​«Малын өзге түгіл өзіне қимайды»: шымкенттік бойжеткен ағасының дүниеқоңыздығына ренжулі

0
931

«Ол жинаған малға үй емес, ұшақ сатып алуға болады»


​«Малын өзге түгіл өзіне қимайды»: шымкенттік бойжеткен ағасының дүниеқоңыздығына ренжулі
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдай тағала пендесіне дүниені де сынақ үшін береді дейді. Осы рас болса менің ағам дүниемен сыналып жатыр-ау. Бірақ оны өзі ұғынбайды, айтсақ түсінбейді. Қолына шыр, қорасына мал біткелі мінез-құлқы мүлдем өзгеріп кетті, баяғының қайырымсыз байлары сияқты...» - дейді Назерке есімді бойжеткен.


Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде оқитын оқырманымыз туған ағасына деген өкпе-назын ERNUR.KZ арқылы жеткізуді жөн көріпті.


«Мың жерден жоғары білімің болса да, егер кеңсе қызметіне ебің болмаса, бір бүйрегің ауылға тартып тұрса, онда оны ешкім ұстап тұра алмайды екен. Ағам да дипломын алған соң 6-7 ай жұмыс істеп көрді. Болмағасын «ауылға кетем, мал бағам, шаруашылықпен айналысам» деп кесімді сөзін айтты. Оған ең бірінші боп мектеп бітіргелі отырған егіз інілерім мен ауылда қалған анам қатты қуанды.


Әкеміз марқұм малды кісі болатын. Қорадан қой, сиыр үзілмейтін. Апта сайын мал базарын жағалап, арзандау, арықтау малдарды әкеп, бордақылап, үстіне ақша қосып сатып, бізді асырады. Өзі өмірден өткен соң ол істі қолға алатын ағам жас болды, анамыз шетінен сатып, бізді сонымен асырады. Екі сиырды қалдырып, соның сүтінен құрт, май жасап, қалаға өткізетін.


Обалы не керек, айналдырған екі жылда ағамның қорасына шыр бітті. Бара салысымен несие алып, ескі қораның орнына жаңасын тұрғызды, артылған ақшасына мал алды. Әрекетіне берекет берді, көктем сайын қойлары қоздап, сиырлары бұзаулап, басына бас қосылып жатыр. Енді қой мен сиырға жылқы қосты. Асыл тұқымды ешкіден де алып тастаған. Сүтінің литрін мың теңгеден таласып сатып алады.


Ағам биыл 32 жасқа толады. Бойдақ. Үйленетін ойы жоқ. Есіл-дерті – мал, таң атқаннан түн түскенше қораны айналшықтап шықпайды. Үйдің жанында бос жатқан жерді сатып алған, соған қора салдырып жатыр. Бәріне бір өзі шыж-быж боп жүгіреді де жүреді. «Үйленсейші, сенімен жастылардың алды балаларын мектепке беріп қойды» деп анамыз айта-айта шаршады. Не қасына көмекші етіп адам алмайды. «Өз малыма өзімнен артық кімнің жаны ашиды» деп жеңістік берер емес.


Үйдегі екі інім де қазір студент, үшеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Өз үйің болмағасын өте қиын. Пәтердің ақшасын бір күн кешіктірсек қожайыны келіп, діңкілдеп кетеді. Ішпей-жемей ай сайын соның қалтасына құйып отырмыз. Осы жағдайды өткенде мамама айтқам, «Ағамның жағдайы жақсы ғой, шүкір. Бір-екі жылқысын сатып жіберіп, бастапқы жарнасын құйып, пәтер әперсе болар еді. Сонда ай сайын квартираға құйған ақшаны өз үйіміздің несиесін жабуға жұмсар едік» дегем. Сөйтсе ағам ат-тонын ала қашыпты. «Ол деген қырғын ақша, несиенің үстіне бірге-бір қосып төлеу керек, қымбатқа түсіп кетеді» деп малының маңына жолатпапты.


