«Қартайған анам ыдыс жуып жүреді»
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды
«Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады» демекші, менің әйелім қыз күнінде мінсіз еді. Әлде мен махаббатқа мас болып, байқамадым ба? Әйтеуір жатақханадағы бөлмесі мұнтаздай, тап-таза болатын. Өзі де бір рет бетіме келіп сөйлеген емес, әр ісімді қолдап, қуаттап отырушы еді. Оның сол болмысына ғашық болып, үйленген едім. Сөйтсем оның бет-бейнесі үйге келін болып түскен соң ашылды, мен танитын Аяулым мүлдем басқа адам екен».
Серік есімді түркістандық азамат ERNUR.KZ тілшісіне осылай деп мұңын шақты. Оқиғаның жай-жапсарын өзі былай деп баяндап берді:
«Аяулым екеуміз университетте оқып жүргенде таныстық. Түр-тұлғасы, киім киісі, жүріп-тұрысы бәрі бірден ұнады. Сырт келбетіне қарап, өз ісіне пысық, тазалықты жаны сүйетін адам болар деп топшыладым. Ешқашан сөз таластырып, біреумен ұрыс-керіске барғанын көрмеппін.
Оқу бітірген соң үйлендік. Мен үйдің кенжесі болған соң аудан орталығындағы ата-анамның қолына барып тұрдық. Екеуміз де жұмысқа орналастық. Сол кезден бастап Аяулым бойындағы кемшіліктер шыға бастады. Бастапқыда оған онша мән бермейтінмін. Кейін анам айтқан соң аңғара бастадым. «Жұмыстан шаршап келдім» деп үйді аптасына бір жинайды. Онда да қалай болса, солай. Ыдыс жууды қойған. Тамақты мамам дайындап қояды, ішіп алады да, бөлмесіне кіріп кетеді. «Қоя бер, бала ғой, әлі-ақ үйреніп кетеді» деп анам бірде жақтайды, бірде жамандайды. Ыдыс жуу, кір жуу, бәрі мамамның мойнында. «Күйеуім ғой» деп бір мәрте киімдерімді үтіктеген емес. Қайта өзінің көйлегін «мынаны да баса салшы» деп маған қосып кетеді.
Аяулымның бұл тірліктері ата-анама ұнаған жоқ. Олар «әйеліңе айтсайшы» деп маған шағымданады. «Келінсің ғой, сәл қолғабыс етсейші» деп айтсам, бұртиып, өкпелеп, соңы ұрысқа айналады.
Бұрынғы салақтығы бала көтерген соң жайына қалды, «аяғым ауыр, мазам жоқ» деп жатып алатынды шығарды. Ыдыс-аяқ жуу анамның міндетіне айналғандай. «Ертең-ақ балалы болған соң үй шаруасын өзі иіріп әкетеді» деп анам сабыр сақтады. Айы-күні жетіп Аяулым ұл тапты. Бірақ балалы болған соң иіріп әкету былай тұрсын, үй шаруасына мүлдем қарамайтын болды.
«Ана жерім ауырып тұр, мына жерім ауырып тұр» деп баладан босай қалса жата қалады. Үй шаруасының бар ауыртпалығы анама түсті. Үйде ұрыс-керіс жиіледі. Бір күні әкем оңаша шақырып алып, «балам бөлек шығыңдар, сендер ауырымызды жеңілдетер деп едік, олай болмай шықты. Бізге алаңдама. Өз күнімізді көреміз. Біз үшін шаңырағыңды шайқама» деді.
Әкемнің мына сөзі ауыр тиді. Әкемнің сөзін үнсіз тыңдап болған соң, оңашада бәрін ой сүзгісінен өткізейін әрі ішімдегі өртті басайын деп дәмханаға бардым. Ол жақта Мақпал деген қызбен танысып қалдым. Студент, соңғы курста оқиды екен. Екеуміздің әңгімеміз бірден жарасып кетті. Онымен кездескен кезде басымдағы барлық проблеманы ұмытатын болдым, көңіліме нұр сепкендей күйге бөлейді.
Мақпалмен әлі күнге дейін кездесіп тұрамын. Ол да мені ұнатып қалған сияқты. Отбасылы адам екенімді жасырмай айттым. Әйеліме деген сезімімнің суып кеткенін, ажырасайын десем баламды қимайтынымды да жеткіздім. Ол ерлі-зайыптылардың арасына түскісі келмейтінін, бірақ ажырасып жатсам маған тұрмысқа шығуға келісетінін ашық айтты.
Баламды тастап, екінші мәрте үйлене салу маған да оңай болып тұрған жоқ. Әйелімді түсінуге қанша тырыссам да, оның шайпау мінезі шаршатып жіберді. Кейде жұмыстан қайтқым келмейді. Аяулымның ызыңынан шаршадым. Анамды да аяп кетемін. Жасы алпыстан асса да таңнан кешке дейін үй шаруасынан бір босамайды. Еншімді алып кетейін десем, ел-жұрттан ұяламын. «Қартайған ата-анасын тастап кетті» деп ағайындар бетіме түкірмей ме? Оларға қай бетіммен қараймын? Тіпті бөлініп шыққан күннің өзінде Аяулым өзгере ме? Оған сеніңкіремей тұрмын. Көзді тарс жұмып, ажыраса салайын десем баламды қимаймын. Күн санап қылығы шығып келеді. Тәп-тәтті өзі...»
Серік көпті көрген кісілерден тығырықтан шығар жол іздеп, кеңес сұрайды. «Әйелдер отбасын құрған соң арадағы сезімді сөндіріп алмас үшін, қыз күніндегі қалпынан айнымас екен, келіндік парызы барын ұмытпаса екен» деп ойын қорытындылады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Ұмыта алмай жүрмін»: қызылордалық 70 жастағы қария алғашқы әйелінен кешірім сұрағысы келеді
«Анам» деуге ұяламын»: түркістандық бойжеткен жанын жегідей жеген сырымен бөлісті