«Ұмыта алмай жүрмін»: қызылордалық 70 жастағы қария алғашқы әйелінен кешірім сұрағысы келеді

0
3 259

«Қызының әкесі мен сияқтымын»


«Ұмыта алмай жүрмін»: қызылордалық 70 жастағы қария алғашқы әйелінен кешірім сұрағысы келеді
иллюстрациялық фото интернеттен алынды


«Жас кезде көп нәрсеге мән бермейсің. Көкірек құрығыр жібермей тұрады. Ал қартайған шақта өткенге көз жіберіп, қай жерден қате кетті, кімді ренжіттім, кімнен не қарызбын деп іштей есеп береді екенсің. Сондай шақта алғашқы әйелім есіме түсе береді», - дейді қызылордалық Жамалбек ақсақал.


Ол кісінің алғашқы жары Сарагүл апа үш айдан соң ешкімге ләм-мим деместен төркініне кетіп қалған екен. Оқиғаның одан әрі қалай өрбігенін Жамалбек атамыз ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Біз атадан жеті ағайындымыз. Менен үлкен әпкем болды да, жастайынан тұрмысқа шығып кетті. Қалғанымыз кілең ер баламыз. Анамызға бұл өте ауыр тиді. Үйдің бар шаруасы өзінің мойнында. Әкеміз ерте қайтыс болып кеткен. Бір өзі жеті баланы өсіремін деп жүріп, айықпас дертке шалдыққан екен. Онысын өзі білмей, әбден өткізіп алған. «Балам, үйленші, келіннің қолынан шай ішейін, мына шаңырақты соған тапсырайын» деп қоймаған соң ауылдағы жеңгемнің көрсетуімен Сарагүлмен танысқанмын. Ұзын бойлы, аққұба өңді қыз екен. Бір көргеннен ұнады, ол да іштей жақсы көрген шығар, алып қашқанымда қарсы болған жоқ-тұғын.


Арада үш ай өткенде анам өмірден өтті. Жарықтық келінді күтіп жатқан екен ғой. «Ризамын, бәріңе ризамын. Келінім де ұнады, өздеріңнен өсіп-өне беріңдер» деп ақ батасын беріп, артымнан ерген бауырларымды маған аманаттап кете барды. «Әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетім» деген рас екен. Анамыз қайтқан соң бар жауапкершілік өз мойныма жүктелді. Таңның атысы, кештің батысы жұмыстамын. Жұмысым аудан орталығында, ол кезде қазіргідей көлік те жоқ, жұмыстан уақтылы шықпасаң, ауылға қарай қатынайтын автобустан қалып кетесің. Ондайда ағайын-туғанның үйінде жатамын. Ал бұл қылығым әйеліме онша ұнамайтын. Қазір ойлап отырсым, өзі енді келін болып түскен, енесінен айырылды, мен де жұмысбасты болып, оған онша көңіл бөлмеген екенмін. Топырлаған ер балалардың арасында жазғыз өзі қиналған сияқты.


Алты айдан соң киім-кешегін жинаған да, төркініне кете барған. Мен жұмыстамын, кешке келсем, алдымнан кіші інім жүгіріп шықты. «Жеңешем кетіп қалды» деді. «Кеткені несі?» деп аң-таңмын. Бөлмемізге алақандай қағазға хат жазып кетіпті. «Жамалбек, мен саған дұрыс әйел бола алмаймын. Әрі сенің бауырларыңның бейнетіне көніп, жолыңды тосып отыратын шамам жоқ. Мені іздеме, өзіңе жақсы жар тауып, бақытты бол!» депті.


Сол кездегі жағдай әлі көз алдымда. Бес бауырыммен топырлаған еркек, ас-сусыз қалдық. Ағайындар жиналып, «келіннің артынан барайық, сенен бір қателік кетсе, кешірім сұра, жүр» деді. Менің өкпем қара қазандай еді, «Бармаймын,мен оның маңдайынан шерткен жоқпын. Артық-ауыс әңгіме айтқан жоқпын. Уақытша қиындықтан қашып кеткен екен, өзі білсін, жалынбаймын» деп отырып алдым.


Арада бес ай өткенде қазіргі апаларыңды жолықтырдым. Обалы не керек, Нұржамал маған жақсы жар бола білді. Бар ауыртпашылықты менімен тең көрді. Барға да, жоққа да сабырмен шыдады. Екі ұл, бір қыз тауып, бүгінде бақытты ата-әже болып отырмыз.


Дегенмен... сол баяғы Сарагүлді әлі ұмыта алар емеспін. Бір сәтке есімнен шықпады. «Қайда жүр екен, тұрмысқа шықты ма?» деген ой маза бермейтін. Құдайдың құдіретін қарамайсыз ба, арада қырық жыл өткенде мен Сарагүлді жолықтырып қалдым. Қалада балдызым тұратын, сол қызын ұзатты да, үйінде «өлі-тірісін» берді. Сол жерде отырсақ, баяғы өзім сүйіп қосылған Сарагүл кіріп келе жатыр. Балдызымның көздей көршісі екен. Сол баяғыдай әдемі, жіптіктей. Тек аздап әжім түсіпті. Ол да мені таныды, бірақ сыр білдірмеді. Орысшаға судай екен, көршілермен әңгіме айтып, арқа-жарқа болып отырды.


Сол сәттен бастап менің жан дүнием төңкеріліп сала бергендей. Сарагүлді бір көріп, әңгіме-дүкен құрғым келіп тұратын болды. Әрдеңені желеулетіп балдызымның үйіне бара беремін. Көріп қалатын шығармын деген дәмем бар. Бірақ ол көзіме сол бойы түскен жоқ. Балдызымнан жұқалап сұрастырып едім, бір қызы бар екен. «Күйеуімен дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетіпті. Содан бері жалғыз тұрады. Қызы тұрмысқа шыққан, көбіне соның үйіне барып, немерелерін бағады» деді балдызым. Оны естіген соң көңілім нілдей бұзылып сала берді. «Қызын кімнен тапты? Менің қызым емес пе?» деген сұраққа жауап таба алмай қиналып жүрмін.


Жетпіске таяған шағымда қайдағы махаббат? Тек төрімізден көріміз жақын қалған шақта Сарагүлмен сырласып, өткен-кеткенді әңгіме етіп, менен қателік кетсе кешірім сұрасам деген ойдамын. Ол үшін не істерімді, алғашқы қадамды қалай жасарымды білмей жүрмін».


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Анам» деуге ұяламын»: түркістандық бойжеткен жанын жегідей жеген сырымен бөлісті


«Сұрамай ала береді»: шымкенттік келіншек бауырларының ақша сұрай беретініне ренжиді