«ҚЫЗЫМның сөзі ЖЫЛАТТЫ»: шымкенттік ана өз перзентінен сөз естіген

0
3 133

Оның айтуынша, көп әйелдің бақытсыздығының негізгі себебі осында.


«ҚЫЗЫМның сөзі ЖЫЛАТТЫ»: шымкенттік ана өз перзентінен сөз естіген

Айналаңыздағы аналардан «Бірінші кімді сүйесіз? Екінші ше? Үшінші...» деп сұраңызшы. 90 пайызы «Ұлымды, қызымды, күйеуімді» деп жауап береді. Ал әлемге белгілі суретші-ана Фрида Кало «Бірінші өзіңді сүй, екінші өзіңді сүй, үшінші кімді сүйсең оны сүй» деген екен. Кімдікі дұрыс? Адам ең бірінші кімді сүюі керек деп ойлайсыз?


ERNUR.KZ тілшісінің бұл сұрағына жауап берген аналардың ішінде шымкенттік Жәудірдің сөзі ойға шомдырды. Өмірінің көбі өтіп азы қалған ананың жауабын қаз-қалпында жариялап отырмыз.


Ол былай дейді:

«Өмірімнің бел ортасынан асып барамын. Абай атамыз айтпақшы «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүлдей», талай тауқыметті бастан өткіздім. Өмір тәжірибемнен түйгенім, түсінгенім, бақытты болғысы келген әйел ең алдымен өзін қатты жақсы көруі керек екен.

Бұл басқаларды жақсы көрме, эгоист бол деген сөз емес. Қиын жағдайда балаңды, бауырларыңды, күйеуіңді ойлама, тек өз қамыңды жаса деген де емес. Жақсы көру – бақытты болу. Бақытты әйелдің баласы да, отбасы да бақытсыз болмайды.

Айтпақ ойымды өз өмір жолымды баяндай отырып түсіндірсем, неге әйел бәрінен өзін артық жақсы көру керек екені ұғынықты болар.

20 жасымда жүрек қалауымен тұрмысқа шықтым. Оны қатты сүйгендіктен «Оқуымды бітіргенше күт» немесе «Оқуымды жалғастыруға қарсы болмасаң мен сендікпін» дей алмадым. Әйтпесе кез келгеннің қолы жете бермейтін медицина институтында оқып жүргем. Оқуымды орта жолда тастап, күйеуіммен ауылға кете бардым.

Оның ішімдікке жақын екенін қалай байқамағанмын? Екі күннің бірінде ішіп келіп көкала қойдай етіп тепкілеп тастайтын болды. Жуан жұдырығы нәзік денеме тиген сайын жүрегімдегі махаббатым сөніп бара жатты. Бір күні сезімнен жұрнақ та қалмады. Сол кезде мен онымен бақытты бола алмайтынымды түсіндім. «Адасқанның алды жар, арты соқпақ» демей ме? Нақты шешім қабылдай алмай қиналдым. Көп ойланып бақытты баладан табармын деп, өзімді тоқпаққа көндірдім.


Бірақ құрсағыма бала бітпеді. Мүмкін бұл «Ажырас, өміріңді арашала» деген белгі шығар, алайда мен үмітімді үзбей жүре бердім. Он жыл өтті, құрсақ көтере алмадым. Ақыры ажырастық.


30 жасымда мамандықсыз, баласыз, күйеусіз қалғанда өзімді нағыз бақытсызға баладым. Отбасылық өмірге асыққанымды қайтейін, ол жерден тым болмаса бала да таппадым. Осы кезде оқуымды тастап кеткеніме шын өкіндім. Уақытты кері қайтара алмайтынымды түсіндім де, оқуды біржолата ұмыттым. Күйеуден көңілім қалғандықтан, тұрмысқа шығуды емес, бақытты баладан іздедім. Өзім үшін бала туып алам деп ойладым. Алайда тағдырдың жазуымен 33 жасымда екінші рет тұрмысқа шықтым.

Фото: attuale.ru

Екінші күйеуім өте жақсы адам боп жолықты. Жүрегімдегі мұз еріп, қайтадан бүршік жарды. Көп ұзамай ана атандым. Құдай адамды бақытты етем десе бір пәсте екен ғой, әйел бақыты мен ана бақыты қатар келгенде, қанат біткендей қалықтап жүретінмін. Бірақ қызым екі жасқа толғанда күйеуім бұзақылардың қолынан қаза болды. Етегім жасқа толды.

Қызым үшін күш жинап, орнымнан тұрдым. Тағдырлас ер-азаматтар жолықты. Бірақ мен өз бақытымды емес, қызымды ойлап, қайтадан тұрмысқа шықпадым. Тіпті ешкіммен қыдырмадым да. Қызым өскенде "Сенің анаң..." деген жаман атты естірткім келмеді. Ол менен ұялмайтын ана боламын деп, тура жүріп, адал нан жегіздім.

