​«Нумерологияға сеніп отырып қалды»: Қызы тұрмысқа шықпай жүрген ана мұңын шақты

0
3 903

«Батадан аттап кетті» дейді қызының бақытты шаңырақ құрғанын күткен ана...


​«Нумерологияға сеніп отырып қалды»: Қызы тұрмысқа шықпай жүрген ана мұңын шақты

Оны ғылымға теңейтіндер де бар. Бәрі сенімге байланысты десек, біреулер сеніп бүкіл өмірін санмен талдап-талғап, енді бірі мұның ойдан құрастырылғанын алға тартады.


Нумерология (ағылш. Numerology)— сандардың және физикалық нысандардың, процестердің және жалпы адамның өмірі мен санасының мистикалық байланысы және олардың бір-біріне көрсететін әсері туралы эзотерикалық сенімдердің жүйесі (уикипедия).


Ал ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан 66 жастағы ана осы бір нумерология дегеннің жалғыз қызының бақытын ұрлағанын айтады.

- Үш ұлдан соң көрген қызым еді. Бетінен қақпай өсіргенім де дұрыс болмады ма деп өкінемін қазір. Жасы 38-ге келді. Әлі күнге тұрмыс құрмады. Ертең әкесі екеуміз кеткен соң күні не болады? Бауырында баласы, жанында азаматы болмаған әйел кімге керек болады ертең?, - деп уайымдайды ол.


Айтуынша, қызының 25 жастағы бата бұзғаны оның бағын байлаған. Сол кезде нумерологияның соңынан кеткені себеп болғанын айтады.

- Осы бір адам түсінбейтін бірдеңені тауып алды да, өз бағын тепті. Қайтейін, өз қызым болса да ашына айтып отырмын.

25 жасында үйге айттырып келген жігіт тәп-тәуір еді. Өздері танысқан, кейін жігіт дәстүрге салып ата-анасын жіберіпті. Қызым да кетәрі болмаған соң жастары келіп қалғанын айтып, баталастық. Сырға салмаса да, бата жасап, екеуінің басын қосуға уағдаласқанбыз. Үш айдан соң ұзатамыз деп келістік.

Сол арада қызым айныды да қалды. «Тұрмысқа шықпаймын, маған болмайды екен» деп шықты табан астында. Себебін әрі айналдырып, бері айналдырып сұрап түсінбедік. «Нумерология бойынша, ол екеуміз қосылсақ бақытты болмаймыз, ештеңеміз сәйкес келмейді екен» дегеннен айнымады. «Бекерге ажырасып тынамыз, ұазаққа бармаймыз» деп бүк түсіп жатып алды. Ол жігіт те біраз келіп жүріп соңында қол сілтеді білем. Ал ата-анасының алдында жүзіміз төмен боп қалды.

Қазір сол жігіт Шымкентте дардай қызметте, үбірлі-шүбірлі. Әке-шешесін жақсы танимын, араласып тұрамыз. Тіл-көзім тасқа, сол кезде батамыз бұзылмағанда қасындағы келіннің орнында қызым жүрер ме еді? Анау балапандар менің жиендерім болар ма еді деп армандап кетемін.

Әрине, бұйырғаннан артық жоқ. Бірақ сол бұйырғанды да кері тебетін адамдар бола ма деймін, - деген ана қызының бұдан кейін де жорамал, болжам дегендерге сеніп тұрмысқа шықпай жүргенін айтты.


Қызы одан кейін де екі жігітті өзіне тең көрмей босаға аттаудан бас тартыпты. Тіпті, қызметті де сондай жорамалдарға сеніп таңдап, біршама уақыт бос жүрген де көрінеді.

- Қызметке тұрса, екі-үш айдан соң шығып кете береді. Басында «қыз бала болған соң қиын ғой» деп онша мән бере қоймай жүргенмін. Кейіннен уайымдай бастадым. «Неге бұл бір орында тұрақтай алмайды?» деп сұрастырсам, тағы сол нумерология, жорамал, тағы бірдеңе. Сәйкес келмейді екен, отырған орны дұрыс емес, болашағы жоқ, сондай себептері таусылмайды.

Екі жыл үйде жатты. Оқыған кітаптары мен айналысқан ісінен бәріміз шошыдық. Әкесі тіпті, ұрысты да. Өзге дінге кіріп кетті ме деп қорықтық.

Сөйтіп жүргенде жеңгесі бір алыс інісімен таныстырды. Онымен әжептеуір боп кездесіп жүрді де, «сәйкес келмейдіге» басты. Ол кетті, тағы бірімен танысты. Оның да туған жылы, күні мен айы дұрыс келмейтін боп шықты.

Енді қазір соқа басы ғана жүр. Ертең әкесі менің көзім кеткен соң бұл қыз кімге керек болады? Кім оның жағдайын жасап, қамқорлық етеді? Соны ойласам өзімді қоярға жер таппаймын, - деп уайымдайды ана.


Қазір әлеуметтік желіде де «бақыт саны, қызмет саны, қаржы коды» сияқты нумерологияның түрлі болжамын ақылы түрде жасап берушілер көбейген. Бірақ ол қоғамға пайдасын келтіріп жатыр ма, әлде теріс әсері көп пе?! Ол жағы белгісіз. Бірақ оған жүгінетіндер қатары әжептеуір секілді.

иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Әр отбасында СОНДАЙ бір адам болады»: алматылық келіншек күйінішімен бөлісті


«Әйелімнің салақтығынан шаршадым»: түркістандық азамат ажырасқысы келетінін айтты