​«Маған алтыншы қыз керек емес, құрт көзін!»: бес қыздың анасы күйеуінен көрген қорлығын айтып берді

0
2 281

"Күйеуіме тоқал әперіп, «саған осы әйел ұл туып береді» деп құтылайын ба?"


​«Маған алтыншы қыз керек емес, құрт көзін!»: бес қыздың анасы күйеуінен көрген қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Артық айтсам Алла кешірсін, күпірлігім емес, бірақ кейде Құдайдың бір ұлға зар етіп қойғанына ішім ашиды. Алты қызымның біреуі ұл болғанда мұртымды балта шаппас еді», - дейді Нағима есімді келіншек.


Күйеуінен күнде таяқ жейтін келіншек отбасындағы ахуалды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жасым отыз екіде. Күйеуім екеуміз бір-бірімізге сүйіп қосылдық, бір ауылдан, құрдаспыз. Мектеп бітірген соң екеуміз арман қуып қалаға келдік. Қысқасы, жұбымыз жазылған жоқ.


Үйленген жылдары күйеуім өте жақсы адам еді. Маған ауыр тірліктерді істетпей, жылма-жыл туған төрт қызына әкелік мейірімін төгіп, барынша қамқор боп жүретін. Бесінші қызымды дүниеге әкелгелі бері айныды. Біреу оқытып, миын айналдырып қойғандай тура. Мен оның көзіне құбыжық, қыздары «қаншық» болып көрініп жатыр. Не істерімді білмеймін...


Құдай біреулерді бермей қинайды, ал маған алтыншы перзентті сүюді нәсіп етіпті. Аяғымның ауырлағанын естігенде күйеуім «Атадан жалғыз ұл едім, осы жолы ұл туып беретін шығарсың» деп үміттеніп жүрді. Белгіленген уақытта менімен ілесіп УЗИ-ге барды. Дәрігердің ұзақ тексерісінен кейін «сіз қыз туасыз» деген жауапты естідік. Күйеуім сол жерде сабап тастады. Дәрігердің арашалағанына да қараған жоқ. «Мына қызды тумайсың, қазір мен ұрып өлтіремін. Маған алтыншы қыз керек емес, көзін құрт!» деп ішімді жұдырығымен ұра бастады. Дәрігерлер дереу мені сақтандыру үшін ауруханаға жатқызып қойды. Бірақ ол жер ары кетсе он күн ұстар, сосын амал жоқ үйге қайтасың ғой.


Үйге келсем күйеуім ішіп алған екен, бес қызымның тойып тамақ ішпегеніне де біраз болған-ау, екі күн бұрын қайынсіңлім келіп тамағын істеп беріпті. Үстері кірден көрінбейді, мені көріп «мамалап» жылап жіберді.


«Келдің бе, шешең... Бесеуін маған тастап, курортта жатып келген сияқтысың ғой. Ішіңдегіні алдырттың ба?! Алдыртпасаң өзім бір әрекетін жасайын» деп тағы тепкілеп тастады. Бес қызым «әке, қойыңызшы» деп араша түспегенде өліп кетер ме едім. «Қуаныш, басымыз жас қой, саған ұл туып бергенше тоқтамаймын» деп аяғына жығылып, ашуын әрең бастым.


Жақында құдастарымызбен бір отырыста бас қосқанбыз. Сонда еркектер «Қуаныш, осы бастан қыздарыңа дүние жинап, дайындалмасаң болмайды. Қыз деген қып-қызыл расход қой» деп ұшындырып жібергені. Үйге келген соң «Үсен дұрыс айтады, ертең мыналарың бір-бір еркектің артынан өз жөндерімен кетеді. Дым пайдасы жоқ адамдарды асырап отырмыз. Ал мені кім ойлайды? Артымда қалар ұрпағым жоқ. Кет! Мына қыздарыңды көзіме көрсетпей алып кет! Мен ұл туып беретін басқа қатын аламын» деп тағы сабап тастады.


Қуаныштың ішіп алса үйді қоса қирататын әдеті бар, үйде сынбаған ыдыс жоқ. Бәрі бітті. Бірде, кезекті ұрыс-төбелес үстінде «Мен сендерді осы үйде өртеп кетемін» деп пердемізді өртеп, шырылдап жүріп әрең өшіргенбіз. Содан кейін мен күйеуімнің ақыл-есінің бүтіндігінен күмәндана бастадым.


Болған жағдайды енеме айтып едім, «Еректі алдап жеңу керек. Өзің де бірдеңе дейтін шығарсың? Екеуіңді мен қосқан жоқпын. Бір еркекті ырқыңа көндіре алмасаң кімге өкпелейсің?» деп сылап-сипап шығарып салды.


Шынымды айтсам, өмірден шаршап кеттім. Жарытып табыс та таппайды, соңғы кезде айлығын көрсетпейтін де болды. Кейде нан алып жеуге ақша таппай қаламыз. Есін біліп қалған қыздарым «Мама, папам неге жаман адам болып кетті?» деп сұрай береді. Не деп жауап берерімді білмеймін.


Бес қызымды жетектеп қазір қашып кеткім келеді. Бірақ кімге сыямын, қайда барамын. Төркінімнің қабылдай қоймасы анық, өздерінде бала көп, ұрысып-төбелесіп жатса жеңгеммен қырғи-қабақ болғым келмейді. Ал сүйіп қосылған күйеудің түрі мынау.


Күйеуіме тоқал әперіп, «саған осы әйел ұл туып береді» деп құтылайын ба? Ондай жағдайда аядай ғана екі бөлмелі пәтерде қалай өмір сүреміз? Бізді асырай алмай отырған күйеуіме тоқал болар қыз табылар ма екен?


Басым қатып кетті, қысқасы. Кеңес беріп, ақыл айтар жан бар ма?»