​«Мен құдағимын, маған шәйнек беріңдер!»: алматылық әйел жаназада шу шығарған құдағиын түсінбей отыр

0
3 738

«Бір пакетке бүкіл ас-ауқатты салып алып кетеді»


​«Мен құдағимын, маған шәйнек беріңдер!»: алматылық әйел жаназада шу шығарған құдағиын түсінбей отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазақ «Жақсы құдағи сырласыңдай» деп құдағиды Құдайдай сыйлаған ғой. Мен де шамам келгенше құдағиларыма ізетімді жасап, қыдырып келсе дастарханымды жайнатып күтіп, шығарып салып тұрамын. Бірақ, бір мәселе бар. Соны сіздерге айтып, көпшіліктен ақыл-кеңес сұрағым келеді», - дейді Айсара есімді алматылық әйел.


Айсара ең кіші ұлының енесіне ренішті. Құдағиының ұятқа қалдырып жүргенін Айсара ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Екі қыз, бір ұлым бар. Өзім зейнеткермін. Екі баламызды үйлендіріп, қызымызды құтты орнына қондырған бақытты анамын.


Үлкен баланың енесі - құдағиым Ақтауда тұрады. Жылына бір мәрте көрісеміз, сондықтан шығар, бір-бірімізге сырымыз да, жырымыз да құпия. Сыйымызбен араласып тұрамыз. Обалы не керек, мереке сайын сәлем-сауқатын салып жібереді. Біз де әр мерекені елеусіз қалдырмаймыз. Сыйластықтың дәнекері емес пе, ол жағынан қолым ашық.


Қызым Таразға тұрмысқа шыққан. Алматыға жақын ғой, олармен де жиі бас қосамыз. Құдағиым аңқылдап қалған, ақкөңіл жан. Қызымды өз қыздарынан кем көрмей, алақанына салып отыр.


Бар мәселе менің кіші келінімнің анасында болып тұр. Ол кісі өзіміздің ауылдың адамы. Кенже ұлым үйленемін дегенде «балам, үйленсең осы жақын жерден алшы, құда-құдағимен араласып тұрған да бір ғанибет екен ғой. Екі құдамыз да басқа қалада тұрады» деп назымды айтып едім, сөйлесіп жүрген қызы өзіміздің ауылдан болып шыққанда шын қуандым. «Сапаркүл деген той-томалақтың гүлі ғой, отырған жерін жандырып жібереді, аңқылдап қалған әйел» деп құдағиымды тойға дейін ұнатып қойып ем. Сөйтсем сыры мәлім деп жүрген жанның мен білмейтін «өнері» көп екен.


Ең алғаш рет келін алып, құдаларды үйге шақырған кезде аң-таң болғанмын. Өзі біздің үйге алғаш рет қадам басып отыр ғой. Сонда да еш ұялмастан сумкасындағы пакетті ашып жіберіп дастархандағы ас-ауқатты көпшіліктің көзінше тыңқитып салып алды. «Құдағи сіздердің әндеріңізді тыңдап, әңгімелеріңізге көңіл бөліп отырып ештеңе жей алмадық. Мыналарды үйге барып, шаймен ішеміз» дегенде аузым ашылып, сөз түспей қалған.


Сөйтсем мұндай әдет Сапаркүл құдағиымның қанында бар екен ғой. Бірде ағайын атамыз қайтыс болып, бүкіл жекжат жаназаға жиналған. Ондай жерде жыртыс тарататын әдет емес пе, ағайын атамыздың үйіндегі қыздар құда-жекжаттарға деп шәйнек алыпты, былайғы жұртқа шай ішетін кесе тарқатқан. Менің Сапаркүл құдағиым жаназаға елдің соңынан келіп қалды да, оған кесе ұстатыпты. Бәріміз әлгі үйде қызмет етіп, қазан-ошақтың басында жүргенбіз, «Жеңеше, сіздің құдағиыңыз шу шығарып жатыр» деп әйелдер жүгіріп келді. Барсам, сорың құрығыр құдағиым «Мен бұл әулетке құдағимын, «ауылдағының аузы сасық» деп мені менсінбей отырсыңдар ма? Неге маған шәйнек бермейсіңдер?» деп бөлмеде отырған әйелдерге айқайлап сөйлеп отыр.

«Құдағи кеш келіп қалдыңыз, шәйнек қалмап еді» деп келіндер ақталумен әлек. Бірақ оған қысылып отырған құдағи жоқ, алдында тұрған ас-ауқатты пакетке аударып салып, орнынан тұрып шығып кетті. «Құдағиыңыздың аппетиті жақсы екен, помидор салатты да салып алды» деп келіндер кеңкілдер күліп алды. Ана жерде ұяттан жерге кіріп кете жаздадым.


Таяуда қайным келін алды, «жеңеше, үйдегі келіннің анасын ерте келіңіз, әнін айтып, отырысты қыздырып отырады ғой» дегесін амал жоқ, бірге ертіп барғам. Тағы да бетімнің отын шығарды. Сол баяғы әдеті ғой. Қайным бірінші тамаққа қуырдақ, екіншісіне ет ауқат, үшіншісіне кәуап әзірлетіпті. Дастарханды лық толтырған. Кесе қоятын орын жоқ. Екінші тамақты жеп болған соң құдалар қоржын ашатын болып сыртқа шықты. Абыр-сабырда ештеңені байқамаппын.

«Абысынымның құдағиы бір қоржынды ашсын, жолы үлкен» деп келінім сөйлегенде ғана Сапаркүлдің жоқ екенін байқадым. Бір қарасам, масқара-ай, залдағы дастарханнан қолына түскенін салып алып жатыр ғой. «Құдалар қазір қайтып кіреді-ау, мына жер опырылып қалады-ау, мен бұл әулетке құдағимын ғой, ұят» деген нәрсені түсінбейтін сияқты. Менен де қысылып тұрған жоқ, «үйде балалар аш отыр, мынаның бәрін кім жейді, сыбағамды алып алайын дедім» деп өзі дайындап келген пакетке салатпен тәттіні, тамақ пен бауырсақты араластыра салып алды.


Осы жағдайдан кейін үнсіз қалмадым, үйдегі келінге «Құдағидың алымы жақсы екен. Алатын жер болады, алмайтын жер болады, соны түсінбейді-ау деймін. Кеше қайынағаңның үйінде сөйтті» деп болған жағдайды айтып едім, келінім маған ренжіп қалды. «Елдің бәрі алады, жемейтін адам жердің астында шығар? Менің мамамның алған төрт тоқашы көзіңізге түсіп қалды ма? Ауқатын қызғанса неменеге шақырды?» деп бұрқылдап орнынан тұрып кетті.


Енді отырмын, келіннен кешірім сұрарымды да, сұрамасымды да білмей. Құдағиымның өзіне мұндай қылығының жөнсіз екенін айтайын ба, әлде үндемей жүре бергенім дұрыс па?»