"Күйеу балама жаным ашиды": шымкенттік әйел қызының қылықтарына өзін кінәлайды

0
3 231

​Қызы бар әкелер ғибрат аларлық оқиға.


Қазақта «ит ашуын тырнап алады» деген сөз бар. Ал Арай есімді шымкенттік әйел «Әкесіз өскен қыз кез келген еркектен мейірім алғысы кеп тұрады. Ондай қыз күйеуіне де, балаларына да мейірім бере алмайды. Жоқ нәрсені қалай берсін?!» дейді.

Арай осылай қызын ақтағысы келеді. Шымкенттік әйелдің айтқанын жақтауға бола ма? Әкесі тастап кеткен қыз баланың бәрі шынында да мейірімсіз, ызақор бола ма екен?



Алдымен оның ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасын оқып шығыңыз. Ол былай дейді:

«Төрт қыз, бір ұлдың анасымын. Күйеуім бесінші жүктілігімде мені тастап басқа әйелге үйленіп кетті. Перзенттерінің тағдырын ойламады, ойланбады.

Ажырасуымыздың нақты себебін мен айта алмаймын. Ал күйеуім ұл баланың жоқтығымен байланыстырды. Шындығында солай ма, түсінбеймін. Өйткені ол басқаға біржолата кетерде құрсағымда бір айлық шарана бар еді. Егер расымен оған ұл керек болса, тым болмаса екі ай күтіп жынысын білер еді ғой.

Мен «Мүмкін ұл шығар, өйткені жеріктігім өзгеше. Түсімде пышақ көрдім. Мен ұл туып берем» деп райынан қайтарғым келді. «Сенің ұл табатыныңа сенбеймін. Жақында ұлым туылады. Мен ұлымның әкесіз өскенін қаламаймын» деген-тұғын. Бірақ бұнысы жай сылтау ғана екені белгілі болды. Мен ұл босандым. Бірақ ол келген де жоқ, көруге қызықпады да.

Ол «қашайын деп тұрған киік еді», ұл баланың жоқтығын желеу еткеніне сенімдімін. Әйтпесе Ресей президенті де, басқа да бірқатар елдің басшыларында ұл жоқ қой. Ал олар әйелімен ажырасып кеткен жоқ, я болмаса «Менде ұл жоқ» деп түнеріп, ішімдікке салынған да емес. Перзенті жоқ, бірақ бірге өмір кешіп жатқан ерлі-зайыптылар да бар. Сондықтан мен «ұл тумадың» деп басқаға кететін еркектердікі жай желеу, сылтау деп айта аламын.

Кеткісі келген адам өзгені кінәлайды, ал өзін сол таққан айыбы арқылы ақтап алады. Бұндай жағдайды, оқиғаларды көріп, естіп жүрміз. Басқа әйелдер сияқты мен де жыладым. Бірақ ол кері қайтпады. Төрт қызымды құшақтап қала бердім.


Енем байғұс өлгенше баласының қылығын кешіре алмады. Өлерінде үйін менің атыма аударды. Қыздарыма әжелік мейірімін төгіп, маған үлкен тірек болды.

Мен бесіншімді босанғанда енем ұзақ уақыт жылады. Ол менің ұл бала туғаныма емес, өз ұлының қайтып келіп, шайқалған шаңырағын түзейтініне сеніп, қуанып жылаған еді. Алайда енемнің күткені болмады. Күйеуім перзентханаға да, ұлының шілдеханасына да келмеді. Сонда да енем ұлының қолына бармады. Екінші әйелін келін деп қабылдамады.

Енем болмағанда күнім не болар еді, білмеймін. Ол балапарыма қарап, үй тіршілігіне де қолғабыс жасап отырды. Балам жасына толғанша енемнің зейнетақысымен күн көрдік те, кейін мен жұмысқа шықтым.

Өткен күндерімнің жағымсыз елесін ұмыту үшін жұмыспен алданғым келді. Бірақ күйеуіммен бірге өткен жылдарды, оған деген ренішті оңайлықпен жадымнан мәңгіге өшіріп тастау қолымнан келмеді.

Бірақ күйеусіз өмір тоқтап қалмайтынын, онсыз да күн көруге болатынын түсініп, тіршілігімді жалғастыруға өзімді мәжбүрлеп көндіруге күш салдым.