Төрт баламен жесір қалғанда анам етсіз тамақ істемейтін. Килолап сатып әкелсе де, екі-үш бөліп бергенге жіліктеп соғым алса да үйімізден ет үзілмеуші еді. Ал қазір қаладағы біздерге ет беріп жіберу үшін тоқты-торымды сою қажет болса, жаны шығып кете жаздайды. Амалын тауып «буаз, арық, қазір соятын мал жоқ» деп жолатпайды. Басында біз мұнысын шын көретінбіз. Сөйтсем оның бұнысы малын қатты жақсы көргендегі түрі екен. Шығын шығарғысы келмейді. Дүниеқоңыз болып бара жатқанын байқадым.


Ала жаздай інілерім ауылға барып малдың жем-шөбін дайындауға қолғабыс етеді. Сөйткенде күздігүні киім-кешек алуға ақшаны санап береді, онысын мен арзан-құрзан, сапасыз киімдерге әрең жеткізіп, әперемін. Анама айтсам, «Қоя бер, үндеме, өз ақшасы, өзі біледі. Бұлар әлі бала ғой, сондай киіммен өсе берсін» деп баласына шаң жуытпайды. Бұрын көңілді, қолы ашық ағам біраз мал бітіп еді, мінезі өзгеріп, қызғаншақ, тырысқақ боп барады. Не әйелі, не баласы жоқ, мұнша малды ненің құрметіне өсіріп жатқаны бізге түсініксіз.


Өткенде ауылға бардым, анашым екі аяғын баса алмай қалыпты. Азаннан кешке дейін үйдің бітпейтін тірлігі, ас-ауқатының қамымен бір демалмайды. «Тізем қатты ауырады, жүрген сайын сықырлайды. Түнде қақсап, ұйықтатпайды» деп қамығып қалды. Қазір неше түрлі емдік заттар шығып кеткен ғой, «Қалада бір танысым коррекциялық ұлтарақ сатып жатыр, кигендердің бәрі мақтайды, содан алдырып берейін, балаңызға айтыңыз ақшасын берсін» дегем.

Сөйтсем ағам «Ой, Назерке не біледі дейсіз, айта береді. Біреу алдап-сулап өтпей тұрған затын сатып жібергісі келген шығар. Малдар төлдеп болсын, сосын қалаға жіберіп, дәрігерлерге көрсетем. Оған дейін шыдай тұрыңыз» деп мәселені «шешіп» тастапты.

«Сонда сізден басқаның бәрі ақымақ, жалғыз өзіңіз ақылдысыз ба?! Анамыз қашанғы ауырып жүреді, не үйленіп, келін жұмсатыңыз немесе тез қалаға жіберіп, емдетіңіз» деп алғаш рет қатты сөйледім. «Не істейтінімді өзім білем» деп бетімді қайтарып тастады. Әттең, студентпін, қалтамда ақшам жоқ. Әйтпесе соған мүлдем жалынбас едім.


Шынымды айтайын ба, үйіміздің де жетісіп тұрғаны шамалы. Әкеме әкесінен қалған қара шаңырақ қой, сыртын әлі әктейміз, ішіне әйтеуір сөйлеп жүріп тұсқағаз жапсырғанбыз. Жеңіл-желпі ремонтпен тұр. Айналамыздағы жағдайы орта деген кісілердің өзі соңғы үлгімен үй салып, айналасын жайнатып алған. Ал біздікі малын қызғыштай қорып отыр. Шындап кіріссе бүкіл малына үй емес, ұшақ сатып алуға болады. Күйеуге тиер болсам «мынау менің үйім» деп көрсетуге ұялам.


Не ішкенге, не кигенге қимаса, үйленіп, бала-шағасының рахатына жұмсамаса, бауырлары пәтер жағалап, тамақты үнемдеп жеп, анамыз қартайғанда қызмет қылып жүрсе, онда мыңғырған малыңнан не қайыр?! Осыны ағам қашан ұғынар екен. Ақыры жақсы болсын...»