​«Мүшесін ұстатты»: Зейнеткер әйел бала күнінде педофил құрбаны бола жаздаған

0
2 981

Сонау кеңестік дәуірде болған оқиға кімді де болса ойландырмай қомаса керек...


​«Мүшесін ұстатты»: Зейнеткер әйел бала күнінде педофил құрбаны бола жаздаған

Айналада болып жатқан сұмдық жайттар бүгінде кімді де болса үрейлендірмей қоймайды. Соның ішінде балаларға жасалған зорлық-зомбылық, әлімжеттік жағдайлары жан түршіктіреді. Әсіресе, педофил құрбаны болып жатқан балалар туралы оқиғалар көп.

ERNUR.KZ тілшісіне хабарласып, осынау сұмдық жайттан көпшілікті сақтандырғысы келетін зейнеткер әйел педофилдердің бұрыннан бар екенін айтты. Өзінің аты-жөні мен қай қаладан екенін жария еткісі келмеген ол маңыздысы – балалардың қауіпсіздігі екенін алға тартып, тек өзінің бала күніндегі оқиғасын ғана жарыққа шығаруды өтінді.

- Педофил десе шошым кетемін. Әсіресе, жаңалықтардан кішкентай балалардың айуандық, азғындық әрекеттің құрбаны болғанын көрсем апта бойы тынышым кетіп, ұйұыдан қаламын. Тез арада ұл-қыздарыма хабарласып, немерелерімнің амандығын сұрап, көзден таса етпеуін қатаң тапсырамын. Өйткені, өзім де бала күнімде сондай бір азғынның құрбаны бола жаздағанмын, - дейді зейнеткер әйел.


Оның айтуынша, педофилдер бұрын да болған және санасын азғындық билегендер бола да береді. Бұрын бұл мәселе көп айтылмайтын, ол кезде әлемге жар салатын ақпараттың заманы емес еді. Қанша бала ғұмырдың талқандалғанын кім білсін дейді ол. Олардан сақтану үшін тек алдын алу керектігін айтады зейнет жасындағы әйел.

- Ол кезде әлі мектепке бармаған кезім, бес-алты жаста болармын, бәлкім. Екі-үш үй арыда кемпірі қайтыс болған жалғызбасты шал тұратын. Жүрегімді ұшырған жайсыз оқиғаға дейін ол маған ең бір мейірімді ата боп көрінетін еді. Бауындағы жаздан ақырғы кұзге дейін кезекпен-кезек пісетін алманы көшеде ойнап жүрген балаларға таратып беріп, қалай жегенімізге сүйсіне қарап отыратын. Қалтасына бір-екі кәмпит түссе, оны да балаларға беретін еді.

Бірақ, неге екені белгісіз, ұлдары онымен бірге тұрмайтын. Бірі көрші ауылда, екіншісі ауылдың төмен жағынан үй салып алған. Сол үшін оның ұлдарын үлкендер «қайырымсыз» деп жақтыра бермейтін де еді, - деп балалық шағын еске алды ол.


Бүгінде өзі үбірлі-шүбірлі болып отырған әйел сол кезде өзі ең мейірімді санаған шалдың құрбаны бола жаздапты. Айтуынша, кәмпит беріп алдаған шалдың азғындығынан соң қатты шошынып ауырып қалған.

- Сол күн әлі көз алдымнан кетпейді. Жаз кезі болатын, балалардың бәрі сол шалдың бауының етегіндегі тоғанға шомылушы еді. Мен де бір күні ағаларыма еріп шомылуға бардым. Ауылда ер бала мен қыз балалар бірге суға түспейтін еді ғой. Ұлдар судан шыққанша тосып отырғанбыз. Бір кезде бауының шарбағынан қарап тұрған сол шалға көзім түсті. Сол шарбақ тұсында қыздар киімін ауыстырып, суға түскен киімін сығып алып жатушы еді. Баламын ғой, ол кезде оған мән беретін де жаста емеспін. Кейін ойлап отырсам, азғын шал талай қыздың жалаңаш тәніне көз салған екен ғой?!

