсті. Оқуымды сырттай оқу бөліміне ауыстырдым да, ауылға барып, іні-сіңлілеріме қарастым. Күн көрмесек сағынатын Айжанмен осылайша арамыз ажырай берді.


Жетімді Құдай жылатсын ба, ауылда шапан, қамзол тігетін ағайын әпкеміз жанына жұмысқа алды. Әр тіккен бұйымнан «процент» береді. Әке-шешеміздің бес гектар жері бар еді, соған пияз еккізіп, оны сатып, бауырларымның бәрін оқыттым. Бертін келе үлкен інімді үйлендірдім де, келінге ауылдан дүкен ашып бердім. Екі сіңлімді құтты орнына қондырдым. Кіші інім оқуға түсті де, қаладан екі бөлмелі пәтер әпердім. «Әпке, қалаға жүріңізші, маған тамақ істеп отырасыз» деп кіші інім қояр да қоймай қалаға көшіріп әкетті.


Бұл кезде менің жасым отыз беске таяп қалған. Айжан тұрмысқа шығып, тойында қалыңдықтың құрбысы болғам. Екі баланың анасы атанған. Күйеуі тәуір қызметте. Айжан мені күйеуінің кеңсесіне есепшінің көмекшісі етіп орналастырып қойған. Өзінің жеке кәсібі бар. Екеуміз баяғыша араласып, бір-бірімізбен қайта жақын араласып жаттық.


Бір күні Айжан үйіме жылап келді. Жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдығыпты. Дәрігерлер оған «біраз уақыт өткізіп алыпсыз, ота жасап, жатырыңызды алып тастамасақ болмайды» депті. «Енді не істеймін, ота үстінде өліп кетсем қайтем? Екі балама кім қарайды?» деп ішіндегі сырын ақтарып алды. Мен жұбатып әлекпін.

«Алда-жалда олай-бұлай боп кетсем екі балама бас-көз болшы. Байға сенім жоқ, еркек қой, бір әйелдің соңынан кетерін білемін. Екі балама анасы ретінде қарайлап жүр» деп тапсырды. Бірақ Айжанның көрер жарығы бар екен. Отасы сәтті өтті. Бірақ ендігәрі бала сүйе алмайды. Перзентсіз емес қой, аман қалғанына шын қуандым.


Күндер өте берді. Кенет бір күні Айжан маған ерекше ұсыныс айтты. «Кенжеш, талай жігітті көрсеттік, ешбірін менсінбедің. Бауырларым деп талай жылыңды соларға арнап, өзіңді ойламай келдің. Бала сүйіп, ана атанғың келмей ме?» деді ол.

Кімнің бақытты болғысы келмейді дейсің? Тым болмаса бір қыз туып алсам деп ойлап жүргем. Ол да соны сезіп қойғандай. «Менің ендігі бала сүйе алмайтынымды білесің. Кемі бес балалы болсам деп армандаушы едім. Құдай пешенеме жазбапты. Күйеуімнің бұлай жүре бермесі анық, сырттан, танымайтын біреуден балалы болғанша, өзіңнен ұрпақ сүйсе, менің ішім ашымас еді. Сенің де жағдайыңды жасап береді» деп төбемнен жай түсіргендей тосын ұсыныс айтты.

Күйеуі де бұған қарсы емес екен. Екеуара келісіп-пішіп қойған көрінеді.


Алғашында оның бұл ұсыныса бұлқан-талқан болып ашуланғам. Кейін ол бәрін сабырмен түсіндіріп, ойлануға рұқсат бері. Бірақ менің жауабымды күтпей-ақ әрекетке кірісіп кетіпті. Күйеуі екеуіне Меркі шипажайына екі жолдама алған екен. Соңғы күні күйеуін шығарып салып, өзінің орнына мені жіберіпті. Ойымда дым жоқ, құрбым жолдама сыйлады деп Меркіге барсам, алдымнан Мұхит шығып тұр. Амалсыз екеуміз он күн бірге демалып, төсекте басымыз қосылды.


Шипалы демалыстың ерекше белгісі ретінде тоғыз айдан соң қызымыз дүниеге келді. Бастапқыда бұған бауырларым ежірейе қараған. «Ел-жұрттан ұят емес пе?» деп ақыл айтқысы келген. Айжан оларды тыйып тастады. «Өздерің үйленіп, жағдайларыңды жасап алдыңдар. Кенженің халін қайсысың ойладыңдар?! Оның да бақытты болуға қақысы бар!» деп еді, жым болды.


Қазір Айжан екеуміз екі бөлек үйде тұрсақ та аптасына екі мәрте бас қосып, кешкі асты балаларымызбен бірге ішеміз. Он жылдан бері бұл дәстүрден айныған емеспіз. Таяуда Айжан мен Мұхит үлкен ұлдарын үйлендірді. Тойда құда-құдағилар ретінде үшеуміз қатар тұрдық. «Қызымызды ұзатқанда да осылай тұрамыз» деп Айжаным мәз-мейрам.


Мұхит бізге екі бөлмелі пәтер әперген. Жұмыста біргеміз, бас есепші болып істеймін. Анда-санда үйге де келіп тұрады. «Айжанның көрегенділігі болмаса көрсеқызарлыққа салынып, одан тығылып көшеден кезіккен біреумен жүріп кетер ме едім. Қазір екеуіңнің проблемаларыңнан уақыт жоқ» деп күледі. Қызы десе ішкен асын жерге қояды.


Қазіргі заманда Айжандай адам ілуде біреу шығар. Көп әйел күйеуін өзгемен бөліскісі келмейді. Оның осындай шешімі үшін өмірімнің соңына дейін сыйлап өтетін шығармын. Айжан маған ана бақытын сыйлады».