Қызымды өсіру үшін қолымнан келген барлық жұмысты істедім. Жұмыстан қолым қалт етсе, бос уақытымды қызыма арнауға тырыстым. Оның оқуына, тәрбиесіне арнаған уақытым ертең алдымнан шығады, перзентімнің шыққан биігі бақытқа бөлейді деп сендім.

Жан бағу, мал табу оңай емес. Мүмкін мамандығым болса, баспанам болса соншалықты қиналмас па едім, кім білсін?! Жан бағу үшін ыдыс та жудым, көше де сыпырдым, тігін де тіктім. Күнді күнге жалғап жүргенде қызым бойжетті. Мектепті бітіріп студент атанды.

Ортасы өзгерген қызымның мінез-құлқы да біртіндеп өзгере бастады. Құрбы-достарына мені «анам» деп таныстыруға ұялатын болды. Бірақ ол әйел әдемі боп жүру үшін де қаражат керек екенін түсінбеді.


Сұраған ақшасын тауып бере алмай қалсам, «Жалғыз қызыңды асырай алмайсың ба? Өзің қатарлы әйелдердің 4-5 баласы бар, бәрін ешкімнен кем етпей өсіріп отыр» деп, мен басқалармен салыстыратынды шығарды. «Қызым-ау, олардың табыскер күйеуі бар. Мен...» дей бастасам, «Осы уақытқа дейін жақсы бір еркекке тиіп алсаң, кім қой деді? Бір еркекті өзіңе қарата алмаған өзің кінәлі» деп, айыптап шығады.


Қызым екінші курста жүкті боп қалды. «Кім ол? Енді не істемекшісің?» деп сұрап едім, қызым «Мама, өміріме араласпашы. Аборт жасатамын» деп, есікке беттеді. Аборттан соң екінші рет жүкті бола алмай қалуы мүмкін екенін ескертіп, аналық ақылымды айтып соңынан ілесіп сыртқа шықтым. Сөйлеп жатырмын, мақсатым қызымды қайтару ғой. Ал ол «Өз өмірін құра алмаған ана жөні түзу ақыл айта алады деп ойламаймын. Егер ақылды болсаң, неге өз өміріңді түзеп алмағансың? Жасыңыз 50-ден асты, не үйің, не күйеуің, тәуір киімің де жоқ. Қандай жетістігің бар айтшы. Осы уақытқа дейін өміріңді жөндемегенде не істедің? Бітірген түгі жоқ адамның басқаларға ақыл айтуға құқығы да жоқ. Анам деп айтуға ұяламын...» деді. Шыдай алмадым, бетінен шапалақпен тартып жібердім. Қызым жыламады, бірақ мен жылап қалдым. Шындық шымбайыма батқаннан ба, еңбегімнің бағасыз болғанына ма, әлде қызыма алғаш рет қол көтергеніме өзімді кінәлап па, әйтеуір жылап жаттым... Ұзақ жыладым... Өксіп жыладым...

Мен тек сол деп өмір сүрдім емес пе?! Өзім қатарымнан қалсам да, қызым қатарынан қалмасын деп, өзімді қызықтан да, сәнді киімнен де, барлық қалауымнан да тыйдым. Ол болса «Өз өміріңді құра алмадың. Ешнәрсең жоқ» деп айыптайды. Мен ше, кімді, нені айыптайын?..

Шынымды айтсам, қызым өмірге келгелі өзімнің әйел екенімді, адам екенімді, бар екенімді ұмытыппын. Өзіңді ұмытып, бүкіл өміріңді, махаббатыңды, уақытыңды арнаған адамның сені кемсіткенінен, жер бетіндегі ең қор, сорлы адамға теңеуінен ауыр нәрсе жоқ екен.

Мүмкін мен өзімді қатты жақсы көргенде, бәрі де басқаша болар ма еді деп ойлаймын. Өйткені өзін жақсы көрген адам өзін ұрғызбайды, жоқшылықта өмір сүрмейді, өзін өзгелерге, балаларына сыйлата біледі. Өзін сүйген адам әрқашан сүйікті, ол ешқашан жалғыз қалмайды...»

Жәудір бақытсыздығын өзіне-өзі ешқашан махаббатын арнамағандымен, басқаларды өзінен тым жоғары санағанымен байланыстырады. Ал сіз қалай ойлайсыз?


Ұқсас оқиғалар:


«Кетіп қалғым келеді»: Жалқау күйеуінен шаршаған әйел күйзеліске түскен

«Жас келіннің қолтығынан бала тумаған әйел ұстамайды»: Елордалық келіншек сыры мен ренішін жайып салды