«Мен қызыққан әйелімнің үлкен омырауы қайғы әкелетінін білмеппін»: алматылық азамат күйзелісте жүр

0
30 325

​Ол әйелін кешіре алмай жүр екен.


«Мен қызыққан әйелімнің үлкен омырауы қайғы әкелетінін білмеппін»: алматылық азамат күйзелісте жүр

«Атам қазақ «Салақтан олақ жаман» деп бекерге айтпаған екен. Олақ әйел ойсыздау келетініне көзім жетті», - деп терең күрсінді алматылық Болат есімді азамат.

Үш қыздан кейін аңсап, ұзақ уақыт күтіп көрген ұлын әйелі өлтіріп қойғанына іші ашиды. Ұлынан айырған әйелін сол оқиғадан кейін көргісі де келмейтін бопты. Сезімі суыған ол ажырасып кетейін десе үш қызын қимайды.



Болат әйеліне деген сезімін сөндірген, күйзеліске түсірген оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«15 жыл бұрын Дилярамен шаңырақ көтердік. Сұлу, мүсіні де келісті. Жасырып қайтейін, алғашқы таныстықта оның қарақаттай үлкен көздері емес, жейдесін керіп тұрған омырауы менің есімді шығарып еді.

Оған үйленгенше асықтым. Мен қызыққан үлкен омырауы бірнеше жылдан соң әйелімнен жеріп кетуіме, өмірден түңілуіме себеп болатынын кім біліпті десеңізші?!

Үш қызымның аман-есен өсуі анамның арқасында екен. Ол кезде шешем тірі еді. Әйелім күнде бір ыдысты сындырып қойғанын анам айтып күйініп отырса, түсіне алмайтынмын.

«Қашан адам болады екен, тоңазытқыштың есігін ашық қалдырып кете береді. Тоңазытқыштан бір затты алған соң, оның есігін жабуды қалай ұмытып кетеді ойсыз неме?», «Тефаль шәугіміне суды толтырып құйма дегенді де тыңдамайды. Бәрін күйдіріп бітті. Сәл ойланса қайтеді?», «Қолы қисық па немене, ұстаған затының бәрін сындырады, істен шығарады» деп, анамның ұрсып отырғанын талай рет естігенмін. Бірақ мен іштей әйелімді жақтап, «Түу, анашым-ай, келінінің тек жаман жағын көре бермесе болады ғой» дейтінмін күрсініп. Үйге қыдырып келген әпкем де келінге ескерту жасап ұрсып жататын. Мен әйелімді жақтап шығатынмын.

Қазір анам өмірде жоқ. Анасыз өткен екі жылда мен оның неге өмірінің соңына дейін келінін ұнатпағанын, неге күнде күйініп отырғанын түсіндім. Өзім де анамның күйіне түстім қазір.

Бір әріптес ағам әйелдер туралы әңгіме болғанда «Небір хас сұлулармен жүргенмін. Көзімнің жеткені, сұлу әйелдің көбісі ақымақтау келеді екен, ойсыз әрекетке барады. Керісінше, көріксіз қыздардан ақылды әйел шығады. Сондықтан шығар, мен танитын келбетті жігіттер көріксіздеу қыздарға үйленген» деп айтады. Соңғы кезде мен де осы сөзді растап жүрмін.

Әйелімнің не нәрсені де келте ойлайтынына, ұйқыға тоймайтындығына, бәрі-бәріне көндіккен едім. Тіпті мен «ұл туып бер» деген емеспін, оның тірлігіндегі кемшіліктеріне көз жұма қарадым. Өйткені ессіз сүйдім. Кешегі күнге дейін жас жігіттей ғашық болдым. Бірақ ұлымызды өлтіріп қойғаннан соң, менің сол алаулаған сезімім бір күнде-ақ жоғалды. Сұлу түрі де, мүсіні де қазір маған құбыжықтай көрінеді...

Сол күні мен таңға дейін компьютер алдында отырдым. Ас бөлмеде отырып, фирманың тоқсандық есебін жасадым. Әйеліме тіпті «Баланы жылата бермей алып кетші анау бөлмеге. Бәрін жатып ұйықтаңдаршы» деп, ыдыстарды да өзім жуатынымды айтып, ас бөлмеден қуғандай болдым.

Жатын бөлмеге бір кіргенімде әйелім екі айлық баламызды емізіп жатқан еді. Таңға жуық кофе дайындап ішіп алдым. Жұмысқа ерте баруға асығып, киімімді ауыстыруға жатын бөлмеге кірдім. Әйелім аузы ашылып ұйықтап жатыр, омырауы баланың аузында. Жұмысқа кетерде ұлымның мойнынан бір иіскеп кету әдетім.

Әдеттегідей оның бетін бұрып, иіскемекші болдым. Әйелімнің үлкен омырауы баламның бетін түгел жауып жатыр. Қозғалттым, денесі мұп-мұздай. Денемнен суық тер бұрқ ете қалды. Бірақ сонда да сенгім келмей баланы қолыма алдым. Өлі.

Әйелімнің ұйқысы қатты. Түрткеніме ояна қоймады, айқайламақ түгілі жылайын десем даусым шықпайды. Әйелімнің бетінен шапалақпен салып қалып оятқаныммен, «Баламызды өлтіріп қойыпсың» деп айтайын десем, тілім байланып қалғандай сөйлей алмаймын...

Әйелім маған қосылып жылап жатыр. Ол емізіп жатып ұйықтап қалғанын айтып ақталуда. Өзін-өзі жазғыруда.

Несін айтайын, әйелім омырауымен баланы тұншықтырып өлтіріп қойды. Төрт-бес айлық болса, бала мүмкін қозғалып бетін бұра алар ма еді, кім білсін?! Екі айлық бала қозғала да алмайды ғой.

Бұрын анам таңертең ұйқыдан тұра салып бөлмемізге кіріп келіп немересін көріп кететін. Үш қызымды да түн ортасында бөлмемізден алып кететін еді. Келіншегім «Бөлмемізге қалаған уақытта кіре салудан ұялмайды» деп ренжісе, мен де анамның бұл қылығын түсіне алмаушы едім. Ал енді анамды түсініп отырмын. Ол келінінің қандай адам екенін жақсы біледі екен ғой, немерелерінің амандығын ойлап бөлмемізге кіре береді екен.

Сол кезде анамды кінәлаушы едім. Сөйтсем, кінәнің бәрі әйелімде екен. Қазір әйелімді көргім келмейді, даусының өзі жүйкеме тиіп жүр.

Бәріне уақыт – емші дейді ағайын-туыс. Бірақ баламды өлтіріп қойған әйелімді ешқашан кешіре алмайтын шығармын...»



Ұқсас оқиғалар:

«Әйелдер еркек үшін боянбайды!»: күйеуімен ұрсып қалған келіншек жанайқайын айтты

«Екеуміздің ұлдарымыз егіз сияқты»: шымкенттік әйел ажырасып кеткен күйеуімен қайта жарасқысы келеді