​«Әр әйелмен жатады»: Қайнысының қылығына ашуланған келіншек не істерін білмей жүр

1
3 238

«Кейде қалып кеткен ішкиімін тауып аламын...»


​«Әр әйелмен жатады»: Қайнысының қылығына ашуланған келіншек не істерін білмей жүр

Отбасы – ошақ қасы мәселесі қазақ отбасында таусылған емес. Ағайын-туыстың арасындағы көпке айтыла бермейтін кейбір мәселелердің ушығып, отбасына кесірі тиіп жататынын да жасырын емес.

Сондай бір мәселемен редакцияға хабарласқан 33 жастағы Лаура есімді келіншек ERNUR.KZ тілшісіне өзін мазалаған оқиғасын баяндап берді. Оның айтуынша, сүрбойдақ қайнысы (күйеуінің інісі) үйге қыз-келіншектерді әкелуін тоқтатар емес.


"Жаныма тиетіні – үйге әкеліп әр әйелді бір қондыратыны. Не үйленбейді, не қоймайды", - деп ашуланған Лаура оған ата-енесінің де қой демейтініне таңданады.

- Жасы менен үлкен, 34-ке толады. Күйеуімнен кейінгі інісі. Одан кейін тағы үш қарындасы бар, олар тұрмысқа шығып өзімен өзі болып кеткен. Үйдің тұңғышы болған соң үйлене салысымен енем бізді бөлек шығарып жібергісі келген. Бірақ атам қаламады. Соған қарағанда кіші ұлының осылай етерін білген-ау.

Оның жасындағылардың барлығы да қазір отбасылы, тіпті, бір-бір бизнесі бар. Ал ол үйленуге асығар емес. Жасы 25-ке келгеннен-ақ ата-енем үйлен деп қыстаған. Мамандығы бар, оқыған, тоқыған-ақ жігіт. Бірақ, қыздарды қолғапша ауыстырып, тіпті, күйеуі бар келіншекпен де жүріп басы бәлеге қалған. Мен келін боп түскелі оның қанша қызбен таныстырғаны есімізде жоқ қазір. Көп, әр туған күнінде біреу, мереке сайын басқасын ертіп келеді үйге.

Басында қуанатынбыз, кішкентайларымызға «болашақ жеңгең» деп таныстырып мәз болушы едік. Енді той болады деп үміттеніп қалғанымызда, басқасын әкеп тұрады. Бара-бара балаларымыздан ұялатын болдық, - дейді ол.


Лаура енді өзінің балаларының тәрбиесі үшін қайнысының әрекетін қалай түсіндірерін білмей жүр.

- Атам да, енем де қанша ұрысты. Ағасы да қуып та жіберді. Жоқ, мүлде ақылы кірмейді. Оның табысын да ешкім сұрамайды үйде. Қалағанын ішіп-жеп, үй шаруасында да жұмысы болмайды. Ер-азаматтың шаруасын қартайған атам мен бес баласын әзер асырап жүрген күйеуім істейді. Ол қараспайды да. Айта-айта атам да қолын бір сілтеді соңында. Ал ол тек әдемі киініп, жұмысына барып келіп, қыз-келіншекпен қыдырса болды.

Сыртта қыдырса ешкім ештеңе демес еді, бірақ ұялмай кейде үйге әкеп жататыны жанымызға батады. Әке-шешесінен де, біздің бойжетіп-ержетіп келе жатқан ұл-қыздарымыздан да ұялмайды. Бөлмесіне алып кіріп кетіп қасына қондырып, таңертең түк болмағандай шығып бара жатқанда ызадан жарыла жаздаймын.

