​«Мені теуіп кеткен күйеуімнің сол мезетте аяғы сынды»: шымкенттік әйел өз өміріндегі тылсым оқиғаларды баяндап берді

0
1 737

«Түсінде біреу «алған ақшаңды дереу қайтарып бер» депті»


​«Мені теуіп кеткен күйеуімнің сол мезетте аяғы сынды»: шымкенттік әйел өз өміріндегі тылсым оқиғаларды баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мен өзімді Құдай сүйген пендемін деп есептеймін. Бұрын бұл жайлы ойламайтынмын, қазір тылсым дүниеге сенетін болдым. Әсіресе мені ренжіткендердің жолы болғанын көрмедім», - дейді Айсана есімді оқырманымыз.


Көпбалалы ана өміріндегі ерекше оқиғаларды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Бір үйдің жалғыз қызымын. Әкем мен анам ажырасып кетті де, анам екінші рет тұрмысқа шықпады. Дәлірегі қайын жұрты «ат айналып қазығын табады, сабыр сақтап, отбасыңның шырағын сөндірмей күт, қарағым» деп ауылға отырғызып қойды. Анам екеуміз ауылда қоңырқай тірлік кештік. Ол мектепте мұғалім, мен оқушы, қайда жүрсек те жұбымыз жазылмай, бір-бірімізге сүйеу боп тірлік еттік.


Әлі есімде, бесіншіде оқимын ба, нақты неге ашуланғанын білмеймін, мамам далада шай ішіп отырғанда астындағы кішкентай орындықты маған қарай сілтеп кеп жіберді. Абырой болғанда маған тимей, аман қалдым. Күйеуі кетіп, жүйкесі жұқарып жүрген кезі шығар, әйтеуір ашуының бір ұшы маған қатты тиді. Сол күннен бастап мен мамаммен сөйлеспей қойдым. Шынашақтай боп алып «Мені ұруға қандай қақыңыз бар?!» деп айқайладым да, үйге кіріп жатып қалдым. Содан қайтып тұра алмадым. Ыстығым шығып, сандырақтап, есім кіресілі-шығасылы екі күн жатыппын. Жаны қалмаған мамам көршінің көк жигулиіне салып алып ауылдың басындағы молдаға апарған.


Жақып деген ата еді, «мына қызым біреуге қатты қапаланыпты ғой, кім тиді» деп кірген бетте мамама сұрақ қойды. «Өзі ашуыма тиіп... кеше қатты ұрысып едім, бірақ ұрмадым...» деп мамам ақтала бастаған. «Келін, мына қыздың наласы өте қатты болады, тегін адам емес. Сен бұған бала деп қарама, ақылдас, пікірін сұра, айтқанына құлақ салып тұр. Әрі-беріден кейін сенің айнаң осы қыз болады, не киетініңе дейін сұрасаң, қалауыңды дөп тауып беретін қабілеті бар» деп, маған дем салып қайтарған. Сол күннен кейін мамамның маған дауыс көтерген кезі болмады. Құрбысындай сырласып, үйдің шаруасында ақылдасып отыратын.


Тоқсаныншы жылдардың басында теңге ауысып, тоқырауға ұшырған тұста мұғалімдердің дені қысқартуға ұшырап, ала дорба арқалап кетіп еді ғой. Мамам да солардың қатарында еді. Айлап-жылдап айлығын ала алмай, «енді қайттік» деп сары уайымға салынып отырғанда «Мама, сауда істейік, базардан орын алып, қаладан кәмпит-күлше әкеп сатамыз. Түске дейін боспын, мен сатып берем, түс қайта өзіңіз тұрасыз. Ал оған керекті ақшаны атамның үйіндегі маған атаған ешкілерді сатып, алайық» деп ақыл айттым. Атам марқұм жыл сайын менің туған күніме бір жібек ешкі атайтын, басы әжептеуір көбейіп қалған. Титтей болсам да мамам менің ақылымды тыңдап, сауданы бастап кеттік.


