​«Өзің өліп қалмадың ба?»: астаналық бойжеткен бір отбасын қалай бақытсыз еткенін айтып өкінеді

0
4 084

«Енді бала көтере алмайды екенмін»


​«Өзің өліп қалмадың ба?»: астаналық бойжеткен бір отбасын қалай бақытсыз еткенін айтып өкінеді

көрнекілік сурет: ашық дереккөзден

«Атаңа не істесең алдыңа сол келер» дейді ғой, мен мұны тек ата-анаға ғана емес, жалпы адамға қатысты дер едім. Себебі бұл өмірдегі дұрыс ісіміз де, теріс тірлігіміз де нәтижесіз қалмайды. Әсіресе біреудің көз жасы, қарғысы мен наласына қалудан қорқу керек екен. Әттең, кезінде жас болып, осыны түсінбеппін» дейді Балнұр есімді астаналық оқырман.


Балнұр - бір перзентке зар боп жүрген жандардың бірі. Ол өзінің бақытсыздығына тек өзін кінәлайды. Себебін ERNUR.KZ тілшісіне түсіндіріп айтты.


«Кедей отбасыда тудым. Бірақ Құдай бой мен түрден қыспады. Мектепті де жақсы оқыдым. Университетке өз күшіммен түстім. Қалаға келіп, студент атанғаныммен бар арманым қалталы жігіттің етегінен ұстау еді. Кедейлікті әбден көріп, зәрезап болғаным соншалық, туып-өскен үйіме барғым келмейтін.


Университетті бітіргенше іліне қоятын тәуір жігіт кездеспеді. Шындығында жақсылары болды, бірақ мен олардың ақылы мен сезіміне емес, қалтасына қарап, бәрін кері қайтаратынмын. Жұмысқа тұрып, араласатын орта көбейген соң бір жігітке көңіл ауды.


Ол менің әріптесімнің досы еді. Үйлену тойында танысқанбыз. Той соңында мені үйге жеткізіп салды. Сол күні өзімді бақытты сезіндім. Ертеңіне жеке кездесуге шақырды. Әшейінде екінің бірін менсінбейтін адам едім, осы жолғы кездесуге ерекше дайындалып бардым. Бірақ оны көрген сәтте көңілім су сепкендей басылып қалды. Қолында неке жүзігі бар екен. Амандық-саулықтан соң бірден отбасылы адам екенін айтты. «Әйелімнің денсаулығы жоқ, екі балам бар. Оларды тастап, басқаға үйленетін жайым жоқ. Бірақ сен де маған ұнап қалдың. Үйленген жігітпен кездеспеймін десең, онда осы біздің соңғы кездесуіміз болсын» деді байыппен.


Басында оның үйленгеніне үрке қарап, кездесуден қашқақтап жүргем. Кейін бауыр басып қалдым да, ол екі күннің бірінде менің үйіме келіп тұратын. Бір жылдай жасырын кездесіп жүрдік. Бірақ осы уақыт аралығында ажырасатынын айтқан емес. Ал оның әйеліне деген құрметі, балаларына деген махаббаты менің жыныма тиетін. Осы туралы әңгіме қозғасақ «сен басында бәрін білдің ғой» деп кінәні маған артып, теріс бұрылып кетіп қалатын.


Бір күні аяғым ауырлап қалды. Жағдайды жігітіме айтып едім, «маған дәл қазір бала керек емес, өзімде проблема жетіп жатыр» деді. Мына сөзден кейін қарап қалам ба, әйелінің нөмірін тауып алып, ұзын-сонар хат жаздым. «Бір жылдан бері кездесіп жүрміз» деп бірге түскен суреттерді қоса салып жібердім.


Ертеңіне ашудан қалшылдап жігітім келді, есікті ашқаным сол еді, жуан жұдырығымен бір ұрды. Әйелі ажырасуға шешім қабылдап, екі баласымен төркініне кетіп қалыпты. «Сен менің отбасымды ойрандадың, бар арманың мен бе едім? Ендеше мен саған да бұйырмаймын, балаңды алдыр да, жайыңды тауып жоғал!» деді маған.


...Ішім біліне бастаған, жиі жүрегім айнып, жұмыста мазам болмай отырғам. Әріптесім суыт хабар жеткізді. «Мейірбектің әйелі қайтыс бопты» деді ол. Менің жіберген хатым, суреттерім ауыр тисе керек. Онсыз да әлсіз жүрегі көтере алмаған-ау. Сол кезде есімді жидым. Үлкен қателік жасағынымды білдім. Бірақ ішімнен «Мейірбек енді маған келеді, қайда барар дейсің» деген эго тұрды.


Дәл сол күні екі бүктеліп ауруханаға түстім. Іштегі бала өліп қалған екен. Толғақтың уколын салып, босандырып алды. «Баладан айырылып қалдым» деп жігітіме телефон соғып едім, «өзің де өліп қалмадың ба, мен әйелімді жерлеп келдім, екі балама анасының орнын қалай басам енді» деп ұрысып, жекіп, тұтқаны қоя салды.


Көп ұзамай басқа бір келіншекке үйленіпті. Екі ортада дымсыз қалған мен ғана болдым. Әріптесім де, ең жақын құрбым да менің бұл тірлігімді құптамаушы еді, дер кезінде құлақ аспаппын. Бір жігітпен жақын қатынаста болдық. «Бала туып берсең саған үйленем» деп еді, сол күйі балалы бола алмай, екіге айырылысып кеттік.


Ақша, атақ, дүние қуам деп адамгершілігімді жоғалтып алыппын. Бірақ мұны түсінгенімде бәрі кеш болды...»