Былайша айтқанда, береке дарыған қара шаңырағымызда некесіз төсекті былғап, ластап кетіп жатыр. Атам да, күйеуім де айтып, ұрысып шаршаған. Үйден қуып та жіберді бір кездері сол үшін. Бірақ енем жылап, тамақ ішпей жатып қалған соң амалсыз барып алып келді. Өз баласынан, бауырынан кім жерісін?! Бірақ сонша бала-шаға өсіп келе жатқан, білдей қос қазынасы бар шаңырақты сыйлауды түсінбейтіндей жас та емес қой?! Өз ісіне өзі ұялмақ түгілі басқаға ақыл айтып тәрбиелейтін жастағы жігіт ағасы болды емес пе?!

Оған еріп келе беретін қыз-келіншектерді де түк түсіне алмадым. Кейде бөлмесін жинап жүріп қалып кеткен ішкиім тауып аламын. Шынымды айтсам, жиіркеніп өле жаздаймын. Кім? Қандай әйел? Қызыма оның бөмесін жинатуға қорқатын болдым осы күні. Оңаша пәтер болса мейлі екен, бірақ бір үйлі жан отырған, қариялы үйге кіріп, некесіз төсекке жатып кете салатындарға таңым бар. Түсінгім-ақ келеді, бірақ ұят пен ар, намыс дегеннен мүлде жұрдай болған ба? Олардың ата-анасы қайда? Еркіндік деп бөтеннің үйіне емін-еркін қона беретіндердің ойы не?

Масқара болғанда, бір күні сондай бір келіншектің «күйеуімін» деп келіп есік алдында төбелес бола жаздады. Күйеуімнің ақылдығының арқасында әупірімдеп «мәселеңді аулаққа барып шеш!» деп шығарып жіберіп құтылдық, әйтеуір. Ал қайныма сол күйі ақыл әлі кірмеді, - деген Лаура оның әлі де әйелқұмар әдетін тастамағанын айтады.


Тіпті, әдет болып кетіп, осы күйі отбасын құрмай кете ме деп те қорқады.

- Әлі өзіне бөлек үй де алған жоқ. Біз де қара шаңырақта қалатын болған соң әрекет жасамағанбыз. Оның үстіне басқа үй алуға мына заманда мүмкіндік аз. Бала-шағаны асырау керек. Әйтеуір, атам жер алып қойған, кіші ұлына үй соғамын деп. Бірақ оған үй соғып ала қояйын деген қайнымды көрмедім. Тапқанының барлығы қыдыру мен көлік ауыстыру, киіну, қыз-қырқыннан артылмайтын ол кейде ата-енемнің зейнетақысына да ауыз салатынын байқап жүрмін. Себебі, енем қазір сол баласының несиесін төлеп жүргенін біліп қалдым.

Әжептеуір жерде қызмет етеді. Ортасында абыройы да бар оның отбасымызда сыйы қалмай барады. Қанша жасырғанмен бала-шағамыздың алды оның істеп жүрген ісінің дұрыс еместігін сезініп, қабағымен білдіріп жүр. Аға болып «әй!» десе, тыңдамайды да. Біз үйретіп қойғандай ұятқа қалдырады кейде.

Жақында 12-ге толған ұлым «көкем неге үйленбейтін қыздарды үйге ертіп келе береді?» деген сұрақты қойғанда, не жауап берерімді білмедім. Қайтсек болар екен?! Шынымды айтсам, соны уайымдап-ақ басым қатты. Ең болмағанда бөлек тұрсақ бұлай уаймдамас па едім деп ойлаймын да, райымнан тез қайтамын. Кәрі ата-енемді оның қолына тастап шығып кетуді адамдыққа жатқыза алмас едім, олай етуге батылым да бармайды. Бірақ қайнымның қылығы жаныма аяздай батады. Талай рет сөзге де кеп қалдық, қазір мені елемейді де, - дейді Лаура.

иллюстрациялық суреттер интернеттен алынды


Тағы оқыңыз:


«Екі әйел алмаңдар!»: Екі отбасының ортасында жүрген азамат еркектерге кеңес бергісі келеді


«Анам балаларыма қарағаны үшін ақы сұрады»: Ата-анасынан мейірім көрмеген әйел көрген азабын айтты