​«Келінім жаңа құдамен жасырын кездесіпті»: түркістандық әйел қайнысына келіншекті өзі тауып бергеніне өкінетінін жеткізді

0
1 677

«Қайныңыздың денсаулығы жарамай қалған» деп жылады...»


​«Келінім жаңа құдамен жасырын кездесіпті»: түркістандық әйел қайнысына келіншекті өзі тауып бергеніне өкінетінін жеткізді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдай кісінің айыбын ашқан адамды онша жақсы көрмейді дейді ғой. Бірақ әулетіміздегі осы жағдайды айтпасам болмады. Басқа да кісілерге ой салар, керегін алар деп ойладым. Әңгіме туған қайнымның әйелі жөнінде», - дейді Шарипа есімді оқырманымыз.


Таулы аудандардың бірінде тұратын Шарипа ханым қайнысына келіншекті өзі таңдап әперген екен. Сонысына өкініп жүргенін ERNUR.KZ арқылы жеткізді.


«Мен бұл әулетке түскен бірінші келінмін. Келгенімде атам мен енем колхоздың қойын бағып адырда жүретін. Үйдегі балалардың бәрі майда, бәріне үлкен қайынсіңлім бас-көз боп, тамағын пісіріп отырған екен. Келе сала бар салмақ өзіме түсті. Таңертең тұра сала екі шара қамыр ашытып, төрт тандыр нан жабам. Ертеңіне түсте ол нан таусылып тұратын. Үш мезгіл қазан-қазан тамақ пісіріп, топырлаған сегіз қайны, қайынсіңлінің бабын жасау жиырма жасымда есік көрген мен үшін күнделікті әдетке айналды.


Ағайынның да, жекжаттың да бабын жасап, мақтаулы келін атанғам. «Жеңеше, бізге де өзіңіз сияқты қыз тауып берсеңізші» деп ержетіп қалған екі қайным күнде миымды жейді. Бұл сөз қойшы ауылда жүрген енемнің құлағына жеткелі тіпті күшейді. «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген, екінші балама да өзің жақтан қыз тап! Бұл өтініш емес, бұйрық!» деп енем сәлемдеме айтып жіберіпті. Содан отыра қалып Қайсар деген қайныма қыз іздедім.


Ауылда рулас ағамыздың қалада асханада даяшы боп істейтін пысық қызы бар деп естіп алғам. Қалада жұмыс істейтін жерін тауып алып, бір күні арнайы іздеп бардым. Бойы кішкентай екен, ал менің қайным сүйріктей, ұзын. Қалай болар екен деп, сонда да келген соң әңгімеге тарттым. «Жігітім жоқ, әпке. Танысып көрейін» деп ыңғай білдірді.

Үйге келіп, қайныма айтқаным сол еді, жүрегі алып-ұшып, ертеңіне қалаға құстай ұшты. Қыздың қандай сиқыры барын білмеймін, сол күні кешкісін қайным «мен үйленетін болдым» деп келді ғой. «Ойбай-ау, бұл не деген асығыстық?! Қоя тұр, әлі сенімен таныстыратын қыз көп, асықпа» деп аптығын баспақ болғам. Тыңдайтын жігіт жоқ, «жеңеше, басқа қыз керек емес, өмірлік серігімді таптым» деп айтқанынан қайтпай қойды.


Сонымен не керек, екі аптада апыр-топыр үйлендірдік. Қызды алып қашып келген. Күндіз беташарын өткізіп, түс қайта некелерін қиып, төсекке салдық. Енемізден сүйінші сұраймыз деп көрші келіншек екеуміз тыпыршып, жас отаудың есігіне елеңдеп отырмыз.

Бір уақта қайным бөлмеден басын шығарды да, көңілсіз дауыспен мені өзіне шақырды. Барсам екі жастың түрі түтігіп кеткен, келген келін қыз болмай шығыпты. «Әй, мен саған айттым ғой, асықпа деп...» деп қайныма сөйлеп бастағаным сол еді, «Жеңеше, айып өзімнен. Сізде кінә жоқ. Біз өзіміз, қалада үйленгенше шыдай алмай қосылып қойдық. Үйдегілерге енді осының тігісін жатқызып жеткізіңізші» деп өтінді.

