«ӨЗІ ҮШІН» туып алған келіншек енді баласы тегін білмей өсе ме деп алаңдайды

0
2 553

​Айтуға да, ондай қадамға бару да оңай болғанымен, одан кейінгі қиындықтар аз емес екен.


«ӨЗІ ҮШІН» туып алған келіншек енді баласы тегін білмей өсе ме деп алаңдайды

Бұрын босаға аттамаған қыздың жүкті болуы масқара саналатын. Қазір бұл – қуаныш. Бұрын жаза басып жүкті боп қалған қызға жұрт «Өмірі бүлінді-ау» деп қараса, қазір «Бала олжа, дұрыс бопты!» деп сүйсінеді. Сондықтан болар, соңғы уақытта еркекті ешнәрсеге міндеттемей «Өзі үшін» туып алатындар көбейген. Бұндай жаңа түсінікке дұрыс немесе бұрыс деп баға беру оңай, ал қиындығын басынан өткерген адам ғана білер.


Өмір-пойызының зырлап өтіп бара жатқанын ұғып, өзі үшін бала туып алған әйелдің бірі – Лаура. Ол ERNUR.KZ тілшісіне өз оқиғасын айтып берді.

Лаура ата-анасының үлкен үміт күткен қызы еді. Ол мектептен соң, арман қуып ата-анадан жыраққа кетті. Таңдаған мамандығы өзіне ұнайтындықтан, жарты жолда оны тастап кете алмады.

Иә, оның алдында екі таңдау болды. Студент атанған шағында өз махаббатын кездестірген болатын. «Мен әлі оқуым керек, қазірше махаббат сезіміне ерік беруге менің құқым жоқ» деп өзіне тосқауыл қойған. Соңғы курсқа жақындағанда тұрмыс құрамын деген ой жеңді.

Лаура алғашқы курсты тәмамдаған кезде ол жігіт төртінші курсты аяқтап, университетті бітіреді. Сол кезде ғана бойжеткеннің оған деген сағынышы үдей бастайды. Көп ұзамай ортақ достарынан жігіттің үйленгенін естиді.

Өкінеді. Бірақ бәрі кеш. Сонда да жүрегінен ойып тұрып орын алған жігітті жуық арада ұмыта алмай қиналады. Лаура «Бәріне уақыт – емші», «Көзден кетсе, кеңілден кетеді» деген сөздерге сеніп, күндерді өткізіп жатады.

Зуылдап уақыт өтіп, Лаура төрт жылдық оқуын аяқтайды. Диплом алып, қызметке орналасады. Көңілін аулайтын қызықты сәттер де болды өмірінде. Лаураның студенттік шағында болған махаббатты әлі ұмыта алмай жүргенін білетін достары, жақындары оның қамығуына жол бермеуге тырысты. Алайда қыз жүрегі оңаша қалған сәттерде оны бір сәтке де ойламай қалған емес.

- Мен өз жүрегіме әмірімді жүргізе алмадым. Кейде сезімнің санаға бағынбай кететін сәттері де болады. Ол ерекше тартымды да емес, кәдімгі қарапайым, ауылдың қара домалақ баласы. Бірақ оның жүрегіме салған шоғының ұзақ уақыт өшпеуіне өзім де таңқаламын, - дейді Лаура.


Құрбылары оны небір жақсы жігіттермен таныстырады. Бірақ Лаураның жүрегіне көп жігіттің біріне де селт етпейді.

Көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қып-қысқа өмір емес пе?! Лаура әп-сәтте жасының отыздан асып кеткенін аңғармай да қалады. Тұрмысқа шығып, тал бесікке сүйеніп әлди-әлди айтатын уақытында қызының жұпсыз жүргені анасына қатты батады. Ал Лаура өрге басқан қызметімен алданды.

Дегенмен қай қыз тұрмысқа шығуды, ана атануды ойламайды дейсіз?! Бірақ қыз жігіт емес қой үйленетін, ұнаған адамға сезімін айтатын. Лаура қанша ойланып уайымдағанмен, әйтеуір сәті түспеді.


- Тұрмысқа шығуым керек екен деп асығыстық жасағым да келмеді. Менің ұстанымым өмірімде бір ғана рет тұрмысқа шығамын және отбасым қандай болса да мен өзімді сол отбасым үшін құрбан етуге дайынмын деп ойлаушы едім. Бірақ уақыт пен жағдай адамның ойын, жоспарын өзгертіп жібереді екен, - деп Лаура неліктен ондай қадамға барғанын түсіндірді.


