​«Мені зорламақ болды» деп арыз жазады»: түркістандық әйел ауылындағы жас қыздың іс-әрекетін жайып салды

0
1 102

«Ұстам «көйлек алып киіңізші» деп он мың теңге беріп тұр»


​«Мені зорламақ болды» деп арыз жазады»: түркістандық әйел ауылындағы жас қыздың іс-әрекетін жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Пәлен жерде қыз зорланды», «түген жерде кісі өлімі болды» дегенді жиі оқитын болдық. Көбіне жапа шеккен жанды аяп, екінші тараптың ит-терісін басына қаптап жатамыз. Бірақ кей жағдайда зорлық көрген адамның да кінәсі үлкен болады екен», - дейді Балжамал есімді әйел.


Таяуда ғана сондай бір оқиғаның куәсі болған оқырманымыз көрген-білгенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Қырық сегіз жыл бұрын соғылған үйімізді биыл бұздық. Қыздарымыз «мама, үй ескіріп қалды ғой, ауылдың бәрі жаңартып жатыр. Сіздер де бастаңыздар, біз көмектесеміз, Құдай өзі ептейді» деп айтып жүріп, қолдағы ұлды көндірді. Қаладан пәтер алам деп банкке құйып жүрген ақшасы бар еді. Келін екеуі соны ауылдағы үйді көтеруге жұмсаймыз деп шешіпті. Біз не дейміз, үйдің жыртығын жамаймын деген ұл мен келінге риза боп, батамызды бердік.


Баламыз екі апта дегенде үйдің планын сызып, ескі үйді сүргізіп, іргетасын құюға кірісіп кетті. Қазір бұрынғыдай көрші елден ұста әкеліп, жұмыс істету де оңай емес екен. Ол үшін арадағы делдалдармен келісу керек. Ұсталарды әрең таптық. Не керек, он күндей күттіріп, бес өзбек жігіті үйімізге келді. Бұлардың міндеті – іргетасын құю. Ал кірпішін көтеруге басқа бригада келеді.


О бастан ұсталардың тамағын істеп бермейтін боп келіскенімізбен, күнара «күрек асын» алып ағайын-туған келіп жатты да, оларды тамақтан қыспадық. Кірпішін көтеруге келгендер де қарық болды. «Сіздердің салттарыңыз басқаша екен, кейбір үйлер екі нан бермей шығарып салатын еді» деп мақтағанда әжептеуір марқайып қалады екенсің.


Жә, айтпағым бұл емес. Кірпішін өруге келген жігіттердің біреуімен әңгімеміз жарасып кетті. Ұлыммен қатар бала екен. «Апа, мен жастайымнан жетім қалғам. Ағам мен жеңгемнің қолында өстім, бірақ жеңгем өте нашар адам еді, өз балаларынан қалған тамақты бір кесеге жинап, ең соңында маған бөлек тамақ беретін» деп өткен өмірін еске алғанда жылап қалатын. Шынымды айтсам, сол баланы басқалардан ерекше жақсы көрдім. Есігіміздің алдында өз дүкеніміз бар. Ара-тұра сусын, балмұздақ беріп қоям. Мәз боп қалатын.


Бір күні күйеуім ағайынның тойынан келе жатып әлгі баланы ауылда әлі мектеп оқитын бір қызбен құшақтасып отырғанын байқап қалыпты. Үйге келе «Балжамал, анау бала Пәленшенің қызымен байланысып қалғанға ұқсайды. Ол қыздың артынан жақсы сөз айтылып жүрген жоқ, ескертіп қой, байқап жүрсін» деп қалды.

Расында да әлгі қаршадай қыз туралы ауылдың әйелдері бірталай өсек айтатын. «Оның шешесі сондай ғой, қызы соны көріп өске де», «Өткенде пәленшенің күйеуімен кафеден шығып келе жатқанын көрдім» дегендерге онша сене қоймаушы едім. Моп-момақан ұстамызбен танысып, құшағына кіргенін естігенде ептеп ашуланып қалдым.


Ертеңіге әлгі ұстама жағдайды ескерттім. «Апа, сіздің магазиніңізге келіп жүріп танысып қалып едік. Артық тірлікке бармадық, уайымдамаңыз» деп ақталды. Бірақ әлі жас қой, менің айтқанымды құлаққа ілмей, екі күннен кейін тағы кездесіпті. Екеуі жолдың жағасындағы ағаштардың тасасында отырған. Бір уақта жігіт қызды сүйіп, аймалай бастаған. Осы сәтте тасада тығылып тұрған ауылдың учаскелік полицейі атып шығып, ұстамыздың қолын қайырып әкетіп қалыпты. Ал әлгі қаршадай қыз ұялмай-қызармай «мені зорламақ болды» деп ұстамыздың үстінен арыз жазыпты. Естігенде есімнен тана жаздадым.


Дереу баламыз екеуміз ауданға барып, мән-жайды білсек, ауылдағы Пәленшенің қызы осылайша «күн көретін» қу біреу екен. Қалтасы қалыңдау, бөтен жақтан келген жігіттерді торына түсіріп, сұрағанын алып үйреніп қалыпты. «Ей, сен қызда өзі ұят бар ма?» деп шашын жұлуға шақ қалдым. Бірақ соңынан ұстамның тағдыры осының қолында екенін ұқтым да, жалынып жүріп, арызын қайтарып алғыздық. Жай емес, қолына жиырма мың теңге ұстаттық. «Мен әлі кәмелетке толмаған қызбын» деп өзеурейтінін қайтерсің?...


Ондайды ойламаған байғұс ұстамыз қалтырап-дірілдеп ауырып қалды. Тірлік жайына қалған, қалған үш ұстада да маза жоқ. Қайта-қайта бауырларына алаңдап, аһілеп-уһілеп қалды. Ұста баланың ыстығы түспей, қайта-қайта сандырақтай бергесін ауылдың емханасына апарып, керекті ем-домдарын жаздырып алдым да, азанда-кешке дәрісін беріп, уколын салып, емдеп алдым. Бір аптада аяққа тұрып, үйіміздің кірпішін қалап берді.


Кетерінде еңбекақыларын есептескен соң маған келіп 10 мың теңге беріп тұр. "Анамдай қамқор болдыңыз, сізге сыйым болсын" дейді. «Қой, айналайын, рахмет, сен де менің бір балам боп қалдың, қайда жүрсең де жолың болсын, өзіңе жарата ғой» деп батамды бердім.


Кейде осындай жағдай орын алса «келімсектер келіп, жап-жас қыздың басын айналдырды, тұзағына түсірді» деп жамандаймыз. Ал шын мәнінде жігіттерді алдап-сулап арбап алатындар да болады екен. Осыған көзім жетті. Бәленің бәрі бір жақтан шықпайтынын түсіндім».