«Қызым абысынымды «МАМА» дейді»: алматылық келіншек өкінішін айтты

0
2 425

​«Бізде бәрі бар, енді тек қызымыз ортамызда болса жетеді...»


«Қызым абысынымды «МАМА» дейді»: алматылық келіншек өкінішін айтты

Фото: znews-photo.zadn.vn

«Мен жұмыс қамымен негізгі құндылықтарды шетке ысырып жүргендерге ой салса екен деген мақсатта өз өмірім туралы айтқым келеді. Өкінішім 2022 жылдан бастап кейбіреулердің ойын, көзқарасын өзгертсе екен», - дейді Нұрия есімді алматылық келіншек.

Айтуынша, қазір онда бәрі бар. Бірақ бір өкініші бар. Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне кеңінен айтып берді:


«Мектепті бітірген соң, аудан орталығындағы кафелердің бірінде даяшы боп жұмыс істеп жүрдім. Күйеуіммен сол кафеде танысқанмын. Ол да даяшы еді. Бір күні ол үйленуге ұсыныс жасады, мен келістім.

Қара шаңырақта тұрып жаттық. Онда бізден басқа абысыным мен қайнағам, олардың төрт баласы және ата-енем бар. Мектепте оқитын бір қайным мен қайын сіңлім де бар. Бес бөлмелі кішкентай үйде осыншама жанмен қалай бірге тұрғанымызды қазір ойласам таң қалам.

Тапқан-таянғанымыз тек тамаққа жұмсалды. «Бұл түрімізбен қашан өз үйіміз болады, қашан өміріміз өзгереді» деп жүргенде екі жыл зулап өте шықты. Мен үшінші жылы құрсақ көтердім. Қызым бір жасқа толғанда күйеуімнің бір сыныптасы Кореядан қоңырау шалды. Ол жаққа кеткеніне үш жыл бопты, айтып жатса жағдайын жасап алған. Өзі Кореяда, бірақ табысын ата-анасына жіберіп тұрады екен. Олар қаладан бұған екі бөлмелі пәтер сатып алып қойыпты. Қымбат көлік те алыпты, оны бұл жақта әкесі айдап жүрген көрінеді. Үйленуге, тойға жинағанынан бөлек ақша топтап қойыпты.

Сол күннен бастап мен күнде күйеуімнің миын жей бастадым. «Сен де барсайшы. Үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады» деп айта бердім. Күйеуім келісіп, шетелге шығатын паспорт жасатып жатқан. Бір күні енем «Бірге барасыңдар, ерлі-зайыптылардың бөлек жүргені болмайды. Немесе мүлде бармайсыңдар» деді. Абысыным «Қызың біздің балалармен бірге өсе береді, қараймыз ғой. Өз үйлерің болғаны дұрыс. Қайның да екі-үш жылда үйленеді. Бәріміз мынау үйге сыймаймыз» деп сөзге араласты.

Ауылда жүре бергеннен ешнәрсе өзгермейді. Кореяға кетуге дайындалдық. Несін айтайын, қызымызды ата-енеме тастап, Кореяға жол тарттық. Бастапқыда басқа ел қызық болды, қала араладық. Одан кейін жұмыстан шаршап, ауылды, қызымды сағына бастадым. Күнде жылаймын. Қайтқым келеді, бірақ не үшін мұнда келгенімізді еске түсірем де қайтадан жұмысқа кірісем.

Ай сайынғы табысымыз жақсы. Ауылға жіберіп тұрдық. Қайнағам мал сатып алып отырды. Мал көбейген соң үлкен қора соғу керек, малдың жем-шөбіне де ақша қажет. Тапқанымыздың бәрін жіберіп отырдық. Бір жарым жылдан соң енемнен «Біз жіберген ақша қанша болды? Баспана алуымызға жете ме?» деп сұрадым. Елге қайтпақ болғанбыз. Енем үйдің шатырынан су өтіп жатқанын, шатырын ауыстыруға біраз ақша жұмсалғанын, үй тар болғандықтан есік алдынан екі бөлмелі времянка салғанын айтты. Одан бөлек, үйге газ кіргізіпті, жиһаздарды жаңалаған... Қысқасы, біздің ақшаны өз игіліктеріне жұмсаған. Ашуымыз келді, бірақ оларға не дей аламыз?..

