​«Күшік күйеу болмаймын» деп тастап кеткен»: алматылық келіншек күйеуімен 8 жылдан соң қайта табысқан

0
1 667

«Біздің махаббатымыз сегіз жыл өтсе де сөнбеген екен»


​«Күшік күйеу болмаймын» деп тастап кеткен»: алматылық келіншек күйеуімен 8 жылдан соң қайта табысқан

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды» деген рас екен. Отыз беске келгенше біраз нәрсені бастан өткердік. Жастықтың буымен қателестік, өкінішке толы күндерді бастан өткердік. Жастықты құшақтап жылаған, жүрегім ауырып күрсінген, жалғыздықтан жанымның жабырқаған сәттері көп болды», - дейді Марал есімді алматылық келіншек.


Оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне басынан өткен жағдайды баяндап берді.


«Сәбит екеуміз бір университте, бірдей курста оқыдық. Бірақ мамандығымыз басқа болды. Университетте басталған махаббатымыз отбасылық өмірге ұласты. Әлі есімде, университеттің екі группасындағы студенттер тойымызға түгел келіп, таң атқанша думандатқанбыз. «Мощный жігітке жолықтың» деп қыздар қызыға да, қызғана да қарап кеткен.


Көп ұзамай біз қызды болдық. Обалы не керек, қайынжұртым өсіп-өнген, адам қадірін білетін, мәселені ашумен емес, сабырмен шешетін, жақсы адамдар еді. Әсіресе енем алтын кісі-тұғын, баласындай қабылдап, білмегенімді үйретіп, барынша қамқорлық танытты. Қызымыз екі айға толғанда оқуымыз басталды да, ата-енеміздің рұқсатымен қалаға көшіп келдік. Жатақханадан жай табылмады. Амал жоқ, Сәбит қаланы шарлап жүріп шеткерек орналасқан жер үйлердің бірінен пәтер тапты. Ол сабақта, мен қызыммен үйдемін. Күздің қара суығы келіп, жалдаған пәтеріміз тегі жылымайтын боп шықты. Ыстық су, газ деген жоқ, баланың киімдерін су жылытуға ерініп, мұздай сумен шайып жүргем. Бір күні ыстығым шығып, омырауым суықтап, мастит боп қалдым. Жерде жатып жүрген қызыма да оңбай суық тиген екен, қанша емдетсек те жөтелі қайтпады.


«Сәбит, бұлай болмайды. Алда әлі суық күндер көп. Көктемге дейін менің әке-шешемнің үйіне барып тұрайық» деп бір-екі мәрте айтып ем, «Маған күшік күйеу бол деп тұрсың ба, өлсем де бармаймын» деп айтқанына қайтпай тұрып алды. Бір күні әке-шешем жағдайымызды білуге келген, ауырып жатқанымызды көрді де әй-шайға қарамай киімдерімізді жинап, төркініме әкетіп қалды.

«Сәбит, папам мен мамам бізді алып кетті, кешке осында кел» деп хабарласып ем, «Маған мені тыңдамайтын қатын керек емес, төркініңе кеткен екенсің, ендеше сонда тұра бер. Ал мен ол үйге бармаймын» деп тұтқаны тастай салды.

Жоқ жерден ұрысып қалғанымызға таңмын. Оның үстіне ауруым мазалап, менің, қызының жағдайын ойламаған күйеуіме өкпем қара қазандай боп, мүлдем хабарласпай қойдым.


Ертеңіне мамам қызымды алып жұқпалы аурулар ауруханасына жатты. Ал мен іріңдеп кеткен омырауымды кестіріп, қатты әбіржідік. Десе де осы уақыт аралығында жағдайымызды сұрап, бізді іздемеген қайынжұртыма қатты қапа болдым.


Ол күндер артта қалды, анасының ақ сүтіне тоймаған күйі қызым бір жасқа толды. Келесі жылы оқуымды қайта жалғастырып, өзімнен бір курс төмен студенттермен оқып, дипломымды алып шықтым. Бұл кезде Сәбиттер бітіріп кеткен, одан сол күйі хабарсыз қалдым. Анам «әйел қырық шырақты», қамыға берме, әлі-ақ бақытты болып кетесің» деп жұбатып қояды. Қайтып келген қызын көріп қабырғасы қайысқан әкем де шамасы келгенше сыр білдірмеуге тырысып жүрді.


Осылай өмір өз заңдылығымен сырғып өтіп жатты. Қызым мектепке барды. Әкесінің жоқтығын білдірмеу үшін бар тапқанымды қызыма жұмсап, жақсы жерде білім алуын мақсат еттім. Қаладағы ең мықты деген жекеменшік мектепке орналастырдым. Таңертеңнен кешке дейін сонда, бастапқыда мектептен шыққанда қуанып, алақайлап келетін.

Бірте-бірте қызымның көңіл-күйі болмай, жиі күрсінетінді шығарды. Менімен бұрынғыдай ашылып сөйлеспейді, сөйлесе қалған күнде де әкесі жайлы сұрай береді. Бір күні шыдай алмай, бәрін жаймен сұрай бастадым.

«Мама, мен папамды көрдім, ол мені мектепке іздеп келді» деп айтып қалды. «Қалай, сен әкеңді көрмегенсің, танымайсың ғой» деймін, аң-таң боп. Сөйтсем біз ажырасқанда енді мектеп бітіріп жатқан қайынсіңлім университетті бітіріп, әлгі мектепке ағылшын тілінен мұғалім боп кірген екен. Қызымның фамилиясын біліп, мектеп әкімшілігінен құжаттарын сұрап, қарап, бауырын тауып алған.


«Бір аптадан бері папам мектепке келеді, маған күн сайын неше түрлі тәттілер әкеп береді. Сізді көргісі келіп жүр, мамаң маған хабарлассыншы деп нөмірін жазып берді» деп қызым тілдей қағазды қолыма ұстатып кетті. Қызымның әкесі туралы айтқанда жайнап кеткен көздері үшін неше жылғы өкпемді ұмытып, бірінші боп телефон соқтым. Кейіннен кездесіп, баяғы күндерді еске алдық.


Ата-анам бізді өздерімен әкетіп қалған соң Сәбит әке-шешесіне «Мен әйелімді сүймеймін. Ол маған керек емес. Ол да басқа біреуді ұнатып қалған сияқты, осымен біздің өмір бітті» деп жалған сөйлепті. Ата-енемнің бізді іздемегені осыдан екен. Байғұс енем немересін бір иіскеуге зар болып өмірден өтіпті. Атам да о дүниелік боп кеткен. Сәбит біреуге үйленген екен, алайда тұз-дәмі жараспай, ажырасыпты.


«Күшік күйеу болмаймын» деп жалған намысқа тырысып, сендерді тастап кете салғаным үшін сегіз жылым өкінішпен өтті. Мені кешірші, жіберген қателіктеріміздің орнын толтырып, қызымыз үшін бақытты болуға тырысайық» деп, әке-шешемнің алдынан өтіп, кешірім сұрап, мені өз үйіне алып кетті. Шүкір, қазір бақыттымыз...»