Шал мені көрді де, күлімсіреп қалтасын қармана бастады. Қол бұлғап шақырған оған балаша мәз болып жетіп бардым. Көзіме жылтыр темір қалбырдағы мәмпәси кәмпит оттай басылды. «Жүре ғой, ішіндегісі таусылып қапты. Үйден берейін», - деген ол қолыма бос қалбырды ұстатты. Соңынан ере бердім. Қараңғы бөлмеден тағы бір мәмпәси кәмпит алып шығып, ашты да, ішінен біреулеп бере бастады. Апыл-ғұпыл аузыма тығып әлекпін. Есігінің алдындағы қамыспен қоршалған бастырмасында отырмыз. Оның тізесіне отырғанымды аңғармай қалыппын.

Бір кезде бір қолымның әлденеге тиіп тұрғанын сездім. Білезігімнен ұстаған шал менің қолымды ауының ортасынан, шалбарынан шығып тұрған мүшесіне үйкелеп жатыр... Ол кезде оның не екенін білмеймін ғой, әйтеуір бүкіл денем дір ете қалды. Қолымды жұлқығанымды, оның жібермей қыса құшақтағанын білемін. Шар етіп жылап жібердім. Сол сәтте атымды атап шақырған ағамның даусы естілді. Шал мені жібере салып қолымнан жетелеп алып шықты. Шыңғырып жылап келемін. Ол қолыма кәмпит тықпалап жатыр.

Өзімнен үш жас қана ағам не сұмдық ойласын, мені жетелеп алып кетті. Сол күні қатты ауырып шыққаным есімде, - дейді бүгінде алпыс екіге келген әйел.


Ол содан кейін шалды алыстан көрсе қорқатын болыпты. Қорқып қалған ол көп баламен бірге ойнамайтын, үйден шықпайтын бұйығы болып кеткен. Өз үйінің шарбағынан шықса, көрші шал ұстап алып жаман нәрсе жасайтындай көрініп тұрады екен.

- Ал мәмпәси кәмпитті көрсем жүрегім айнып сала береді әлі күнге дейін. Ол кезде ойымызды ашып айта алмаймыз ба, әлде анамызбен сырласа алмайтын ба едік, әйтеуір сол жамандықты мен ешкімге айта алмадым. Міне, енді ғана айтып отырмын.

Анамды да кінәлай алмаймын. Онсыз да үй шаруасы мен жұмысынан қолы босамайтын, ауылда ондай азғынның бар екені тұрмақ балаға біреу айуандық жасайды деген үш ұйықтаса түсіне кірмейтін оған қалай кінә артасың? Ол ғана емес, бүткіл ауыл адамдары сондай еді ғой. Ондай күдігі болса, ауыл адамдары таңнан кешке дейін үй бетін көрмей көше кезіп ойнап жүре беретін, кімнің үйінің тұсында болса, сол үйден айран-сүтін ішіп, нан жеп кете беретін балаларын қадағалар еді. Бір жағынан неге сонша ауыл адамдары аңғал болған деп ашуым да келетін.

Сол қорқыныш менің бойымда әлі күнге дейін бар. Азғын шалға ұқсаған біреуді көрсем денем дір ете қалады. Егер ағам келіп қалмағанда маған не істеуі мүмкін екенін ойласам, денем түршігеді. Көппен араласа алмайтын, бұйығы, тұйық боп өскенім де соның әсері болар. Әйтеуір, есімнен кетпейтін қорқынышты оқиға мені қатты өзгертті. Өз балаларымды көзімнен таса етпей өсірдім. Бейбіт заман болса да көрінген еркекке сенімсіз қарап, ұл-қыздарымды ешкімге, тіпті қайныларыма да сеніп тапсыра алмайтынмын, - дейді педофил құрбаны бола жаздаған әйел.


Осы оқиғасын баяндап берген әйел сайт оқырмандарына баланың қауіпсіздігіне мұқият болу керектігін, қыз-ұл демей әрқашан көзден таса етпей жүру керектігін айтып кеңес те берді. Ал ата-аналарға балаларымен сырлас болуды, үнемі жағдайын сұрап жақын болу арқылы қауіп-қатерден аман сақтап қалуға болатынын да айтып өтті.

иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды


Тағы оқыңыз:


«Тумайсың!»: Түркістандық келіншек енесінің қатаң талап қойғанын айтты


«Еркекті жылаттым»: Шымкенттік әйел өткен ісіне өкінетінін айтты