​«Немерелі болғанда төркініне кетіп қалды»: павлодарлық әйел әке-шешесінің жағдайына алаңдайды

0
4 319

«Үш айдан бері бес баласын менің анам бағып отыр»


​«Немерелі болғанда төркініне кетіп қалды»: павлодарлық әйел әке-шешесінің жағдайына алаңдайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қыз деген тұрмыс құрып, өз шаңырағының түтінін түтетіп отырса да төркініне елжіреп, соларды уайымдап отырады екен ғой. Мен қазір алыстағы ауылда отырған ата-анам мен ағам үшін алаңдап отырмын. Жетейін десем жол алыс. Анам қартайған шағында қазан-ошақтың қасына жіпсіз байланып қалды» дейді Назира есімді әйел.


Түркістанда туып, Павлодар қаласының азаматына тұрмысқа шыққан оқырманымыз төркініндегі жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баян етті.


«Менің анам 8 құрсақ көтерді. Бес қыздан кейін Құдайдан тілеп, әкемнен ұрыс естіп жүріп ағамызды өмірге әкелген. Жеті қыз, бір ұл өстік. Мен үйдің кенжесімін. Аллаға шүкір, бәріміз үйлі-жайлы боп, өсіп-өніп отырмыз. Ата-анам ағаммен бірге қара шаңырақта тұрады. Әңгіме осы ағам мен жеңгем жайында болмақ.


Ағам мектеп бітірген соң басқа қалаға әскери борышын өтеуге кеткен. Ол кездегі әскер екі жылдық еді ғой. Сонда жүргенде бір қызбен танысыпты. Бірге борышын өтеген жергілікті «полчанының» бөлесі боп келеді екен. Демалыста әлгі жігіттің үйіне барып жүріп екеуінің сөзі жарасқан-ау...


Екі жылдан соң ағам әскерден келді деп ата-анам бүкіл ауылға ас бергені есімде. Жалғыз ұлдарының аман-есен келгеніне қуанған. Бірақ іле-шала ағамды іздеп бес адам үйге келді. «Пәленшеев Қуаныштың үйі осында ма?» деп келгеннен-ақ бірдеңе болғанын ішім сезген еді. Түйсігім алдамапты. Ағам әскерде жүріп әлгі қызбен жақындасқан екен. Елге қайтарда «мен сені зорлаған жоқпын, қинаған жоқпын. Бәрі өз еркіңмен болды ғой» деп қызбен қоштасып кетіп қалған. Енді әлгі қыздың әке-шешесі, әпкесі, жездесі қыздарын ертіп, артынан қуып жетіпті.


«Сіздің балаңыз қызымызды бүлдіріп, сүйем-күйем деп алдап, аяғын ауыр етіп тастап кеткен. Бір ауыз алдарыңыздан өту үшін келіп отырмыз. Далада жатқан қыз жоқ, жап-жас қой, баланың сөзіне сеніп, алданып отыр. Ел-жұртқа қарабет етіп кетті. Ішінде екі айлық баласы бар. Ұлыңыз үйленсін болмаса «зорлады» деп сотқа береміз» деп шу шығарды.


Оған ағам ашуланып, «мен бұл қызды сүймеймін, өзі жабысқан, маған дейін де адал болмаған» деп тулап келе жатыр еді, әкем тыйып тастады. «Тәйт! Етегін түргенің рас па? Жігіт сияқты қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтересің, қыз осында қалсын, ертең беташарын өткізіп, кәде-жоралғымызды жасаймыз» деп келген кісілерді сабырға шақырды. Сонымен, не керек аяқ асты ағамыз үйленіп, ертеңіне беташар тойды жасадық.


Қазір екеуі бір қыз, бес ұлдың ата-анасы боп отыр. Бірақ араларында сезім жоқ болғасын өмірлері ит-ырғылжыңмен өтіп жатыр. Әскердегі «олжасы» қыз болды. Одан кейін кілең ұл туды, жылма-жыл. «Қойшы енді туа бермей, осылардың өмірін берсін» деп жеңгемізді әрең тоқтаттық. Оған бәрібір, қалай асыраймын, қайтіп тәрбие берем дегенге бас қатырмайды. Бәріне менің ата-анам шырылдап жүгіреді де жүреді.