Сол сауда берекелі болды. Үйіміздің кем-кетігін түгенделіп, ішіп-жемнен таршылық көрмедік. Саудаға ебім бар екен, түске дейін әжептеуір табыс тауып, оны алдыма байлаған фартукқа жинап отыратынмын. Бір күні көрші ауылда тұратын бейтаныс әйел алдыма келіп, екі мыңға сауда істеді. Өзі сөзшең, сампылдап қалған әйел екен, келгеннен мені әңгімеге тартып, аузы жабылмады. Сондағысы бес жүз теңге пайда көргісі келген екен. Не қара басқанын білмеймін, сдача қайтарғанда 500 теңге артық беріп жіберіппін. Ол ізін суытып, арада жарты сағаттай өткенде алданып қалғанымды біліп әбден жылағаным есімде. Ол кезде 500 теңгенің әжептеуір құны бар ғой. «Құдай-ай, менің не кінәм бар еді? Неге ол әйел мені алдап кетті, көмектесші» деп жалынғаным есімде. Құдайдың құдіретін қарамайсыз ба, ертеңіне әлгі әйел келіп «Қызым, мен кеше сенен 500 теңге артық алып кетіппін, міне, ала ғой» деп әкеп тұр. Өзі маған сыр білдірген жоқ, бірақ бес метр ары тұрған апайға барып «кеше түсімде біреу маған «кішкентай қыздың ақысын неге жедің, тез қайтар» деп бұйырды, жаным қалмай әкеп бердім» деп айтып тұр. Ол кезде түс, аян дегеннің не екенін білмейтінмін.


Бойжетіп, тұрмысқа шығатын кез келді. Мамамның саудаға бұрынғыдай денсаулығы жарамай, ақшадан шамалы тарығып қалған кезіміз еді. Құда түсіп келгесін «жолыңды байламаймын, өз уақытыңмен кетіп барасың, сені ұзатып, тойыңды істеп шығарып саламын» деп мамам ерекше толқыды. Үйдің қаржылық жағдайын біліп отырмын, «мамау, артымнан апаратын заттарды қайтеміз» деп уайымдап едім, «Құдай құрайды, кішкентайыңнан талқың зор еді ғой, бұл жолы да бір мәнісі болар» деп қысқа қайырды.


Келін боп, ата-енеміз құда шақыратын күні анам бір газельмен дүние-мүлкімді әкелді. Спальный гарнитур, көрпе-төсек, кір жуатын машина, холодильник, теледидар, бәрі бар. Өзім аң-таңмын, «мамау, қарызға кірдіңіз бе, несиеге баттыңыз ба, мынаның бәрі қайдан» деп шетке шығарып сұраймын ғой. «Уайымдама, қарыз да, несие де алмадым, туған-туыс, ағайындардың көмегімен алдым» деп көңілімді демдеп қойды.


...Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Бір жолы күйеуім екеуміз қатты ұрысып, соңында ол маған қол көтерді. Кінәлі болмасам да таяқ жеп қалғаныма қатты налыдым. Ұрғанымен қоймай жылап жатқан мені аяғының ұшымен бір теуіп өткен. «Аяғың сынсын!» деп ішімнен айттым да, жатып қалғам. Үйден ашуланып шығып кеткен күйеуім подъезде құлап, тобығын шығарып алыпты. Ойбайлап, екі апта жұмысынан қалып, жүре алмай қалды. «Сенің қарғысың тиді ғой, кешірші мені» деп кешірім сұрап, сол күннен кейін ұрмақ түгілі саусағының ұшын тигізбейтін болды.


Білмеймін, мұндай нәрсе әркімде болатын шығар. Бірақ өткен күндерге көз жүгіртсем ойлаған нәрсемнің айна-қатесіз орындалғанына таңғалам. Сол себепті ниетімді, ойымды қазір тек жақсы нәрсеге, игі істерге бағыттай бастадым».