«Кішкентайымыз жатырқап бармай қойды»
көрнекілік үшін сурет интернеттен алынды
Отбасылық өмірде болатын оқиғаның түрі көп. Бірінде ұрыс-жанжал, екінші бірінде материалдық жағдай, тағысын тағылар... Ал бұл азамат өзінің 25 жыл отасқан жарының қазір қиын күндерді бастан өткізіп жатқанын айтып көмек сұрады.
«Мен де қарсы болмадым. Бірақ бекер еттім, қарсы болуым керек пе еді деп енді ойланып қалдым. Бұлай болады деп тіпті үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті», - деген ол бәрін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
Айдың-күннің аманында осындай жағдайға тап боламыз деп ойламадық. Бес баламызды дүниеге әкеліп, үйде отырған әйелім биыл ғана отбасындағы шаруадан қол үзді. Үлкен ұлым келін әкеліп, қолы ұзарған.
- Әйелдің әдеті емес пе, «жұрттың әйелі» деп еліктегіштеу келетіні. Оның үстіне әбден үйде отырып қарайып қалды ғой деп жұмысқа тұрғызғанбыз. Осы уақытқа дейін бір рет те болсын «мен жұмыс істеймін, үйде отырып қалдым» демеген екен. Ұл-қыздары «енді өзіңіз үшін де өмір сүрсеңізші» деп қолдап отырған соң бір құрбысының салонына жұмысқа кірді. Әйтеуір көңілі тоқ, көңілді жүрген.
Көктемде аяқастынан ой бұзылды. «Қабағым салбырап кетті, тартқызып кішігірім ота жасатамын» деді. Оны келін де қолдап, қазіргі заманның технологияларын айтып жатқан. Ондайларын қайдан түсінейін, «көзім ашылып қалады, аса қауіпті де емес» деген соң жарайды дегенмін.
Одан да сол салбыраған қабағымен, әжімімен жүре бергені дұрыс еді. Үйге келгенде үш жастағы кішкентайымыз түріне қарап жылап бармай қойды. Шынымды айтсам, өзім де алғаш көргенде шошып кеттім. Көзі шүңірейіп кеткен бе, әлде бақырайып тартылып қалған ба, не керек сәтсіз шығыпты.
Көңілі үшін «жарайды, жақсы» дедік. Бірақ бала-шағасының барлығының түрінен жаратпай қалғаны сезілді. Өзі де «ісігі тараған соң жақсы болады» деп өзін жұбатқанмен көңілі орнына түспеді. Оған кеткен ақшаны қойшы, құдайдың берген тәні мен жарасымдылығын бұзғанның дұрыс емес екеніне көзі жетті ме, көпке дейін көңілсіз жүрді.
Түрі өзгеріп кеткен әйелімнің ол отасына да күтім керек екен, әлі қиналып жүр. Бірақ енді кеткен нәрсені қайта қалпына келтіру қиын болатын сияқты. Не де болса көңілі түспесін деп қараймыз. Бәрібір бұрынғы түр-келбетіне жетпейді, оны өзі де сезіп жүр. Өкінеді, бірақ амал қанша?
Амалын қарастырып жатырмыз, бірақ екінші рет ота жасатуға өзі де, біз де қорқып отырмыз. Дегенмен көмектесуге болар ма екен?!
Айналайын, әйелдер қауымы. Құдайдың бергеніне тиіспеңіздерші дегім келеді, - деп бір жағынан тілегін де айта кетті ақтаулық азамат...
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
Күйеуім «ДРУГ ВОКРУГ-тағы келіншектермен кездеседі»: жас келіншек не істерін білмей жүр