​«Әйелдер еркек үшін боянбайды!»: күйеуімен ұрсып қалған келіншек жанайқайын айтты

0
3 436

«Күйеуіміздің абыройы үшін ғой бәрі?!»


​«Әйелдер еркек үшін боянбайды!»: күйеуімен ұрсып қалған келіншек жанайқайын айтты

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден


«Боянсам, өзіме қарасам, әдемі киінсем болды, күйеуім қызғанады. Сол үшін ұрыс-керіс болады арамызда. Не істесем болады, қалай түсіндіремін?»

Осылай деген түркістандық келіншек жанайқайын ERNUR.KZ тілшісіне айтып, көпшілікке ойын білдірді.

"Әйелдер еркек үшін боянбайды, әйелдер әйел үшін әдемі болғысы келеді. Түптеп келгенде күйеулеріміздің абыройы үшін өзімізге қарап жүргіміз келеді. Онысы түсінетін еркек бар ма бірақ?!" - деп түңілген келіншектің күйеуі оның боянғаны үшін қызғанатынын айтады.

- 15 жыл үйде баламен отырдым. Арнайы мамандығым болса да алты бірінен соң бірі дүниеге келген 6 баламмен үйде отырдым. Қарасатын ешкімім жоқ, күйеуімнің ғана тапқан табысына қанағат еттік. Балар өскен сайын тамағы да, керек-жарағы да көбейеді. Бір ғана күйеуімнің тапқанына қарасақ қиналып қалатынымды түсініп, ақылдаса келе мен жұмысқа шығатын болдым.


Он бес жыл бойы тек бала қарап, сиыр сауып, ошаққа от жағып үйдің шаруасынан арылмаған, анда-санда той-ас сияқты жиынға, ауылдың беташарына ғана баратын менде қайдан күтім болсын?! Жұмысқа киетін дені дұрыс киімім де жоқ екен. Сол баяғы ескі көйлектер. Бетке бояу жақпағалы да қанша жыл?!


Жұмысқа бармас бұрын өзімді ретке келтірейін деп орталыққа барып шашымды қидырдым. Қас тергізіп қолымың күстеніп кеткен тырнағын да күзетіп, түзетіп қайтқанмын. Жұмысқа киетін тізеден төмен юбка-костюм дегендей біршама қаражат жұмсап қайтқаным күйеуіме ұнамады. Алғашында ақша құртты деп ойлады ма деп бәрінің бағасын арзандатып айтып, әйтеуір есебі тапқандай болғанмын. Сөйтсем, күйеуімнің көңіліндегі басқа екен.

Жұмысқа кіріскеннен бастап аздап кешкісін крем жағып, иіссу себініп дегендей өзіме қарай бастағаным ұнамады оған. Үстімнен халат, басымнан орамал түспей ыс сасып жүргеніме әбден үйренген екен. Ал 30 шақты адам қызмет ететін жұмыс орныңа қалай барасың олай? Қазір басқа тұрмақ балалардың алдында да үйдегідей ебіл-дебіл боп жүре алмайсың.


Ал күйеуім оны басқша түсінді. Мен жұмысқа шыққаннан өзгеріппін. Айнаға қарап, өзіме қарап жүргенім «құтыра бастағаным» екен. Боянсам, «біреуім бар» екен.

Не керек, жұмысқа шыққанан үйімізде дау-дамай. Қит еткенге желеумен маған бір тиісіп қалмаса көңілі көншімейді. Балалардан да ұят болды. Ұрыс-керісіміз болмашы нәрседен. Өзіме қарамайын десем, жұмысқа барғанда әріптестерімнен, балалардан ұяламын. Оның үстіне, мен өзгергелі балаларым да «мама, әдемісің» деп комплимент айтады, қуантып қояды. Балаға да ұнаған сырт келбетім неге күйеуіме ұнамай жатқанын түсінбеймін. Мектептегі ата-аналар жиналысына барарда «мама, әдемі боп киініп келіңізші» дейді.


Жалпы, осылай қызғана беретін еркектерге айтарым бар еді.

Әйел ешқашан еркек үшін боянбайды! Әйел әрі кетсе әйел үшін, басқалардың алдында еңсесін тіктеп әдемі көріну үшін, өзіне сенімді болуы үшін бетіне опа, ерніне далап жағады. Үстінен асүйдегі майдың иісі, сиыр сауғандағы сүттің иісі шығып тұрмас үшін иіссу себеді. Ыстық күн мен суыққа тоза бастаған бетіне ерте әжім түсіп, торлап жарылып кетпес үшін крем жағады.

Әйелдер еркектің абыройы үшін өздеріне қарайды, әдемі боп жүргісі келеді. «Күйеуге тиіп әбіржіп кетіпті» деген сөзден қорқады. «Күйеуі қартайтып жіберіпті, нашар-ау, сірә» деген таныстарының сөзінен ұялады. Күйеуін ондай адам етіп көрсеткісі келмейді, оның қасында мақтанышы боп жүргісі келеді. Жары сұлу да күтім көрген, тартымды болғаны жақсы емес пе еркектерге де?


Бәлкім, қалада тұратын әйелдердің бұған айтар басқаша уәжі бар шығар, мен үшін осылай. Жұмыста отырып басқаларды әңгіме қылғанда естиміз ғой сыртынан не дейтінін?!


Ал кейбір еркектер оны мүлде басқаша түсінеді екен. Тіпті, күйеуіме таныстары «әйелің құтырайын депті ғой, боянып, киініп» деп отқа май құйғандай әңгіме айтатын көрінеді. Ол күні ұрыс-керісіміз де қатты болып, соңы менің жылауыммен, балалардың көңілсіздігімен аяқталады.


Өзім де әбден жаман үйретіппін. Бала, күйеуі, үй шаруасы дей бермей сонау күйеуге тигеннен бастап өзіме қарап жүрсем бұлай тозбас едім, күйеуімнің де көзі үйренер еді ғой. Өзіме деген сыймның жоқтығынан ғой мұның барлығы.

Білмеймін, қашанға дейін бұлай жалғасарын. Жүйкем сыр беріп жүр, кейде балаларымның әкесін сол үшін жек көріп те кетемін. Арамызда сол үшін салқындық бар қазір, - деген келіншек шаршағанын айтады.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Екеуміздің ұлдарымыз егіз сияқты»: шымкенттік әйел ажырасып кеткен күйеуімен қайта жарасқысы келеді


«Бір адамға екі қабір қазуға болмайды»: түркістандық тұрғын елдің ақсақалдарын тыңдауға шақырды