​«Үстіме дәрет сындырды»: көпбалалы ана күйеуінен көрген қорлығын айтып берді

0
4 853

«Балалар үшін шыдаймын деп, оларды қатыгездікке тәрбиелеп жатқан сияқтымын. Ұлым «Өскенде әкемді өлтірем» дейді»


​«Үстіме дәрет сындырды»: көпбалалы ана күйеуінен көрген қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Үйде бес баламыз, мен – екіншісімін. Әкенің қаталдығын бір кісідей көріп өстік. Әсіресе үлкен ағам таяқты әбден жеген. Басқа ұлдарына келгенде шекесінің қыртысы жазылып, жадырап сала беретін. Ал ағамды көрсе қара жыны ұстап, қолында тұрғанмен бір ұратын. Мен мұның мәнісін өсе келе түсіндім. Ағам анамның алғашқы некесінен, артынан еріп келген ұл екен», - дейді Сандуғаш (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) дейтін түркістандық оқырманымыз.


Жастайынан әкенің теперішін көріп өскен қыз, бойжеткенде дәл әкесі сияқты басбұзар біреуге жар болғанын айтады. Күйеуінің жүрегіне жол таба алмай жүрген Сандуғаш ERNUR.KZ тілшісіне басынан өткен жағдайды әңгімелеп берді.


«Бала күнімнен ағама жаным ашып өстім. Байғұс балаға әке де, көшедегі көлденең көк атты да бір тиіспей өтпейтін. «Ей, еріп келген бала, бері кел» деп ауылдың үлкендері айқайлай салатын. «Мама, ағамды неге еріп келген деп айтады» деп балалықпен талай сұрағам. Шешем байғұс «Өскенде түсінесің, қайтейін, пешенесінде бар екен...» деп күрсініп, көзінің жасын бір сығып алатын. Сосын артынан сабырға келіп, «Сандуым, әлі-ақ өсіп, бойжетерсің. Өз теңіңді табарсың, сонда ажырасушы болма. Бірінші бақ – бақ, екіншісі бақтың кері бақ» деп айтудан жалықпайтын. Өсе келе шешемнің осы сөзінің мәнін түсіндім, әрі ағамның жұрттың көзіне күйік болғанын көріп өстім де, барған жерімде тастай батып, судай сіңуге серт еттім.


Он біріншіні бітіріп, жұрт қатарлы колледж студенті атанған жылы алып қашудың құрбаны болдым. Өзім сүймейтін, өмірімде екі-ақ рет көрген адамның табалдырығын аттадым. Мейірбике болам деген арманым айдалада қалды. Келін боп түскен ауылым жердің ең шеті секілді, жұпыны. Газ, ыстық су деген жоқ, ошақтың айналасына жіпсіз байланып, қара табан, салпы етек әйелге айнала салдым.


Ауыл өміріне шыдауға болар, бірақ күйеудің мінезін қайтем? Бір қарағанда сөзге шешен, көңілді боп көрінетін күйеуім, ашуланғанда тіреп тұрған аспанын тастай салатын. Қолына түскен затпен басыңнан ұрады да, құлаған жеріңде тепкілей беретін. Себепсіз. Қызғаншақ-тұғын, есіктің алдынан еркек өтіп, біздің үй жаққа көзін салса, бітті. Сол күні маған тыныштық жоқ.


Ит өмірмен тұңғышымды дүниеге әкелдім. Басылар деп күттім. Үмітім ақталмады. Одан екіншіміз дүниеге келді. Қоспаса, азайтқан жоқ. Таяғын жеп, жүнжіп жүрсем де ажырасу туралы ой келмепті. Үнемі ағамды ойлаушы ем. Өгейлікпен өмірі өксікке айналған оның бар көрген теперіші тізбектеліп көз алдыма келе қалатын. Балаларымның соның кебін кигенін қаламадым. Кісі есігінде телмеңдегенше, өз елінде еркін жүрсін дедім. Кім білсін, өз қара басымды ойлағанда баяғыда-ақ ірге ажыратар ма едім?! Солардың бақыты үшін таяққа да төздім, барды да көрдім, жоққа да шыдадым. Балаларымның бақытсыздығының қасында бақытты бола алмайтынымды ұқтым.


Қасым – күйеуім, бір күні екеуміз машинамен келе жатқанбыз. Қарсы көлікте келе жатқан ауылдың бір кісісі көлігінің жарығын жағып-өшірді. Мен алдында отырғам.

«Мынау неге жарығын жырпылдатты? Сені көріп істеді оны. Араларыңда не бар? Мен жоқта келіп жүр ме? Айт шыныңды» деп мені тамағымнан қылқындыра бастады. Бір қолы рульде, екіншісімен мені қылқындырып, жіберер емес. Өлген жерім осы шығар дедім. Не апатқа ұшырап, соғысып өлеміз, не қылқынып өлем деп ойладым. Екеуміз бірдей өлсек балаларға кім қарайды, одан да есікті ашып секіріп кетейін деп ойладым.

Бар күшімді бойыма жинадым да, қарулы қолынан сытылып шығып, жүріп келе жатқан көліктен секіріп кеттім. Артымызда келе жатқан көлік жүргізушісі қисалаңдап келе жатқан бізден күдіктенсе керек, дереу күйеуімді қысып тоқтатып, «ішіп алғансың ба, қазір полиция шақырам» деп маған көмектесіп жатыр. Киімім жыртылған, иығым, білектерім, бетім сырылып, орнымнан әрең тұрдым. «Арыз жазасыз ба, полиция шақырайын ба» деп бәйек боп жатыр. «Есік ашылып кетті, ештеңе болған жоқ. Рахмет» деп әрең құтылдық.


Үйге келген соң қырғынның көкесі басталды. Тағы да ұру, төбелесу, тепкілеу, күйеуім балаларының жылағанына да, жалбарынғанына да қараған жоқ. Таңға дейін аяқ-қолымды байлап, ойына келгенін істеді. Өзі ішіп алған, удай мас. «Сен малсың, ал малға былай істеу керек» деп үстіме дәрет сындырды.


Бұл менің шыдамымның соңы еді, ертеңіне ұйықтап жатқанын пайдаланып, балаларды алдым да төркініме кеттім. Баяғы әкем еркелеткен інім бізді адам ғұрлы көрген жоқ. Әке-шешенің көзі кеткесін бауыр да безбүйрек боп кететін сияқты. «Неге келдің, кім жетісіп жүр еді, балаларыңды алып, үйіңе қайт» деп қуғандай қылды. Үлкен ағамның үйіне бардым. Ағатайым маңдайымнан сипап отырып «балаларды әкесінен ажыратпа, ит те болса соның қаны ғой. Жетім етпе» деп ақылын айтты. Амалсыз кері қайттым.


Ит тірлікпен қазір төрт балалы болдық. Төркінге баратын жол біржола жабылған. Әкелері сабап жатқанда балаларым шырылдап ара түседі. Оған қарайтын әке жоқ. Үлкен ұлымның мінезі шатақ. «Өскенде әкемді өлтірем» дегенді жиі айтады. Балаларымның психикасына зақым келген сияқты. «Ағамдай болмасын, жетім деген атты жамылмасын» деп жүріп, оларды қатыгездікке тәрбиелеп жатқан жоқпын ба деп көп ойланам. Ажырасып кете қалайын десем қайда барып паналарымды білмеймін. Басым қатып кетті, алдағы өмірім тұманды...»