Күйеуім бізді тастап кеткенде үлкен қызым бесінші сыныпқа баратын. Әлі ештеңені түсінбейтін бала ғой дегенімізбен, ол бәрін сезіпті. Әкесінің анасын тастап кеткенін де ұқты, бірақ барлық сырды ішіне бүгіпті. Бұл оған психологиялық соққы болғанын ол кезде аңғармадық.

Қызым есейгенде оған әлдеңе жетепйтіндей, томаға-тұйық, өзімен-өзі бұйығы болып жүретін. Мінезі солай қалыптасты. Сөйтсек, ол әкесіне ренжіп, оны сағынып, күтіп жүрген екен ғой. Соның бәрі бала кезінен ішіне жинала берген.

Бұл жан жарасын ол бойжетіп, тұрмысқа шыққан кезінде шығарды. Оның сөздерінен тек әкесіне емес, бүкіл еркек атаулыға өкпелі, ызалы екенін байқадым. Бірақ әкесіне деген ашуын күйеуінен алады деп ойламаған едім.

Үлкен қызымның қазір бір баласы бар. Екі жас бірін-бірі қалап, отбасын құрамыз деп шешкен соң, оларға ақ батамды беріп ұзаттым. Барған жері де, құда мен құдағиым, күйеу бала да өте жақсы. Бірақ қызым сол бағын, бақытын бағалай алмай жүрген сияқты. Ол қайтып кеп қала ма деп қорқам.

Жалғыз қызым болса бір сәрі, одан басқа үш қызым бар. Ұлым да бар. Оларды құтты орындарына қондыру сияқты алда жұмыс та, мәселе де көп. Сондықтан да қызымның барған жеріне судай сіңгенін қалаймын. Бірақ оның не ойлап жүргенін түсінбеймін.

Ол күйеу балаға өктем сөйлейді. Ата-енемен тұра алмайтынын айтқан соң күйеу бала пәтер жалдап бөлек шықты. Енші алып бөлек шыққалы қызым үйге жиі келеді. «Келе берме! Уақытың көп пе? Үйіңнің тірлігін жаса. Күйеуіңе дәмді ас дайында» деп шығарып саламын. Алайда қашан хабарлассам да ол дүкен аралап, қыдырып жүреді.

«Үйіңе ертерек барып, күйеуіңнің тамағын істе» десем, «Бүгін күйеуімнің кезегі» дейді. Түсінгенім, тамақ істеу, үй жинау, ыдыс жуудың кезекшілік күнтізбесін жазып қойыпты. Оны үйіне барғанда көрдім.

Мен барған алғашқы күні күйеу балам дастархан жайып, тамақ істеп асүйде жүрді де қойды. Ал қызым менімен әңгімелесіп, алаңсыз отырды. «неге шайың қайнамай кетті?» деп, күйеуіне айқайлағанда ашуым келді. Бірақ үндемедім. Тамақ ішіліп болған соң күйеу балам ыдыстарды жуып жатса, қызым айна алдында бетіне маска жасаумен әлек болды.

Ертеңіне қызыма «Анаңды жерге қаратпассың, әкесіз өскен, тәрбие көрмеген» деген жаман атқа қалдырмассың деп сенем! Күйеуіңнің асүйде жүргеніне қарсы емеспін, бірақ қонақ келгенде, оны жұмсамай тірлігіңді өзің жаса. Ұят болады» деп ақылымды айттым. Қызым ақымақ емес, тыңдайды деп сенгенмін.

Содан кейін қонуға барған емеспін. Бір-екі сағат отырып қайтып кетемін. Ал тұңғыш немерем өмірге келгенде қызым баласына қарасуға шақырды. Екі аптадай қызымның үйінде болдым. Ол әлі де күйеу баламды жұмсайтынын, жоқ жерден ұрыс шығаратынын көрдім. Әйтпесе күйеу балам тапқан табысын түгелімен қызымның алақанына салады екен. Сонда да қызым оны бағаламайды.

Жалақысын алған күні тиынына дейін қызым санап алды. Мейлі ғой, сол отбасының игілігі үшін жаратылатын ақша. Бірақ күйеу балам күнде таңертең жұмысына бара жатып, жол кіресіне қызымнан ақша сұрайды. Өзі тапқан ақшаны әрең сұрап алады.

