«QR-код арқылы менің атымнан КРЕДИТ алыпты»: алматылық әйел не істерін білмей отыр

0
4 027

​Телефоныңызды жоғалтып алудан сақтаныңыз.


«QR-код арқылы менің атымнан КРЕДИТ алыпты»: алматылық әйел не істерін білмей отыр

Бұрын ұялы телефон жоғалса, «садақа», «бәле-жала сонымен кетсін» деп қоя салатын еді көпшілік. Ал қазір олай немқұрайлы қарауға болмайды. Өйткені ұрының қолына телефоныңызбен бірге сіз туралы барлық дерек түседі. Бөгде адам сіздің деректеріңізді сыртыңыздан кредит рәсімдеуге пайдалана алады. Қауіп осында!


Ал ең жаманы, ішпей-жемей біреудің алған кредитін төлеу. Алматылық Наушагүл есімді әйел осындай күйге түсіп отыр. Оның атынан басқа біреу кредит алған. Бірақ ол бұны банкке қалай дәлелдерін білмей дал.



Наушагүл бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Басында екі кредитім бар анамын. Ай сайын кредиттерімді төлеу үшін банкке баратынмын. Бір күні ұлым «Банкке бармай-ақ терминалдар арқылы немесе телефонмен төлеуіңізге болады ғой» деп, оңай жолды үйретті. Ешқандай кезексіз және жылдам.

Каспий банкінің мобильді қосымшасын пайдалана отырып, кредит төлеуді үйреніп алдым. Бұл жаңалығымды гәптес әйелдерге мақтанып айтып жүрдім. «Маған да үйретші» деген сөздерді естіген сайын смартфонның басқа да мүмкіндіктерін біле түскім келді.

Бірде балам QR-код туралы айтты. Бұл смартфонның камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін, штрих-код екен. «Смартфоныңызбен осы суретті сканерлеу арқылы жарнамаға, түрлі ақпаратқа қол жеткізіп, өзіңізге қажетті мағлұматты ала аласыз» деген ұлым QR-код арқылы интернеттен кітап іздеп табуды, онымен сауда орындарында төлем жасауды тәптіштеп түсіндірді.

QR-кодтармен сауда орындарынан киім, тұрмыстық заттар сатып алғанда төлеген ақшаның азғантай бір бөлігі бонус ретінде қайтарылатынын естіп, QR-кодты пайдалана бастадым. Осындай кодтар арқылы кейбір дәріханалардан жеңілдікпен дәрі-дәрмек те сатып алуға болады екен.

фото: static.tildacdn.com

Осының бәрін үйреткен ұлым маған телефондағы QR-кодта менің барлық деректерім сақталатынын, ол арқылы кез келген адам менің атымнан кредит ала алатынын айтпағанына қазір өзін кінәлап отыр.

Иә, бұл кодта деректерім сақталатынын білсем, мен смартфонымды арнайы парольмен қорғар едім. Кез келгеннің қолына ұстатпас та едім ғой.

Менің смартфонымның экранында ешқандай пароль жоқ, ашық. Каспий голдыма да оңай пароль қойғанмын және оны ағайын-туыстың, гәптес әйелдерден жасырмай, көзінше тере беретінмін. Жұрттың бәрін өзім секілді көріп, тіпті көшеде бейтаныс адам «Телефонымның қуаты таусылып қалып еді, біреуге қоңырау шалып алайыншы» деп сұраса қолына ұстата салатынмын.


Бірақ мен телефонымды жоғалтып алсам, ондағы Каспий қосымшасындағы QR-кодпен басқа біреу кредит ала алатынын білмегем, естімегенмін де.


Телефонымды нақты кім алғанын білмеймін. Сол күні үйде гәп өткіздім. Үйде адам көп болды. Гәптес әйелдерден бөлек жақын маңда тұратын абысыным да, екі келінім де келген.

Бір көршім келіп, "Каспий голдым" арқылы әлдекімнен ақша алып, оны тағы біреуге жіберді. Сосын телефоным кішкентай немеремнің қолында жүргенін көрдім. Суретке түстік...

Абыр-сабыр саябырсыған соң телефонымды іздедім. Бәрінен сұрап шықтым, табылмады. "Каспий голдымда" ешқандай ақша болмаған соң мен соншалықты уайымдай қоймадым.

Екі аптадай табылып қалатын шығар деп жүрдім. Содан соң кредитке жаңа телефон алып, Каспий банктің мобильді қосымшасын орнаттым. Сол кезде білдім ғой, атымнан кредит алынғанын. Банк менеджері кредит QR-код арқылы алынғанын айтты.

Атымнан 350 мың теңге кредит алынған. Бұдан басқа екі кредитім және смартфонымның ай сайын төлейтін ақшасы тағы бар. Бөтен адамның алған кредитін мен неге төлеуім керек? Ақшаны мен алмағанымды қалай дәлелдей аламын?

Ұлым қазір іс-сапарда, ол келген соң заң мамандарынан кеңес аламыз деп жұбатты...»


Алаяқтың құрбаны болған әйел ұлының сөзімен өзін жұбатып отыр. Бұндай жағдайда не істеу керек? Білетініңізбен және жақын адамдарыңызды алаяқтардан сақтандыру үшін осы жазбаны бөлісіңіз!



Ұқсас оқиғалар:


«Ұтымды жолмен баспаналы болды»: заңгер клиентінің әрекетін үлгі етті

«Үйіңді тартып аламын»: Қайынәпкесінен сөзінен қорқып жүрген келіншек күдігін жасырмады