​«Күйеуімнен құтыла алмай жүрмін!»: жамбылдық келіншек күйеуінің қылығынан шаршағанын айтады

0
6 509

«Молда шақырып ажырастырып жіберді»


​«Күйеуімнен құтыла алмай жүрмін!»: жамбылдық келіншек күйеуінің қылығынан шаршағанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Күйеуімнен құтыла алмай жүрмін! Тура мағынасында айтып тұрмын, маза бермейді. Ажырасып кетсек те қыр-соңымнан қалмай жүр. Қайта қосылғысы келеді, бірақ әкесінен бата алмайды. Қайынатам мені үйден қуып шыққан», - дейді Динара есімді келіншек.


Алты жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген оқырманымыз мұң-шерін ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісуді жөн көріпті.


«Бір үйдің ортаншы ұлына келін болдым. Қайын атам мені о бастан жақтырмады. «Ажырасқан әйелдің жалғыз қызы екен, құдалар дұрыс болмады» деп баласын айнытпақ болған екен. Бірақ күйеуім ештеңеге қарамай мені алып қашты. Мейлі ғой, атамның онша-мұнша сөздерін елең қылмай жүре беруге болар еді. Бірақ бізде тағы бір мәселе бар. Ол – бала. Алты жылдан бері сәби сүйе алмай жүрміз. Әлі де үміттімін, күдер үзген емеспін.


Күйеуім ата-анасын ерекше жақсы көреді, айтқандарынан шықпайды, табысы да басқа бауырларына қарағанда жақсы. Сол себепті үлкендер бізді қара шаңырақта қалады деп шешті. Оларға қарсы ештеңе дей алмай, тілімді тістеген күйі қала бердім. «Үйлену той жасамаймыз, құдалық бола салады» деп атам шорт кесті. Күйеуім оған да көне салды. Ақ көйлек киіп, төрде тұру арманым еді. Үндемей, іштен тынып тағы қалдым.


Енем жақсы адам, жуас, қақ-соқпен ісі жоқ, мені де жақсы көреді. Ал атамыздың мінезі тік, беймаздау кісі. Бет-жүзің бар демейді, ойындағысын айтып салып отыра береді. Сол кісі шай үстінде «келін неғып жүрсің, емделмейсің бе, қашан немере сүйеміз» деп айта берді.

Ол кісіге білдірмей-ақ талай жерге көрінгем. Бала көтеруге қабілетті екенімді айтқан. «Күйеуіңіз көрінсін, бірге ем алсаңыздар, ертерек нәтижеге жетесіздер» деген. Соны атама айтып ем, «Не сандырақтап отырсың, менің балам белсіз емес» ашудан қалшылдап, қызарып, өрекпіп кетті. «Ағасында да бала бар, інісінде де бар, демек менің балаларымның дені сау, елдің алдында күлкіге қалдырып, баламды жаманатты етпекшісің бе» деп маған қарай «атылды».

Оны естіген күйеуім де сол күйі емханаға бармай, үзілді-кесілді бас тартты.


Сонымен арадан уақыт өткен сайын біздің арамыз суи бастады. Атамыз бедеусің деп бетіме баса берген сайын жылап-еңіреп мамама кетіп қала берем. Артымнан күйеуім келіп, кешірім сұрап әкетіп жүрді.

Бір күні бәріміз кешкі асымызды ішіп отырсақ, атамыз үйге молда мен бір досын ертіп келіпті. «Бәрің отырыңдар, мына кісілерді тыңдаңдар» деп бұйырды. Не айтар екен деп әңгімесін бақсам, күйеуіме «бедеу әйелден ертерек ажырасу керек, өміріңді қорлама» деген уағыздарды жіберіп жатыр. Атамыздың досы да «Кезінде мен бедеу әйелді қимай, біраз жылымды бекер өткізіп алдым. Қазір басқасына үйленіп, балалы-шағалы болып отырмын. Так что ойлан, балам» деп қояр емес.


Ертеңіне киім-кешегімді жинап, біржола төркініме кеттім. Күйеуіммен заңды түрде ажырастық. Бір айдай жым-жырт кеткен еді, кейіннен қайтадан үйімді торуылдап, телефоныма хат жазып, күйеуім мені өзіне қаратып алды. «Сенен басқа ешкімге үйленбеймін» дейді.

Бөлек ұйықтағанымыз болмаса, күндіз біргеміз. Түскі асты бірге ішеміз, киноға барамыз, достарымыздың тойына да ерлі-зайыптыларша барып қайтамыз.


«Менен басқаға үйленбейтін болсаң, онда бірге тексерілейік, емделейік» деп айттым. Бірақ күйеуім көнер емес. «Әкем білсе өлтіреді» деп айтқанынан қайтпай отыр. «Онда менің басымды қатырма, өз жолыңды тап!» деп талай мәрте айттым. Сүлікше жабысып алған. Көрінгеннен қызғанып, мазамды алып жатыр. «Сені ешкімге қимаймын» деп жылайды.


Мамамның уайымы мен болдым, «бағыңды сол адамға байламай, өз теңіңді тап» деп ұрысып жүр. Ертерек басқа біреуге үйленіп кетсе, мен де өз тіршілігімді жасар едім. Бір жағы ойлап қоям, бәлкім райынан қайтып, тексеріліп, емделсе балалы боп, бақытқа кенелерміз деп. Қысқасы, өмірім не ары, не бері емес...»