Сол сәтте сіңлім деп тауып берген қызға қатты ренжідім. Қайнымның өтірік айтып, қыздың айыбын жасырып тұрғанын жақсы түсінсем де, екеуінің болашағы үшін үндемедім.


Содан бері, міне, 22 жыл болыпты. Қайным мен келінімнің екі қызы, бір ұлы бар. Аудан орталығынан үй салып бергенбіз, сонда тұрады. Бірақ бақытты боп кетті деп айта алмаймын. Бәленің бәрі өзім тауып берген келінде боп тұр. Қайнымды көрген сайын кірерге тесік таппай қиналам, сондай алтын жігіттің қайдағы біреуге қор болғанына ішім ашиды.


Келінімнің тілі пысық, бәрін тілімен алдап, өзіне қаратып алған. Ол бар жер гу-гу думан, әңгіме. Ішуді де, қонақты күтуді де қатырады. «Хадишаны қонақ күтуге қойыңдар» деп үлкендер жағы тірлікке араластырмайды. Той күні сыланып келіп, қонақтармен төрде ішіп-жеп, билетіп, көңілін көтерсе, қызметтің үлкені сол. Басында ондай адамның барына шүкір деп үндемей жүргенбіз. Сөйтсем келін шырақ қонақтардың кейбірінің көңілін басқалай тауып жүр екен. Оны да тек мен білем.


Бір күні екі бүйрегім қайта-қайта ауырып, ауылдың дәрігерлері ауданға жолдама бергесін, аудандық емханаға бардым. Таң атпай келгем, дәрігерге кіріп, онша-мұнша анализдерін тапсырып шығам дегенше түс болды. Қарын ашып, мазам кете бастаған соң екі көше ары тұратын қайнымның үйіне барайын дедім. Ол вахталық әдіспен Созақта істейтін, келіннің үйде екенін білем. Айтпай кіріп бардым. Барсам үйдің ауласында бөтен көлік тұр. Есік ішінен кілттенген екен, терезеден сығалап қарасам екі адамның күбірлегені естіледі.

Есікті асығыс екі-үш мәрте қағып ем, үйден ұйқыдан енді оянғандай шашы ұйпа-тұйпа келінім атып шықты. Мені көріп ұрлық жасаған баладай қипақтап қалды. «Қайдан жүрсіз, айтпадыңыз ба бір ауыз...» деп сәлемін салып, артымнан шауып жүр. Залға кіріп барсам... осыдан екі апта бұрын қайнымның қызын ұзатқанда құда боп келген Заманбек деген жігіт отыр. Әлгіні көргенде аузым ашылып, не айтарымды білмей қалдым.


«Мен осы маңнан өтіп бара жатыр ем, құданың үйіне кіріп, бір-екі кесе шай ішіп кетейін дедім, сөйтсем құда үйде жоқ екен» деп қонақ құда қипақтап біраз отырды да, сөз тауып сыртқа сытылып шығып, сол күйі жоқ болды. Екеуінің бір бәлесі барын ішім сезді де, ол кетісімен келінімді сұрақтың астына алдым.


«Қайтем, женше, қайныңыз төсекке жарамай қалған. Мен – әйелмін, әлі жаспын, табиғаттың қажетін өтеуім керек. Маған не дейсіз...» деп көзінің жасын көлдеткенде не айтарымды білмей, аңтарылып қалдым. Қайнымның көзіне қанша жылдан бері шөп салып жүргенін білмеймін, бірақ келінім деп өзім таныстырған оңбағанды жек көріп кеттім. Басқа емес енді ғана құда болған адаммен ойнастық жасағаны санама сыймады. Құдаларға қарайтын бет жоқ, біз туралы не ойлады екен...


Енді осы жағдайды қайныма айтсам ба, айтпасам ба, екі аптадан бері басым қатып отыр. Ақкөңіл азаматтың жүрегі мұндайды көтермесе керек. Мен дегенде көңілі ерекше, баладай пәк, ұл-қыздары үшін жанын беруге әзір тұратын қайныма әйелін жамандауға тілім барар емес. Қызының алды – студент. Әні-міні дегенше бір елмен құда болғалы отыр. Екеуінің арасына түссем, ажырасып, ойраны шыға ма деп ойлайм. Бірақ келінімнің лас тірлігі жанымды жеп барады...»