​«22 жылдан кейін пәтер үшін іздеп келіпті»: алматылық бойжеткен әкесіне деген өкпе-ренішін айтып берді

0
1 554

«Менің өмірде бар екенімді біле тұра үнсіз жатқан»


​«22 жылдан кейін пәтер үшін іздеп келіпті»: алматылық бойжеткен әкесіне деген өкпе-ренішін айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әркімнің ешкімге ұқсамайтын тағдыры бар. Десе де менің өміріме сценарий жазып, кино түсіруге болады. Шым-шытырық, құпия-сыр, тосын сыйға толы», - дейді Назерке есімді бойжеткен.


Туған әкесімен 22 жылдан кейін танысқан алматылық оқырманымыз басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Есімді білгелі анамның мені қатарымнан кем қалдырмау үшін күн-түн демей ауруханада мейірбике болып істейтінін көріп келем. Еңбек демалысы дегенді білмейтін. «Үй алып алайын, сосын демалам» деп тырбанып жүріп, екі бөлмелі пәтерімізді сатып алдық. «Енді осының ішіне ремонт жасап, керекті жиһаздарды сатып алу керек» деп тағы да ауырып қалған, отпускіге кеткен әріптестерінің орнына жұмыс істеп жүрді. Әлі де сондай, өте еңбекқор. Осындай анадан туғанымды мақтан тұтам.


Бала күнімде «мама, менің папам қайда» деген сұрақты жиі қоюшы едім. «Сенің әкең қайтыс боп кеткен, жақсы адам еді» деп анам жаттанды сұрақпен жауап беретін. Студент кезінде екеуі бірге түскен суреттен басқа ештеңе жоқ. «Мама, менің атам қайда, әжем жоқ па, сенің туыстарың неге жоқ?» деп тағы тықақтаймын. «Біздің ешкіміміз жоқ, қызым. Менде сен, сенде мен ғана бармын» деп құшағына қысатын. Анамның балалар үйінде өскен, тұл жетім екенін кейін түсіндім ғой.


«Сен мен сияқты болма, оқы, мықты дәрігер бол» деп анашым қояр да қоймай медициналық академияға құжаттарымды тапсыртты. Таңдаған мамандығым өзіме де ұнайды. Қазір төрінші курста оқимын. Бос уақытымда смм, мобилография саласы бойынша жұмыс істеп, ақша табамын. Анама масыл болғым келмейді.


Жақында бір туристік агенттік қызмет ақыма жеңілдікпен жолдама ұсынды. Ыстықкөлге он күндік демалыс берген екен, анама сыйлық жасайын деп шештім. «Ой, жоқ, бара алмаймын, демалуға уақыт жоқ» деп дереу бас тартпақ болып еді, қатты-қатты сөйлеп, тоқтатып тастадым. «Әшейінде ақша шығарып бармайсыз, тегін жолдама тұрғанда қалай бас тартасыз, мынау тұрған Ыстықкөл ғой...» деп жүріп, ақыры демалысқа жібердім.


Анамның демалысқа кеткеніне үш күн өткенде үйге бір ер кісі іздеп келді. Үйдегі әкемнің жас күніндегі суретіне ұқсайды, көздері өзгермеген. Әкем екенін бірден таныдым. Өлдіге санап жүрген адамың қарсы алдыңнан шыққанда қандай күйде боласың?

Шынымды айтсам, бірнеше минут аңтарылып тұрып қалдым. «Мен сенің әкең болам» деп құшағына қысқанда ғана өңім екенін түсіндім. Осы уаққа дейін Қарағандыда рентгенолог боп жұмыс істеп, Алматыға қоныс аударған екен. Тағдырдың жазуын қарамайсың ба, тап анам істейтін ауруханаға ауысып келген. Сонда өзінің курстасы Айман тәтені көріп қалыпты. Ашықауыз Айман тәте біз туралы айтып беріпті. Іздеп келген беті екен.

«Мен сен туралы ештеңе білмедім, білгенде өзім асырап-бағар едім» деп іші-бауырыма кіріп, үйде бес күндей ішіп-жеп жатты. «Әйеліммен ажырасқам, екі ұлым бар, олар ержетіп кетті, бәрі Қарағандыда тұрады» деп өзінің қазіргі өмірі жайлы айтып берді.


Тоғызыншы күні анашым Ыстықкөлден келді. Үйге кірген бетте әкемді көріп, естен тана жаздады. «Сен қайдан жүрсің? Мұнда неге келдің?» деп сұрақтың астына алып, жақтырмағанын бірден байқатты.


Сөздің қысқасы, әкем нағыз сужұқпастың өзі екен. Анам екеуі студенттік шақта танысып, қыз бен жігіт боп жүрген. Екінші курста оқып жүргенде анамның аяғы ауырлап, оқуын тастауға мәжбүр бопты. «Үйленем, сені ғана сүйем» деп ант-су ішкен жігіт аяғы ауырлаған кезде уәдесінен тайып, анама аборт жасауды ұсынған.

«Бұл сенің бар екеніңді білді. Бес жасыңа толғанда суретіңді салып, хат жазғам. «Менің отбасым бар, мазалама» деген бір-ақ ауыз жауап алғам. Қайда енді сол отбасың? Неге келдің бізге? Саған Алматыда тұрақтайтын жер керек болды ма?» деп анам айқайлап, әкемді үйден қуып шықты. Байғұс анамның демалып келгені әдіре қалды. Жиырма екі жылдан кейін түк болмағандай келіп, берекемізді қашырды.


Әкем табылды деп бес күн қуаныштан жүрегім жарылардай боп жүрген ем, оның екіжүзділігін естігенде жек көріп кеттім. Менің бар екенімді біле тұра бір рет іздеп келмеген адамның барынан жоғы...


Қазір анам екеуі бір мекемеде істейді, бірақ араласпайды. Есесіне өзін қадірлейтін, сүйетін кісіні кездестірді. Бір қызығы, екеуі Алматыда тұрса да Ыстықкөлде танысып, табысыпты. Әйелі қайтыс болған, екі қыз, бір ұлы бар, бәрін үйлендіріп, жайландырып қойған кәсіпкер кісі екен. Анамды өз туыстармен, балаларымен таныстырып, қазір екеуі бақытты ғұмыр кешіп жатыр.


Менің өмірім кино түсіруге тұрарлық па? Ішімдегіні көпшілікпен бөлісіп, жеңілдеп алғым келді. Әкемді сол күннен кейін қайтіп көрген жоқпын. Бірақ анамдай асыл адамды бағаламай, кезінде тастап кеткеніне өкініп жүргенін ішім сезеді...»