​«Күйеуім күн бермеді, жездем қол жүгіртті»: шымкенттік әйел құрбысына қорған болар жан іздейді

0
4 532

«Оған ішпейтін, шекпейтін, үй-жайы бар еркек керек»


​«Күйеуім күн бермеді, жездем қол жүгіртті»: шымкенттік әйел құрбысына қорған болар жан іздейді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бүгінгідей қым-қуыт заманда жалғызбасты әйелдерге қиын. Әсіресе өзінің баспанасы болмаса. Тірнектеп тапқан ақшасын ішпей-жемей пәтерақыға төлеу оңай емес».


ERNUR.KZ редакциясына хат жазған оқырманымыз әңгімесін осылай деп бастапты. Ол өзінің әріптес құрбысының ауыр жағдайын баяндап, оған жігіт іздеп жүргенін ашық жазыпты.


«Әріптеспен төрт жылдан бері бір мекемеде жұмыс істейміз. Бірақ ол екі жылдай өзінің қиын жағдайда жүргенін айтпай, намыстанып, жасырып келіпті. Бәсе деймін, өмірі қабағы ашылмайды. Оны өзі де сезбейді-ау, бір кабинетте отырғасын қас-қабағына қарайсың ғой, ойлы күйде көп отырады, арасында күрсініп алады. Бір күні мен оны үйіме қонаққа шақырдым. Жақсылап ет асып, тәттілерді алдына тосып, әңгімеден жібердік.


«Саған рахат, басыңда баспанаң бар, әйтеуір дікеңдеп, «пәтерді таза ұста» деп зіркілдейтін қожайын жоқ. Ал менің көрген күнім құрысын» деді ол. Құдай ақы, оның осы уаққа дейін пәтер жалдап тұратынын білмеген екем. «Екі балаңның әкесі сендерді қаңғытып қойып қалай жатыр?» деп сұрадым.


«Несін жасырайын, оның мені ұрмай-соқпай, көшеде сабап кетпей тыныш қана құрығаны жарты бақыт боп тұр. Мүгедек боп қалмай тұрғанда құтылғаныма қуанам. Шегетіні бар еді ғой, ондай кезде құтырынып, көзіне ештеңе көрінбей кететін. Кейін енем түсіністік танытып, баласына айтып жүріп бізді ажыратты. Обалы не керек, қазір ол кісі хабарласып, немерелерінің жағдайын сұрап тұрады. Бірақ үй сатып әпере қоятын жағдайлары жоқ.


Біз өзі ата-анадан екі-ақ қызбыз. Әпкемнің үй-жайы, күйеуі, бала-шағасы бар. Жағдайлары жақсы, жездеміз табыскер. Оның маған көмектескісі-ақ келеді, бірақ күйеуінен асып кете алмайды. Әйтеуір анда-санда тықпыштап 5-10 мыңын каспиіме аударып жібереді. Оған да шүкір.


Екі балам әкесіне тартқан қызба мінезді, екеуі де тете. Үйде төбелесіп, секіріп, гүрсілдетеді. Содан көршілер жиі шағым айтып, осымен үшінші пәтерге ауыстық. Ауысқан сайын оның ақысы да қымбаттап жатыр. Қожайындар пәтерден қуып шыққанда дайын тұрған баспана бар ма, ондайда бір аптадай әпкемнің үйіне сұранып, қонақ боламыз. Бірақ жездемнен қатты қысылам. Ол бізді жақтырмайтынын кейінгі кездері ашық білдіріп жүр. Екі баламды кекетіп, мұқатып сөйлейді.


Саған бірдеңе айтайын, негізі жездем басында жақсы қарайтын. Әзілдесіп, мерекелерде телефон шалып құттықтап тұратын. Бір күні олар құрбандық шалып, еттің бір бөлігін бізге атаған екен. Оны жездем әкеп берді. Балалар сыртта ойнап жүрген, үйде жалғыз жатқан едім. Етті әкеп, «шайыңнан ішіп кетейін» деген соң барымды алдына тосып, елпілдеп жүрсем, жездемнің ойы басқада.

«Мен енді анда-санда саған, балаларға анау-мынау әкеп беріп тұрайын. Оны әпкеңнің білуі шарт емес, екеуміздің құпиямыз болсын» деп қол жүгіртіп жатыр. Қағып жібердім. «Шығыңыз үйден, күйеуім жоқ болса да намысым бар, ұялмайсыз ба?» деп айқайлағам. Содан бері мені көрсе кірпідей жиырылып қалады.


«Ет асып жатырмын, екі балаңды алып үйге кел» деп әпкем апта сайын шақырады. Мынадай жағдай болғанын қайтіп айтам, тіпті ұрлық жасаған адамдай бетіне тіке қарай алмай жүрмін. Маған батылы жетіп, жаңағыдай тірлік жасаған жездемнің басқалармен не істемей жүр дейсің? Дүние адамды өзгертеді екен.


Осындай сұқ көздерден, жоқшылықтан құтылу үшін үй-жайы бар шалға да тиюге дайын жүрмін. Бәріне көнер едім. Тек екі балама алакөз болмай, ас-ауқатпен қамтамасыз етіп тұрса болды. Ақыры халімді білдің ғой, осындай азаматтар болса қарастыра жүр» деп әңгімесін аяқтады құрбым.


Өзін көріп-білмесем де әріптес-құрбымның күйеуіне ашуым келді. Өз өміріне де, әйелінің, балаларының өміріне немқұрайды қарайтын ездер қайдан шығады осы? Анау жездесіне не жоқ, әлсіздігін пайдаланып жәукемдеп кеткісі келген?! Осындайларды қалай жер көтереді екен. Оңбайды, әй, оңбайды-ау. Құрбым өте пысық, артық әңгімесі жоқ адам. Жақсы адам кездессе, бағы ашылып кетсе деп тілеп отырмын.


Балаларына қамқор, құрбыма қорған болатын, ішпейтін, шекпейтін жақсы азамат кездессе, сіздерге хабарласып, нөмірін қалдырсыншы, құрбымның өзі телефон соғады».