Ағамның да мінезі оңып тұр деп айта алмаймын. Анда-санда ішетіні бар. Ауылдың қарапайым жігіті, егінмен айналысады. Қыста да қарап жатпай, мал бордақылап сатады. Бір үйді үйтіп-бүйтіп асырап отыр. Соңғы төрт жылдан бері жеңгем де көрші ауылдың балабақшасына «няня» боп кіріп алған. «Қоя сал, бізді асырамай-ақ қой, мына балаларыңның тамағына да бір адам керек» деп анам қарсы болып еді, тыңдамады. «Мен осы есікке 19 жасымнан келіп, оқуға да түсе алмағам. Ел қатарды бір уақ әріптестермен араласып, жұмыс істегім келеді» деп отырып алды.


Содан бері анам үйден қадам аттап шыға алмай қалды. Топырлаған ер бала, күнара ыстық нан жауып, үш мезгіл қазан көтеріп қолы тимейді. Әбден тірлік істеп қалған адам, келінінің жұмыстан келіп, тамақ пісіргенін күтіп отыра алмайды. «Мама, білгендерін қылсын, отырсаңызшы» дегенімізді тыңдамайды.


Анамыздың осы жақсылығын жеңгеміз білсе мейлі ғой, соңғы кездері ұжымдастарымен отырыс-тойы көбейіп, одан ішіп қайтатынды шығарыпты. Бұрын ағамның ішкеніне ашуланып, ауырып қалатын әкем енді келінінің жұмыстан тәлтіреңдеп кіргенін көтере алмай жатыр.

Негізі ол кісі келінін бұрыннан жақтырмайтын, «салақ, тамағы дәмсіз» деп отыратын. Енді ішкелі бетіне қарамайтын болды. Ол істеген тамақты ішпейді, дастарханда бірге отырмайды.

Бір-екі мәрте «күйеуіңнің күйігі аздай, енді сен қосылып ішейін дедің бе» деп келініне сөйлеген екен. «Менде шаруаңыз болмасын, мықты болсаңыз балаңызды тоқтатып көріңіз» деп сөз қайтарыпты. Содан көңілі қалған.


Ағам мен жеңгем былтыр қыздарын ұзатып, құда болған. Жақында жиен немеренің бесігін апарып келді. Сол тойда екеуі әбден ішіп, тойдан әрең қайтыпты. Сөйтіп үйге барғанша бірдеңеге келіспей, ұрысып, есіктен кіре төбелес шығарыпты.

Ішіп алған адамда ес бар ма, ағам жеңгемді аямай сабап тастаған. Таң атар-атпас жеңгеміз киім-кешегін жинап, төркініне кетіп қалыпты. Естігенде естен тана жаздадық. Құдандалы боп, немере сүйіп отырғанда мына тірлігі не енді?


Артынан үлкен әпкем іздеп барып, «жүр, ақымақ болма» деген екен, «ажырасам, бармаймын» деп қайтарып жіберді. Одан енді ғана босанған қызы мен күйеу баласы іздеп барыпты. Ақыл-есі бүтін болса күйеу баладан ұялып қайтпай ма, «әкелеріңмен ажырасам, бітті» деп оларды да қайтарып жіберіпті. Үшінші әпкем телефон соғып, «дардай қатынсың, бес балаңды менің шешеме баққызып қойып қалай жатсың, ажырасар болсаң анау балаларды да өзіңмен алып кет» деп ұрысқан екен. Оны да тыңдамапты. Ағам да қырсық қой, «кетпесе кетпен таудан асып кетсін, алдына бармаймын» деп отыр.


Үш айдан асты, анам байғұстың қолы көсеу, шашы сыпырғы боп кетті. «Ессізғағырдың балаларына тамақ шақ келмейді, не берсең де жұтуға дайын» деп жылап қалды. Сегіз баланы өсіріп, енді рахатын көрем бе дегенде жалғыз ұлы мен келіні бейнетке салып отыр.

Құдай адастырам десе демде екен, ағамды ақтамаймын, оның да кінәсі бар. Бірақ жеңгемнің жетесіздігіне күйіп кетем. Өзіміз балаларымызды бір-екі сағатқа тастап кетсең елеңдеп, аш қалмады ма, ауырмады ма деп уайымға салынамыз. Ал ол үш айдан бері хабар-ошарсыз төркінінде жатыр...»