Оның көзқарасын өзгертуіне анасының уайымнан шөгіп бара жатқаны себеп болыпты. Қазақта «Қыз өтпесе шеше сорлы» деген ащылау сөз бар. Расында да жасы қырыққа таяған қызының ертеңін ойлағанда анасы ауырып төсекке жатып қалатын. Ол бір күні қатты ауырып қалып, Лаураны шақырып алады. «Қызым, осыншама уақыт қақсадым, теңіңді тапсаң тегін беруге де дайын едім. Біреудің екінші әйелі болсаң да балалы болуға әрекет жаса. Тым болмаса көңіліңе жаққан азаматтан өзің үшін бала туып алшы. Рұқсатымды беремін» дейді. Жеңгелері де «Ертең қартайғанда жаныңа медет болар, аузыңа су та-мызар перзент керек. Бір баланы жетілдіруге шамаң жетеді ғой. Күйеусіз-ақ өзің өсіріп, жеткізе аласың. Ренжіме, бірақ, тұрмысқа шығу уақытынан кеш қалдың. Алайда ана атануға әлі де кеш емес» деп, балалы болуға үгіттейді.


Әрине бұның бәрі де шын жаны ашығандықтан айтылған сөздер. Бұрын анасы «жұрттан ұят», «жұрт не дейді?» деп ағайын-туыстың сөзінен қорқатын еді. Ал уақыт өте келе жұрттың сөзінен адам тағдыры артық екенін түсінгендіктен қызына күнде қоңырау шалып алаңдай береді.


Екі жыл бұрын Лаураның әкесі өмірден өткен еді. Әкесі қызының отбасылы болғанын көре алмай кетті. Ол да өмірінің соңына дейін қызының жалғыздығын уайымдады. Енді анасының да арманда кететінін ойласа, Лаура батыл қадамға баруға өзін көндіре алмай қиналды.

«Өзің үшін туып ал» деп айту оп-оңай болғанымен, бұл қадамға бару, оған өзіңді психологиялық тұрғыда көндіру оңай емес. Әсіресе есік көрмеген қыз үшін қиынның қиыны. Дегенмен өмірден жалғыз әрі баласыз өткеннен бұл дұрыс шешім.

- Жан-жағымнан жанашыр адамдар «Жасы қырыққа келген қыздың өзі үшін бала тапқаны ұят та, айып та емес» дегенде, бәрі оңай сияқты көрінетін. Ал шындығында өте қиын. Өмірге некесіз бала әкелу, оны әкесіз жетілдіру тек өзіңді өмір бойы кінәлаумен, мүжумен өту сияқты түйілетін. Өзімді мәжбүрлесем де, бір шешімге келу үшін ұзақ қиналдым, - деп Лаура артта қалған сол қиын күндерін еске түсірді.


Асыл тас ашық болса, ұрлағысы келетіндердің әп-сәтте табылатыны белгілі емес пе?! Жасым отыз тоғыздағы Лаураға араласып жүрген әріптес, дос-жарандар арасынан «Менен туып ал» деп ұсыныс айтып жүрген отбасылы еркектер жоқ емес-ті.

Анасы қоңырау соғып, «Жалғыз еместігін көріп кетсем, жер астында тыныш жатар едім» деген сөзінен соң Лаура отбасылы бір еркектің ұсынысын қабыл адады.

Қонақүйге келген соң әлгі еркек болашақта өмірге келетін баланың жауапкершілігін мойнына алмайтындығын, оған ешқандай қатысы болмайтындығын айтады. Өз отбасынан жырақтап ешқайда кетпейтінін айтып біраз кібіртіктейді. Қысқасы ол еркек ешқандай уәде берген жоқ.


- Әншейінде түрлі сөздер айтып мазамды алатын ер-азамат шындап келгенде қорқақтап қалды. Оның «сен өзің қалап тұрғандықтан ғана көмектеспекшімін» деген сөзі ашуымды келтірсе де, психологиялық тұрғыда шешініп қойғандықтан суға түсуден тайынбадым. Өйткені сол күні болмаса ешқашан болмайтын ұқтым, - дейді Лаура.


Оның айтуынша, балалы болу үшін ғана еркектің құшағына құлау алдында түрлі сезімдер бір сәтте кеп уайымға салса, одан кейінгі күйдің одан да ауыр. Сондай-ақ бірінші төсектен жүкті бола салу екінің біріне бұйыра бермейтіні де белгілі. Лаураның аяғы әлгі еркекпен оныншы рет төсекте кездескеннен соң ғана ауырлапты.

Ол әр кездескеннен кейін бірнеше күн «Күнә жасадым» деп өзін-өзі жазғырып жүреді. Ал аяғы ауырлағанын білгенде оның өзін-өзі айыптауы үдемесе кемімейді. Жүкті болған соң Лаура құрсақтағы баласының әкесімен байланысын үзеді.

Сыртынан пыш-пыштап өсектегендер де, қолдау көрсетіп, қадамын дұрыс деп санағандар да болды. Қалай болғанда да, болары болды, енді тек шыдау керек. Лаура ана атану мезгіліне асықты. Асыққан сайын уақыт та қырсығып алға жылжымай қойғандай. Бұған дейін уақытты жеткізе алмай жүретін Лаура енді уақытты өткізе аламй қиналды. Өйткені қырық жаста тұңғыш рет құрсақ көтеру оңай емес.

