​«Менен емес!»: Бала сүйе алмаған келіншек күйеуін дәрігерге апара алмай жүр

0
2 454

«Қашан енді? Әлі бөпелерің жоқ па? Қанша бөпелерің бар?» деген сұрақтар жүйкеме тие бастады" дейді ол...


​«Менен емес!»: Бала сүйе алмаған келіншек күйеуін дәрігерге апара алмай жүр

иллюстрациялық фото: empireclinics.com

Перзент сүю айналасындағы мәселенің көпшілігі шаңырақтың шайқалуына жеткізіп жатқандығы жасырын емес. Бұл жайында халық арасынан сан түрлі тағдыр, алуан оқиғаны кездестіруге болады.

Соның бірі Шымкент қаласының тұрғыны өзін Науат деп таныстырған келіншектің басынан өтіп жатқан оқиға.


Науаттың тұрмысқа шыққанына 5 жыл. Әлі 30-ға толмаған келіншектің айтуынша, құрсақ көтермеген. Өзінің бала сүю қабілетіне шек келтірмеген ол перзентсіз жүргеніне күйеуінің кінәсі бар ма деп күдіктенеді.

- Бізде «бала табу тек әйелдің міндеті» деп санайтындар әлі көп. Иә, бала туу – әйелдің жаратылысының еншісі. Бірақ құрсақ көтерту – еркектің еншісінде екенін түсінбейді. Бұл сырымды ешкімге айта алмай осынша уақыт жүрдім. Енді шыдай алмаспын. Сол үшін де есімімді өзгертіп беріп отырмын, айып етпегейсіздер. Тек әйелден ғана көре бермей, еркектер де біршама ойын өзгертсе екен, - дейді ол ERNUR.KZ сайтының тілшісіне айтып берген өз оқиғасында.


Тағы оқыңыз: «Әр әйелмен жатады»: Қайнысының қылығына ашуланған келіншек не істерін білмей жүр

Науаттың күйеуінің жасы 33-те. Келіншектің айтуынша, кәсібі бар, жағдайы да жақсы. Тек қатып қалған қағидасын өзгерткісі келмейді. Онысы тәрбиеден бе, әлде араласатын ортасынан ба, онысын ажыра алмайды.

- Екі жыл өткенше үндемеді. Енем де аса талап қойған жоқ. «Жассыңдар, құдай берерінен танбасын» дейтін де қоятын басқалар бала туралы әңгіме қозғалса. Өзім де жаңадан жұмысқа тұрып, мамандығымды енді игеріп жатқанда балалы болуға аса бір ықыласым да бола қоймады ма, мен де асықпадым. Бірақ мені бір мәселе алаңдататын.

Айтсам ұят секілді... Төсек қатынасымыз өте қысқа болатын. Ол кезде мен солай болуы керек деп қабылдаған болармын. Бірақ тым тез аяқталатыны мен үшін біртүрлі боп жүрді. Құрбы, жеңге, абысын сияқтылардан сұрауға ұялдым. Тағы бір күдікті болғаны, тым тез аяқталатын кезде күйеуімнің ашуланып кететінін де байқайтынмын. Сондай кезде апталап, кейде айға жуық төсекте тек құшақтасып қана жататынбыз. Кейде тым кеш келгенде маған қарауға да шамасы келмей тез ұйықтап қалатын, - деп еске алады ол.


Басында ештеңеден күдіктенбеген Науат үшінші жылы ғана күйеуімен арадағы жақындықтың күдік тудырған мәселесінің төркінін іздей бастапты.

- «Қашан енді? Әлі бөпелерің жоқ па? Қанша бөпелерің бар?» деген сияқты сұрақтарға басында үнсіз ғана жымиып қоя салушы едім. Кейін жүйкеме тие бастады. Өзім де балалы бола алмағаныма қымсынатын сияқтымын.

Алдымен дәрігерге өзім бардым. Тексеруден соң дәрігер менен ешқандай кінә таппады. Бәрі дұрыс деп шығарып салды. «Енді күйеуіңізбен келіңіз, бірге қаралыңыздар» деген. Оны естіген күйеуім мән бермеді. «Бәрі дұрыс болса неге көтермей жүрсің?» деп өзімнен сұрағанда не жауап берерімді білмедім.

Содан соң интернет ақтардым. Еркектердің «тез аяқтап қоюы» жақсы емес екенін күйеуіме қалай айтарымды білмедім. Бір рет әңгімені енді бастап келе жатқанымда «сен менен деп тұрсың ба сонда?» деп ашуланып орнынан тұрып кетті. Оның бұлайша ашуланғанын көрмегенмін, өзім қорқып кеттім де, қайтып ол туралы айта алмадым.

Осылайша жүргенімде енді менен енем сыр тарта бастады. «Бір жерің ауыра ма?» дегенде жылап қалдым. Ешкім күйеуімнен көрмейді екен, тек мені кінәлайтын сияқты. Сосын дәрігерге барғанымды, бәрі дұрыс екенін айтып қағаздарымды көрсеттім. Енем «құдайдың бермегенін тартып аласыңлар ма, берер, үміт үзбеңдер» деді де қойды. Содан қайтып ештеңе сұрамады. Мен оның баласының төсектегі әлсіздігін қалай айтарымды білмей үнсіз қалдым, - дейді Науат.


Тағы оқыңыз: «Екі әйел алмаңдар!»: Екі отбасының ортасында жүрген азамат еркектерге кеңес бергісі келеді


Дәрігерге тағы барған келіншек төсектегі жайтты айтып кеңес беруін өтінгенде ол күйеуінің өзі келмесе көмектесе алмайтынын айтып қайтарыпты.

- Бірде мені қатты ренжітті. «Менен кейін үйленгендердің өзінің ендігі екі баласы бар, біз әлі...» дегенде жаныма қатты батып кетті. Екеуміз сол үшін қатты ұрыстық. Мен ашумен өзімнің денімнің сау екенін айтып, оның дәрігерден қашқақтап жүргенін, денсаулығында бірдеңе дұрыс емес екенін айтып салдым. Ол үйден шығып кетіп қалды да, екі күннен соң келді. Жай келген жоқ, «кетем десең, ұстамаймын» дегенді айтты да ұзақ уақыт томаға-тұйық жүріп алды.

Екі жыл бойы кездесіп, сүйіп қосылғанбыз. Бала болмады деп тастап кете бермейсің ғой. Жақсы көремін, өмірде маған одан өзге ешкім керек емес. Бақыттымыз. Тек бір баламыз болса сол бақытымыз одан сайын еселене түсер еді. Оны дәрігерге қалай апарарымды білмеймін. Өзіне тым сенімді. «Менің денім сау, менде бәрі дұрыс. Болар, болмаса қайтеміз енді?» дейді де қояды.

Дәрігердің алдына баруға артық бірдеңе айтады деп қорқа ма, өзінің бір жасырғаны бар ма, түсінбей-ақ қойдым.., - деп мұңаяды келіншек.