​«Қыздарым әкесін жылына екі-ақ рет көреді»: оралдық келіншек отбасылы еркекпен байланысқанына өкінеді

0
7 667

«Үйленемін, баланы алдырма» деп алдады»


​«Қыздарым әкесін жылына екі-ақ рет көреді»: оралдық келіншек отбасылы еркекпен байланысқанына өкінеді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Неден қашсаң, соған тап боласың» деген рас. «Ат баспаймын деген жерін үш басады» деген де бар. Мен өз өмірімді мұндай болады деп елестетпедім. Ақ көйлек киіп, сән-салтанатыммен ұзатылам деп армандайтынмын. Бірақ тағдырдың жазуы басқаша болды», - дейді Аяулым есімді оқырманымыз.


Оралдық кәсіпкер келіншек отбасылы еркекпен көңіл қосам деп опық жеп қалғанын айтады. Болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Бұрын мен ол кісімен арамызда болған жағдайды махаббат деп қателесіппін. Маған әке мейірім жетпеген екен. Әкем бізді өзге әйелге айырбастап, тастап кеткен. Сондықтан да өзімнен 15 жас үлкен кісіге көз тігіппін. Неткен ақымақ едім...


Әкем киім-кешегін жинап, үйден кеткенде мен өтпелі кезеңдегі балауса қыз едім. Анам әпкем екеумізді жетілдіру үшін екі жерде тынбай жұмыс істеп, ештеңеден тарықтырмай өсірді. Мектеп бітірген соң әпкем екеуміз де жұмысқа тұрып, анамызға болыстық.


Мен дүкенде сатушы боп істедім. Сол жерге күн сайын нан-пан, темекі алуға кіретін жақсы ағайды бірте-бірте жақсы көріп қалдым. Өздері біздің ауданға енді ғана көшіп келген екен. Әңгімеміз жарасып, таныстығымыздың соңы үлкен махаббатқа ұласты. Өзіме деген ерекше жылулық пен сүйіспеншілікті сол адамның жүрегінен таптым. Алғашында тығылып, ешкімге білдірмей кездесіп жүрдік.


Бір күні аяғымның ауырлағанын білдім. Баланы алдырып тастауға дәтім бармады. Үйдегілерге де тіс жармай жүре бердім. Төрт айдан асқанда бойыдағы өзгерістерді әпкем байқап қойып, анама жария етті. Алғашында анам қатты қайғырды. Реніштен ауыр сөздер де айтты. «Елдің бетіне қалай қараймын» деп мені қалаға, әпкесінің үйіне жіберді. Қызымды сол жақта босандым. Нағашы әпкеме көп рахмет, түсіністікпен қарап, қызымды қырқынан шыққанша бағып берді.


Қызымның әкесі келіп тұрды, перзентханадан да өзі шығарып алды.. Ауылға келгесін де ақшалай қарасып, түнделетіп болса да керек-жарағымызды жеткізіп беретін. Анам байғұс ұрсып, сөйлеп-сөйлеп алады, содан соң жылайды. Сосын қайтадан басылып, мені жұбатады. Әйтеуір мені тағдырдың талқысына тастаған жоқ. Қызымды да ерекше жақсы көріп, бауырына басты.


Бірақ біз тұтқындағы адамдардай өмір сүрдік. Туыстарымыз бізден теріс айналды. Көшеге шығуға ұяламыз, қас қарайғанда ғана қызымды сыртқа шығарып, таза ауамен тыныстаймыз. Басқа уақытта төрт қабырғаға қамалып жатамыз. Дүниеге әкелген сәбиің үшін айналаңнан ұялу, арты қуыс адамдарша өмір сүрудің нағыз азап екенін мен сонда түсіндім.


«Болары болды, бояуы сіңді. Енді қызды маған қалдыр да, дені дұрыс еркектің етегінен ұстауға тырыс» деп анам қанша айтты. Тыңдамаған өзімнен де бар. Қызым бір жасқа толғаннан кейін әлгі кісімен қайта кездесе бастадым. Сезімді бағындыра алмадым. Ол кісі де мені ерекше еркелететін. Бірақ махаббатымыздың екінші кезеңі де менің жүктілігіммен аяқталды. «Баланы алдырып тастаймын» деп жылап ем, «Мен саған үйленемін, сәл шыда. Бәрі жақсы болады» деп сендірді. Сөйтіп қызымды алып қаладағы әпкесінің үйіне көшіріп апарды. Бір аптадан кейін келіп, бір жылға пәтер жалдап берді. Сол жерде екінші қызымды босандым. «Үйленеміз деп едіңіз, қашан?» деп қылқылдай берем. Басында үндемей құтылатын. Кейін «Аяу, мен отбасымды тастай алмаймын. Бірақ сені де сүйем, іштегі баланы алдырып тастамас үшін осылай айттым. Сені басқа біреумен көргім келмейді» деп кешірім сұрады. Сол күні біз ренжісіп қоштастық.


Ол көпке дейін оралмады. Біраз уақыттан соң қайтып келді. «Мен сендерді тастамаймын. Пәтерақыңды, басқа ды шығындарыңды өзім көтерем. Оқуға түс, ақшасын мен төлеймін. Диплом ал, өмірден өз орныңды тап» деп кеңес берді. Обалы не керек, уәдесінде тұрып, айтқанының бәрін орындады. Тіпті кейін ескілеу үйден бір бөлмелі пәтер әперді. Кейін қаланың ортасынан кішігірім сән салонын ашып берді. Біраз жылдан соң оны өз күшіммен үлкейтіп алдым. Үйді де жаңасына ауыстырып, жағдайымды түзеп алдым.


Қыздарымның әкесін жылына екі мәрте көреміз, Жаңа жылда, Наурызда бас сұғып кетеді. Оның келгеніне екі қызым қатты қуанады, бірақ шығарып салғанда қиналады. Кешегі мерекеде «Енді бізге алаңдамаңыз, қыздардың жүрегін ауыртып келе бермеңіз» деп қарым-қатынасымызға түбегейлі нүкте қойдым.


Сезім өткінші екен. Ол кісіге деген алып-ұшқан сезім баяғыда басылған. Сол кезде еркімді тұсаулап, қатарластарым секілді өз теңіме тимегеніме өкінем. Өмірде мен секілді адасып жүрген қыздар бар шығар. Соларға айтарым, менің қателігімді қайталамаңдар. «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген рас, отбасылы еркектен опа таппайсың...»