​«Мамам қарғайды, әкем аямай ұрады»: студент жігіт ата-анасынан көрген зәбірін жайып салды

0
9 286

«Үйленейін десем, әйелімнің көзінше таяқ жеймін бе деп қорқамын»


​«Мамам қарғайды, әкем аямай ұрады»: студент жігіт ата-анасынан көрген зәбірін жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ішкенім – алдымда, ішпегенім – артымда. Сырт көзге менен бақытты адам жоқтай. Ал шын мәнінде ең бақытсыз адам мен сияқтымын. Себебі өз әке-шешеме шыбын құрлы қадірім жоқ», - деп күйінеді Аян есімді жігіт.


Жиырма жастағы студент ешкімге айтпаған жан сырын ERNUR.KZ тілшісімен бөлісті.


«Бес жасқа келгенше жалғыз болдым. Менен кейін шешем бала көтере алмай, біраз жүрді. Сондықтан болар, бес жасқа дейін әке-шешем әбден еркелетті. Негізі бақуат тұрамыз, әкем кәсіпкер, анам үйдің шаруасында. Қарындастарыммен ештеңеден тарықтырмай өсіріп жатыр. Киімім таза, қарным тоқ. Бірақ сонда да маған бірдеңе жетпейді. Ол – мейірім. Ата-ананың балаға деген мейірімін бес жастан кейін мүлдем көрген жоқпын.


Мектеп кезінде сабақтан екі алып қалсам, әке-шешемнен оңбай таяқ жейтінмін. «Сен адам болмайсың, оңбаған, мал! Ертең алқаштар құсап көшеде аунап немесе түрмеде жатасың, тұқымың бұзылғыр» деп мамам оқтаумен қуып жүріп сабайтын. Кешке әкем жұмыстан келгенде өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қосып-қосып тұрып әкеме жамандайды. Онсыз да шекесі тырысып келген адам, әлгі сөздерді естіген соң мойнымнан қылқындырып тұрып бөлменің анау басына қарай лақтырып жіберетін. «Неге оқымайсың, басқа қай тірлігің қалып бара жатыр еді? Бұндай топас болады екенсің, ендеше сені күшік кезіңнен құрту керек, барыңнан жоғың» деп жұдырықпен түйреп-түйреп жіберетін. Шынымды айтсам, ата-анама бала ұқсап еркелей алмадым. Ерте есейіп кеттім.


Үйде байқаусызда кішкене ыдыс-табақты сындырып қойсам да, көшеде ойнап үйге сәл кеш қайтсам да, қойшы әйтеуір, азғантай бірдеме бүлдірсем болды, шаңырағымызда айғай-шу, соғыс басталып кететін. Тіпті мамам папаммен ұрысып қалса да ақысын менен алатын. «Сомадай жігіт боп алып неге жатсың, жу анау ыдысты» деп дікеңдегенде бездіртіп жібереді. Мамамның аузы жаман...


Қазір үшінші курстың студентімін. Жігіт болдым. Менімен қатарлы жігіттердің алды үйленіп жатыр. Бойдақтарының өзі күнде қыдырады, достарымен кездеседі. Ал маған ондайға тыйым салынған. Әлі күнге дейін үйде баяғы құқайды көріп келемін. Кейде достарыммен кешкісін қыдырып, түнде үйге кешігіп келсем, әке-шешем оқтау мен жұдырығын дайындап отырады.


«Сен адам болмайсың, кет үйден, сендей баламыз болғанша, болмағаны жақсы» деп үйден талай мәрте қуып жіберген. Тіпті қыстың суық күнінде курткамды алуға мүмкіндік бермейтін. Мен де оларға өкпелеп, қарғап-сілеген ауыр сөздерін көтере алмай, екі-үш күн досымның үйін паналаймын. Ашуы тарқады-ау деп үйге келсең тағы сол айқамен қарсы алады ғой. Шынымды айтсам әбден күйдім, шаршадым.


Басқа балалар секілді арақ, темекі дегендерден аулақпын. Мамам мен папам риза болсыншы деп мектепті де басқа жігіттерден тәуір бітірдім. Сонда да жақпаймын. Бір күні достарыммен қыдырып, үйге кешігіп келсем, мамам ашуланып, оқтаумен әбден ұрды. Тіпті ұра-ұра оқтау да шыдай алмай сынып кетті. Ақырында әбден шаршаған мамам өз туған баласын жылап тұрып қарғап-сілеп отыр.

«Құдай-ай, мынадай бала бергенше қу тіземді құшақтап өткенім жақсы еді. Басыма сор болды ғой, сорлап қалғыр иттің баласы. Құдай саған дәл өзіңдей бала беріп, жазаласа екен. Күйдірдің әбден, көргім келмейді, жек көрем сені» деп жаныма тиетін қарғыстарын жаудырды. Біткен жерім осы шығар дедім. Осыншалықты қарғыс еститіндей не бүлдірдім? Достарыммен қыдырғаныма кінәлімін бе? Жаспын ғой, ойнап-күлгім келеді. Бірақ сол үшін туған баласын қарғауға бола ма?


Осы жағдайдан кейін асылып өлем деп шештім. Үйден кір жайғыштың жібін шешіп алып, көшенің арғы басындағы ағаштың түбіне байладым. Бұл өмірдің мәнісі не? Адамдар бұл өмірге не үшін келіп, не үшін кетеді екен? Мен үшін бұл өмірдің мәні қалмағандай. Туған шешемнің қарғысын естігеннен өлгенім артық деп, талдың астында прес жіптен дар дайындап, асылып қалдым. Бірақ ажалың туралап келмесе өлуің де қиын екен. Жіп үзіліп кетіп ойым іске аспады.


Бір күні үйдегі кезекті айқайдан кейін университетке мас болып бардым. Бір жігіт әп-әдемі қызды құшақтап, алдына отырғызып алыпты. Намысым оянып, әлгіні бір топ студенттің көзінше сабап тастадым. Мұғалімдер арашалап, мені оқудан шығарудың әрекетін жасады. Мұны естіген әкем одан сайын ашуға беріліп, мені ұрып тастады. Шешемнің жаттанды әңгімесін тағы естідім. Қарындастарым шырылдап араға түседі, обалы не керек. Бірақ ата-анам оларды тыңдамады да. Бір таңғалатыным, мамам екі қызына келгенде ерекше мейірімді. «Сағына күткен гүлдерім» деп емірене иіскеп отырады. Осыған қарағанда мені асырап алған жоқ па екен? Олай ойлайын десем, шешемнің маған жүкті кезінен суреттері бар. Көңілденген кезде сені туғанда деп әңгімесін айтып қалады.


Мен бір бақытсыз жанмын. Өле салғым келеді. Бірақ әке-шешемнің мейірімін көрмесем де оларды қимаймын. Қазір түсінбегенімен, мен өлген соң өкінетіндерін білемін. Сондықтан оларды жылатып тастағым келмейді. Үйленіп, бала-шағалы болсам, солар үшін өмір сүруге тырысатын шығармын. Бірақ мынадай әке-шешеден әйеліңнің көзінше таяқ жеп тұру ұят қой. «Мама, папа, мені неге осыншалықты жек көресіздер» деп сұрағам бірде, «ойпырмай, а, кім жек көріпті сені, елдің балалары сияқты жүрсең қарадай тиісіп жын көрініп пе» деп жекіп тастады. Әңгіме осымен бітті...»