​«Күйеуімді үйлендіріп құтылдым»: алматылық әйел қалай және не үшін ажырасқанын айтып берді

0
6 318

«Ол бақытын басқа әйелден, ал мен немерелерімнен таптым»


​«Күйеуімді үйлендіріп құтылдым»: алматылық әйел қалай және не үшін ажырасқанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жиырма жыл отасқан күйеуінен құтылғанша асығып, екінші рет үйленуге көндірген әйелмін. Есесіне жаным тыныш. «Неге осыны ертерек жасамағам» деп кейде өкініп қалам» дейді Айсана есімді әйел.


Алматылық оқырманымыз бұл тірлігін «американский развод» деп атапты. Оқиғаның жай-жапсарын Айсара ханым ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Маса секілді бойыңдағы энергияңды теспей сорып алатын адамдар болады. Олар да вампирден кем емес. Менің күйеуім сондай адам еді. Үйленгенге дейін оның кемшіліктерін көз көрмей, құлақ естімей, сеніп, құлай сүйіп тие бергем ғой. Бәленің бәрі отбасылық өмірде байқалды. Мінезіне адам түгілі ит те шыдамайтын.


Мен мектепте мұғалім боп істеймін. Ал оның жоғары білімі жоқ, өмірінің жартысын құрылыста өткізді. Қыста үйде, қолы бос, үш баламмен қоса асыраушы едім. Көктем шыға әрең дегенде жұмысына жіберем. Шыға сала міндетсініп, кешкісін үйге есікті теуіп кіретін. Бала-шағаның да ығырын шығарып жіберген. Ол келгенше тамақтарын ішіп, бөлмелеріне кіріп кететін. Сол баяғы әдеті, балаларын көрсе кекетіп-мұқатып сөйлейді, киімің неге мұндай, шашың неге сондай деп әрдеңесіне бір тиісіп шығады.


Ол байғұстар да мектеп бітіргенше әрең шыдады-ау, басқа қалаларға оқуға түсіп, үйде екеуміз жалғыз қалдық. Енді оның айналдырғаны мен болдым. Жұмыстан келсе бір сағат қасында отырып, шайын құйып, әңгімесін тыңдауым керек. Менің де жұмыстан шаршап келгенім оны қызықтырмайды.


Сөйтіп жүргенде күйеуім жұмысындағы жесір әйел туралы жиі айта бастады. «Жағдайы жоқ екен, өзі пәтер жалдап тұрады. Біздің жұмысшыларға істеген ауқатпен баласын асырап отыр» деп аяушылық білдіретін. Бір күні сол әйелді менің әкемнен қалған пәтерге тұрғызуымызды өтінді. «Тегін тұрмайды, азырақ ақшасын төлейді, сауап үшін ғой» дегесін көндім. Артық ақша түсіп тұрса несі жаман деп ойладым.


Бірақ сол пәтерді жалға бергелі көк тиын қолыма түспеді. «Мен алып, машинама темір алдым, беріп еді, өткенде Пәленшенің тойына апара салдым» деп мың сылтау ойлап табатын. Бір күні пәтерімді кімге жалға бергенімді көрейін деп арнайы іздеп бардым. Сөйтсем күйеуімнің «байғұс жесір әйелі» менен сұлу, сыланып-сипанып қалған біреу. «Сізге рахмет» деп жылы сөзін айтып шығарып салды.


Сол кезде күйеуімнің ойы бұзылғанын байқадым, мына әйелмен бірдеңесі бар-ау деп топшыладым. Өйткені күйеуім «мені бұл үйде ешкім тыңдамайды», «мені қолдамайсыңдар, артқа тартасыңдар», «мен мына үйде бақытсызбын» деген әңгіме айта бастады. Келгенде шеке-басы тырысып қалады. Ал сыртқа шығарда айнаға қарап, бар тәуірін үстіне жапсырып кетеді.


Бір жолы оған «біздің пәтерде тұрып жатқан әйел әп-әдемі екен, сауап үшін үйленсейші, тіпті сонымен бірге тұрам десең де қарсы емеспін» деп айттым. Көзі шарасынан шығып кете жаздады. «Ақыры бұл үйде сені біз қолдамайды екенбіз, бақытсыз боп жүрген сияқтысың. Мен бәріне ризамын, кетем десең аяқ-қолыңды байламаймын» дедім тағы. Өзімше «қой-ей, қайдағыны айтпа» деген сөзді күтіп отырғам, ал ол «балаларға не айтамыз» деп ентелеп кетті. Әңгімем құлағына жағып бара жатыр.


Балалар жазғы демалысына келгенде отбасылық жиналыс жасадым. «Мына әкелерің бір әйелге үйленеді. Мен оған разылығымды беріп отырмын. Әкелеріңді күтіп-баптап, жағдайын жасауға менің жүйкем де, күшім де жетпей жатыр» дедім. Үшеуі бұлқан-талқан ашуланып, үйден шығып кетті. Артынша үшеуіне бірдей ватсаппен хат жазып жібердім.

«Әкеленіңнің мінезіне төзіп өмірімді қорлағым келмейді, шаршадым. Мені ойласаңдар үн-түнсіз келісіңдер» дедім. Содан кейін күйеуіме «Басқа әйелге кетсең де балаларыңнан безбейсің! Ертең бұлар үйленгенде тойын істейсің, құдалардың қатарында тұрасың. Ортақ таныс-туыстардың тойына бірге барамыз. Бірақ күн сайын келіп, меніңді мазамды алмай-ақ қой, өз күніңді өзің көре бер» деп шарт қойдым.


Ол шартымды қуана-қуана қабылдап, бетімнен кезек-кезек сүйіп, киім-кешегін жинап, сол күні көшіп кетті. Мен оны осылай босаттым. Алғашқы екі-үш күн елегізіп, жаман болдым. «Осынша жылым текке өткен екен, ең болмаса көз қылып, «сені қимаймын» деп айтпады-ау» деп егілдім. Бірақ кейін еркіндігім, жалғыздығым өзіме ұнады. Қалаған кезде тұрам, «тамақ пісті ме, шайыңды әкел» деп діңкілдейтін ешкім жоқ.


Арада екі жыл өткенде үлкен балам келін әкеп, қуантты. Қыз тұрмысқа шықты. Соның бәрінде күйеуім қасымда болып, тойдың шығынын көтерісті. Қазір тәп-тәтті екі немерем бар. Жұмыстан үйге асығып жетем. Жаным тынышталып, күннен күнге жасарып жатқандаймын.

Күйеуім де немересін көру үшін аптасына бір келіп тұрады. Ағайындардың тойында да бірге жүреміз. Тек мен оның алдындағы міндетімнен құтылдым. Күйеуім де қазір бұрынғыдай емес, жұмсарған, жасарған. Екінші әйелі жанына майдай жаққан сияқты...»