Күйеуім екеуміз сол күннен бастап ауылға ақша салмадық. Өзіміз жинадық. Әрине, адам болған соң ауырамыз, ал Кореяда емделу қымбат тұрады. Дәрі-дәрмек бағасы да, пәтерақы мен азық-түлік те қымбат. Жалақы жақсы болғанымен, табысымыздың көп бөлігі осындай қажеттіліктерге кетті.

Жалпы алты жылдың өтіп кеткенін байқамадық. «Енді елге барамыз да бәрін аламыз. Тыныш әрі бақытты өмір сүреміз» деп ойлағанмын. Адам ойлағандай бола бермейді екен ғой... Қызымыз бізді танымады, жатырқап қашады. Абысынымды «мама» дейді. Ата-енем де, абысыным да «Сенің әке-шешең осылар» деп бізді көрсетсе, «Жоқ» деп жылайды қызым. Енем «Ес кірген соң сендерді мойындайды. Қазір кішкентай ғой, психологиясына ауырлық салмаңдар, осы үйде жүре берсін» деді...

Ауылдан бір үй, қаладан төрт бөлмелі пәтер сатып алдық. Күйеуім сол кездегі ең мықты көлікті мінді. Малдарымызды ауылдағы үйде ұстап, малшы жалдап қараттық. Ал өзіміз қалаға көштік. Азық-түлік дүкенін жалға алып, сауда жасадық. Бізде бәрі бар, енді тек қызымыз ортамызда болса жетеді.

Қызымызды қалаға алып келдік. Киім, ойыншық, тәттілерді алдына тостық. Ал ол тамақ ішпей, ішқұса боп жаман ауырды. «Мамаға барам» деп түнімен жылап шығады. Амал жоқ, қайтадан ауылға апардық оны. Қызымның мені танымағаны, бөтенсінгені ауыр тиді. Сол кезде қатты күйзеліске түстім. Соның салдары ма екен, айлық белгім тоқтап қалды. 30 жаста климакстың басталуына сенгім келмеді.

Дәрігерге тексерілдім. Арнайы дәрінің көмегімен айлық белгіні «шақырдым». Дәрінің көмегі болды, бірақ үш айдан соң қайтадан тоқтап қалды. Сол уақытта күйеуім «барлық жағдай бар ғой, тағы қыз, ұл тусай» деп қолқалап жүрген. Мен оған айлық белгімнің тоқтап қалғанын, ал ол тоқтаса әйелдің бала туу мерзімі де тоқтайтынын айта алмадым. Өйткені әлі жаспын. Емделуге болады деп ойладым.

Екі-үш жылдай үмітімді үзбедім. Бірақ климакстың емі жоқ екен. Тым болмаса қырық жасқа дейін бір ұл туып алсам деп ойлаған едім. Енді ол ойым тек ой жүзінде қалды.

Қызым сол күйі бізді бөтенсиді. Бәлкім, біздің ата-анасы екенімізді білетін шығар, дегенмен ол үйреніп қалған үйінен ешқайда кеткісі келмейтінін түсінем. Студент болғанда ма әйтеуір бір «мама» деп атар мені деп көндіктім жағдайға. Дегенмен, қызымның бөтенсіп басқа үйде өсіп жатқаны мені уайымға салды. Одан бөлек, отызға толмай жатып басталған климакс та ойландыра берді. Көп ойлана бергендіктен бе, басым жиі ауырады, у-шу жерлерден жылдам кетіп қалам. Ұрыс-керіске де шыдай алмайтын болыппын. Қазір мен үшін ешнәрсе қызық емес. Екі күннің бірінде аурумын...

Түсінгенім, өмірдегі ең басты байлық – денсаулық пен бала екен. Осы екі байлық қана адамға шынайы бақыт сыйлай алады. Осыларды қадірлеңіздер!»



Ұқсас оқиғалар:


«Ағамның ажырасып кеткен әйеліне үйленгім келеді»: алматылық азамат экс-жеңгесіне ұсыныс жасағанын айтты


«Әйеліме қарауға қорқамын»: ақтаулық азамат әйелінің түрінен шошынып жүргенін айтты