Әр қиындықтан соң бір жеңілдік бар. Көп қиналыстан кейін Лаура өмірге шекесі торсықтай ұл баланы алып келді. Баланы өз атына жаздырып, тегін берді.

Лаураның қалада жеке пәтері болғандықтан, оның балалы болғанын көп адам білмеді. Анасы кеп, нәресте күтіміне көмектесті. Ол әу баста өзі мәжбүрлегендей боп осы қадамға итермелеген еді. Ал бала туылған соң, «Пәленше абысыным естісе түген дейтін шығар» деп әр күні уайымға салынатын болды. Тіпті бірде «Түгенше көршіммен бұрын ұрысып қалғанда «Менің дәрежеме жету үшін алдымен бала ту» дегенмін. Ұзақ уақыт құрсақ көтере алмай жүрген көршім сонда «Қазір балам бар деп жүзіңді көкке көтергенмен, перзенттің ішінде жүзіңді төмендететіні де болады. Сол кезде өлшейміз дәрежеңді» деген еді. Бұл жаңалықты естісе өткенді қозғайтын бопты ғой» деп, өз-өзімен сөйлесетінді шығарады. Анасының қатты уайымдап жүргенін, әлі де жұртың сөзінен қорқатынын түсінген Лаура «Ағайын-туысқа да, ауылдағы адамдарға да «бала асырап алдым» деп өтірік айта саламы. Уайымдай бермеңізші» деп жұбатады.

Лаура анасы үшін балалы болуға мәжбүр болса, енді анасының уайымын қалыңдатпай үшін өтірік айтуға мәжбүр болады. Бірақ оның туған бауырлары шындықтан хабардар болды. Олар да жұрттан жасыруға келіседі.

Әйтсе де адамнан жасырғаныңды Алладан жасыра алмайсың. Лаураның ұлы өзімнен аумайды. Түр-әлпетінен бөлек, мінез-құлықтарына дейін өзіне ұқсайды.

Қазір Лаураның баласы 12 жаста. Ол ауылына барғанда көршілері «Қос тамшыдай ұқсайсыңдар. Бала туған әке-шешесіне емес, асыраған ата-анасына ұқсап кетеді деген сөз рас екен ғой» деп таңдай қағады. Ондай кездері Лаура күлімсірегенмен, іштей жылап тұрады. Үндей алмайды. Өйткені сыры өзіне ғана мәлім. Ұлы да жұрт сөзінен кейін әлі күнге дейін өзін асырап алған деп санайды. Ол «Анашым, мені шынымен асырап алғансыз ба? Туған ата-анам қайда?» деп сұрағанда, «Сен менің баламсың. Сені мен туғанмын» дейді Лаура. Бірақ баласы сенбейді.

Лаура:

- Ұлым өзінің «асыранды емес» екенін әйтеуір бір білетіні анық. Сонда ол менің ұзақ жыл жұртқа асырап алған балам дегенім үшін кінәлайтын шығар. Ал шындықты білген соң әкесі туралы сұраса не деп жауап беремін. Әкең мен өтініші жасаған соң сені «жасауға жәрдемдескен» деп қалай айтамын? Әкесі баласын мойындаамйтынын сол кезде-ақ ашып айтқан, - дейді уайымдап.


«Бала өмірдің сәні, ол анаға – қуаныш» десек те, шын тегінің, қайдан шыққанын түсіне алмауы, өмір бойы көп сұрақтарына жауап таба алмай өмір сүруі оның да, анасының да жанына бататыны – өкініш. Осындай өкініш өзегін әбден өртесе керек, Лаура оқиғасын осы тұстан қайырып, аяқтауға асықты. Ол әңгімесінің соңында:


- Баланы әкесіз дүниеге әкелу – өзің үшін де, бала үшін де ауыр азап. Қандай жағдай мәжбүрлесе де баланың әкесін білмей өсуіне қарсымын. Ер-азаматсыз, жаныңда сүйеніп тіршілік етер отағасыңның болмауы әйелге қандай қиын болса, балаға да әкесін танымай өсуі сондай ауыр, - деді.


Лаура түрлі себепке байланысты оң жақта отырып қалған қыздарға «өзі үшін» бала туып алуға қарсы емес. Ол баланың әкесін, тегін білмей өсуіне қарсы. Ал сіз ше, оқырман, «Өзі үшін» туып алуды қолдайсыз ба?

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Тумайсың!»: Түркістандық келіншек енесінің қатаң талап қойғанын айтты


«Еркекті жылаттым»: Шымкенттік әйел өткен ісіне өкінетінін айттыы