«Өзім тигендей қуандым»: жетісайлық келіншек қайынсіңлісімен арадағы жағдайды жайып салды

0
3 217

«Мен көйлек алған күні ауырып қалады»


«Өзім тигендей қуандым»: жетісайлық келіншек қайынсіңлісімен арадағы жағдайды жайып салды
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды

«Құдай адамды әйтеуір бір жағынан қысып қояды екен ғой. Толықтай бақытты болу мүмкін емес. Біреудің байы жаман, біреудің баласы тәртіпсіз. Біреудің енесі күн бермейді. Ал менің қайынсіңлім... Сол қайынсіңлім болмағанда мен шексіз бақытты болар едім», - дейді Ақбота есімді әйел.


Айтуынша, бір баласымен ажырасып келген қайынсіңлісімен жиі кикілжің орнап, тыныш өмір сүруіне кедергі келтіретін көрінеді. Мәселенің неден басталғанын Ақботаның өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Күйеуім екеуміздің жас айырмашылығымыз әжептеуір, он жас. Қыз бен жігіт болып жүріп, бір-бірімізді ұнатып бас қосқанбыз. Өзінен үлкен ағасы, әпкесі, сосын қарындасы бар. Қайынағамыз мен келін болып түске жылы еншісін алып кеткен. Әпкеміз де қалада, отбасымен тұрады. Үйде тек өзіммен түйдей жасты қайынсіңлім мен атам бар. Енем осыдан үш жыл бұрын өмірден өткен екен.


Қайынсіңлім мені келгеннен жақтырмады. Өзі әлі тұрмысқа шықпаған, қатарластарының бәрі отбасылы болып кеткен. Әбден үйдің бар тірлігін, билігін өз мойнына іліп алған қыз екен. Менің келін болып келіп, үйдің шаруасын өз өолыма алғаным оған ұнамаған сияқты. Әр қадамымнан мін тағып отыратын болды. «Мынауың дұрыс емес, біздің үйде тамақты былай істейді» деп ақыл айтады. Жуып қойған полымды қайта сүртіп шығатын. Бәрін өзі артынан қайталап істеп жүреді. Бұрын «Маған не, білгенін істесін, шаршайтын өзі ғой» деп ішімнен мырс етіп қоятынмын. Уақыт өте келе оның әр тірлігі, әр сөзі, тіпті бет-әлпетіндегі мимикасы да жүйкеме әсер ете бастады.


Қайынсіңлімнің мені күндесіндей көретіні соншалықты, мен киім немесе өзіме косметика сатып алған күні қан қысымы көтеріліп, дереу өзіне жедел жәрдем шақыртып, бәрімізді әбігерге салады. Ондай күні бәріміз соның «әуеніне төңкеріліп», асты-үстіне түсеміз.


Бір күні үйде монша жағып, шомылуға керекті заттардың бәрін алдын-ала апарып қойғанмын. Қайынсіңлім мен көзімді ала бере моншаға кіріп, сусабын мен ысқышты әкетіп қалған ғой. Моншаға кіріп, шешініп, суға түскенде әлгі заттардың жоғын біліп, сан соғып қалдым. Дап-дардай адам ғой, ал тірлігі тура бес жасар баланікіндей.


Бұл тірлігін өзіне айттым, «Байың бар, сусабынды сол әперсін. Неге мен әкелген затпен шомыласың?!» деп өзіме ұрысып берді. Содан-ақ өресінің қай дәрежеде екенін байқай беріңіз.


Келін болып түскен алғашқы екі жылым осылай айтыс-тартыспен өтті. Екі жылдан соң енеміздің төркін жағынан біреулер айттырып келді де, аяқасты ұзататын болдық. Сондағы қуанғанымды көрсеңіз, өзім күйеуге тиердей қатты дайындалдым. Күйеуім екеуміз тойхана жалдап, киіттерін қаражаттап, құдалығын да, ұзату тойын да елдің алды етіп өткіздік. Күйеу бала да жуас, ауылындағы мектепте мұғалім болып істейді екен. «Құдай-ай, екеуі өмір бақи ажырамай, өздерінен өсіп-өніп кетсе екен» деп іштей қатты тіледім.


Бірақ, қайдағы... Анау мінезімен ол жаққа да сыймады. Барған жылы-ақ «Енем күн бермейді. Тірлігімді жақтырмай сөйлей береді» деп келіп қалды. Үлкендер жағы «Ене болған соң сөйлейді, шыдау керек, балалы болсаң бәрі қалпына келеді» деп, күйеу баланы шақыртып, қосып жібердік.


Балалы болған соң тағы келді. «Күйеуім нашар, анда-санда ішеді, кеше ішіп келіп, бетімнен салып қалды. Мені ұратын адаммен тұра алмаймын» деп шағымданды. Іштей кінәнің бәрі өзінен екенін біліп тұрмын. Бірақ тіл қысқа. Ағалары құданың ауылына барып, мән-жайды біліп қайтты. Күйеу баламыз «Қыздарыңның тілі жаман, бетің бар, жүзің бар демейді, беттен алып, төске шабады. Мені ешқашан сыйламайды. Бір мәрте жылы қабақ танытып, шайын күліп бергенін көрген емеспін. Кешке әйтеуір бірдеңеден ұрыс шығарады» депті.


Күйеуім қарындасына «Ажырасасың ба, болды ма, артыңнан келген дүниені әкеліп алайын ба?» деп сұраған. Онысы «Ол үйге өлсем де аттап баспаймын» деген. Сол сөзіне сеніп, бар тірлігін көлікке тиеп алып келдік. Баласын ауылдағы бақшаға кіргіздік. Өзін аудандық білім бөлімін басқаратын нағашыма айтып жүріп, ауылдың мектебіне мұғалім еттік.


Баяғы өмір қайта келгендей. Менің балаларыма тиісіп, өз баласымен ұрысып қалса нұқып, әр тірлігіме мін тағып, мазамды ала бастады. Обалы не керек, күйеуім мен атам өте жуас, маған артық сөз айтқан емес. «Келін, сен не айтсаң сол болады» деп отырады. Содан кейін қайынсіңлімнің көп тірлігіне көз жұма қараймын. Үйіміздің берекесін қашырғым келмейді.


Бірақ соңғы кездері жүйкем сыр беріп жүр. Күйеуіме «қарындасың шектен шығып барады» деп бір-екі мәрте айтқанмын. «Шыдайсың, қамкөңіл адам ғой. Мамамыздан айырылғанда қатты стресс алған, содан әлі өз-өзіне келе алмай жүр. Қашанғы жүрер дейсің, теңі табылса кетеді ғой» деп әңгімені жауып тастады.


Енді Құдайдан күндіз-түні «қайынсіңлім бақытты болып кетсе екен» деп тілейтін болдым. Қазір сол қыз менің көзіме құбыжық болып көрінеді. Күйеуден қайтып келгелі тынысым тарылып кеткендей. Не істесем болады, арадағы түсінбеушілікті қайтсем жоямын?»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Үйленбесе сотқа берем» деді: шымкенттік жас келін қайынағасы жайлы шындықты жайып салды


«Оқуының ақшасын жоқ қып жіберген»: түркістандық әйел келінінің өтірігіне әбден тойғанын айтады