​«Өзің таппай ұл болмас...»: екі бала асырап алған әйел жан сырын ақтарып салды

0
4 792

«Олар мені мазақ етіп кетті»


​«Өзің таппай ұл болмас...»: екі бала асырап алған әйел жан сырын ақтарып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Әйел боп өмірге келген соң ана бақытын сезінбесең, бәрі бекер екен. Күйеуге тигеніме он жылдан асқанша балалы болудан үмітімді үзбей, бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Жылт еткен жақсы жаңалық естісем, ертеңіне сол адамның есігінде отыратынмын. Бірақ Құдай бұйыртпаса, пенденің қолынан келер қайран жоқ екен. «Сіздің бала босанатын қабілетіңіз жоқ» деп маңдайыма таспен бір ұрғандай шешім шығарып берді», - дейді Махаббат есімді әйел.


Оқырманымыз ішіндегі жан азабын, күйзелісін, толғанысын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Баласыз үй мазар» деген рас қой, үйдегі өлі тыныштықтан шаршадым. Баланың шуылын естігім келеді. Бірақ бала асырап алуға күйеуім қарсы болды. Күніге құлақ етін жеп жүріп, қайнымның ұлын асырап алдық. Ауылда тұратын қайнымның төрт ұлы бар. Келіншегі аяғы ауырлаған кезде «Жеңеше, ішімдегі қыз болса өзімде қалады, ұл болса сізге беремін. Маған мына үйдегі төрт бұзығым да жетеді» деп еді. Құдайдың маған қарасқысы келген шығар, келінім ұл босанып, біз оны асырап алдық. «Атыңызға аударып берейік» дегенде «Қой, ағайындының балалары, фамилиямыз бір, керегі не» деп айттым.


Үйге кішкентай нәресте келгелі шырайымыз кіріп қалды. Күйеуімнің де сол сәби үшін шығарға жаны бөлек. Өз баламыздай асырап, не керектің бәрін әперіп, жеті жасқа келгенше асырап бақтық. Мектепке барарында үлкен етіп сүндет той жасадық.


Бірінші сыныпқа барып, сабағын жап-жақсы оқып жүргенде қайным келіп, әй-шәй деместен ұлын әкетіп қалды. Бауырыма басқан баламды бергім келмей біраз қарсылапысып, көзімнің жасын төгіп көріп едім, түзу сөзді түсінетін қайнымның түрі байқалмады. Ағасының айтқанына да қайырылмады. «Осылай болатынын білгеннен кейін ғой бала асырап алуға қарсы болғаным. Біреудің баласы біреуге еш уақытта бала болмайды. Өзегіңді жарып шықпаған соң бәрі бекер. Босқа өз-өзімізді алдап, енді сен қиналып, жылап жатырсың» деп күйеуім де ашып тұрған жарама тұз септі. «Біз одан сұрап алдық па, өздері атап, берді ғой. Біз бөтен бе едік, баласы көз алдында жүр емес пе? Алатын болса неге берді?» деп күйіндім. «Соған санасы жетпесе не дейсің енді?» деп күйеуім күрсінді.


Қашанға дейін жылаймыз? Басқа түскенге көндігіп жүре бердік. Біраз уақыт баланың тәтті қылығына үйреніп қалғаннан кейін бе, баласыз отырғым келмеді. Тағы да бала асырап алуды қаладым. Бұл жолы ағайыннан емес, ешкімі жоқ, қайтып іздеп келмейтін балалар үйінен алам ба деп ойлағанмын. Бірақ оған күйеуім көнбей қойды. Сөйтіп жүргенде әпкемнің бір қызымен күйеуден қайтып келген қызы бар еді, сол қыз күйеуге шығатын болыпты. Әпкем «балаңмен барған жеріңе сыймайсың ғой, мен алып қалайын» деп айтса, күйеуі көнбепті. «Не көрсе де өзімен бірге көрсін, алып қалма» деп ұрысыпты.


«Еркектер түсінер деймісің, мен қызымның балаға бола екінші күйеуінен де ажырасқанын қаламаймын» деп мұңын шақты. «Гүлайым қарсы болмаса қызын мен асырап алайын. Балаға алаң болмай, күйеуімен бақытты боп кетсін» дедім жаным қалмай. Ертеңіне әпкем қызымен сөйлесіп, өзара ақылдасып, үйге келді. «Әпке, қызымды қимаймын, күйеуім жақсы, бірақ туыстары қалай қарайды, сол жағын уайымдаймын. Сіз балаға жақсы қарайсыз ғой, асырай беріңіз. Мен анда-санда келіп, қызымды көріп тұрамын» деді Гүлайым болып.


Не керек, әпкемнің жиенін асырап алдық. Жылдар жылжып қызымыз төртінші сыныпқа барып жүргенде сіңлім күйеуін ертіп келіп, қызын алып кеткісі келетінін айтты. Бауыр басып қалған баланы қайтіп қияйын. «Сен қызыңды бергенде маған не деп едің? Мені бәрің жабылып мазақ етіп жүрсіңдер ме? Бір қызыңды неге қимай қалдың маған? Ұлың да, қызың да бар ғой» деп бұлқан-талқан боп ашуландым.


«Осы жылдар ішінде әзеп жүрдім. Ана үшін әр перзенттің орны бөлек болады екен. Жастыққа салынып ол кезде ештеңені ойламаппын. Қазір осы қызымды ойласам аза бойым қаза болады. Сіз мені кешіріңізші» деп жылап отырып алды. «Бермеймін» деп қарсыласып көріп едім, күйеуім «ана мен баланы айырып бақытты бола алмаймыз, алып кетсін» деді.


Тағы да екеуміз ғана қалдық. Кейде бір балаға зар қылған тағдырыма налимын. Кейбір әйелдерге қарап қызығамын. Өзі тумаса да асырап алған балалары туғанындай болып жанында жүреді. Маған тым құрығанда сондай бақыт та бұйырмаған екен-ау деп күйінемін. Осы екі оқиғадан кейін күйеуім екеуміздің арамызда бала жайлы сөз қозғалмайтын болды. Бала туралы айта бастағаннан «тоқтатшы, бастама, болды» деп аузымды жауып тастайды. Артыңда ұрпағыңды жалғастырар бір перзенттің болмауы дүниенің азабы екен. Өмірден ұрпақсыз өтіп бара жатқаныма қынжыламын.


Күйеуімнің қандай ойы бары маған жұмбақ. Осы күнге дейін «басқа әйел алам, маған өз балам керек» деп айтқан емес. Бірақ күндердің бір күнінде бала сүйгісі келетінін айтып, мені тастап кетсе не істемекпін? Соңғы кездері осындай ой жиі мазалайтын болып жүр...»