Күйеу балам жұмысына кеткен соң қызыма ұрыстым. «Ер азаматтың қалтасында артық ақша жүргені дұрыс. Аяқ астынан ақша қажет болып қалатын жағдайлар болады. Әрине, отбасының кірісін шашау шығармай жинап отыру сенің міндетің болса да, күйеуіңе тым қатты болма. Жұмыс істемей үйінде жататын еркектер де бар ғой. Ал сенікі малтабар, еңбекқор, жуас. Жуас деп жүндей беруге болмайды. Екінің бірі сенің мінезіңе шыдай алмайды. Бір күні алтын күйеуіңнен айырылып қалып жүрме. Түртпектей берсең, жылулық, мейірім көрсетпесең кез келген еркек әйелден безіп кетеді» дегенім сол-ақ екен, қызым өзіме қарсы дау айтты.

«Егер солай болса, онда сіз де әкеме мейірімді болмағансыз ба? Жоқ, керісінше тым мейірімді, қамқор болдыңыз. Базардан азық-түлікті өзіңіз тасыдыңыз. Әкем жұмысқа барып келгенін міндет етіп жататын еді. Бәрі де менің көз алдымда. Қателесепңіз, сіз жұмсақ, мейірімді болған соң ол кетіп қалды» дегенде, оған айтар сөз таппадым. Өйткені қызым бұл уақытқа дейін әкесі туралы, оның бізден неліктен кетіп қалғанын сұраған емес. Мен де ешқашан балаларыма әкесін жамандамағанмын. Қызымның соншама жыл әкесін күткені, ызаланғаны жаныма батты. Әкесіз өсіргеніме өзімді жазғырып жылап қалдым. Ал қызым әкесіне деген ренішін төгіп жатыр, төгіп жатыр...

«Әкесіз перзент болудың қандай ауыр, қиын екенін сіз білмейсіз. Өйткені сіздің әкеңіз болды. Ал мен ше? Құрбыларым «менің әкем, менің әкем...» деп жамырай шуылдасып мақтанып жатқанда, не айтарымды білмей шетте тұратынмын. Олардың өміріне қызықтым, қызғандым. Бәріне сіздің жуастығыңыз, мейірбандылығыңыз кінәлі. Егер қатаңдау болып, әкемнің жүріс-тұрысын, қайда жүргенін қадағалап отырғаныңызда, ол артық қадам жасай алмас еді.

Сіз жуассыз, көнбіссіз, сондықтан әкем сізден, балаларын тастап кетуден қорықпады. Күйеуге жұмсақ мінезді болғаннан тапқан пайдаңыз кәне? Еркекке қатал, суық болу керек, әйтпесе есіріп кетеді. Әкемнің бізді тастап кеткені есіме түскенде күйеуімді жазалағым кеп тұрады, оны қиғаным келеді...» деген ол соңында маған қосылып жылады.

Жылады, демек оның жүрегінде мейірім бар деп, өзгеретініне сендім. Бірақ содан бері төрт жыл уақыт сырғып өте шығыпты. Қызымның көңілінде әкесіне деген реніштің әлі өшпегенін күйеуімен қарым-қатынасынан байқаймын. Тіпті бұрынғыдан да қатал боп кеткен сияқты. Күйеу баламның шарасыз түрін көргенде жаным ашиды.

Одан кейінгі қыздарым үлкен әпкесіне еліктей ме, әлде одан көрген тәрбие ме екен, олар да еркек көрсе тыржиып, кіжініп тұрады. Олар да мейірімсіз. Бұған өзімді, қыздарымды мейірімсіз еткен «әкесіз өмірді» кінәлаймын. Ал күйеуім қыздарының балалық шағын бақытсыз еткенін, жұбайлық өміріне де зардабы тиіп жатқанын біле ме екен?..»


Расында, басқаға кетіп қалған әкелерді бірінші некесіндегі перзенттерінің психологиялық жайы ойландыра ма екен? Ажыраспас бұрын ше, ойлана ма?

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Ақша өзінен-өзі келе бастады»: Елордалық келіншек кедейліктен қалай құтылғанын айтты


«Құдалыққа «Ақ тоғыз» апарамыз»: Шымкенттік келіншек тағы бір «жаңалықтың шыққанын» айтып берді