«Ұтымды жолмен баспаналы болды»: заңгер клиентінің әрекетін үлгі етті

0
3 452

​Ажырасқан әйелдер осы әдіспен баспана алуына болады


«Ұтымды жолмен баспаналы болды»: заңгер клиентінің әрекетін үлгі етті

Үй алуда түрлі бағдарламалар бар болғанымен, баспана тақырыбы бүгінгі ғана емес, ертеңгі де мәселелер қатарынан түсе қоймасы анық. Өйткені мемлекеттік бағдарламамен баспана алу үшін біреудің статусы, біреудің жалақысы сай келмейді, тағы біреудің алғашқы жарнаны құюға қаражаты жоқ.


Гүлназия есімді шымкенттік келіншек те осы «біреулердің» бірі. Бірақ ол ұтымды жолды тауып, ипотекалық жүйемен баспана алып отыр. Қалай?



Бұл туралы заңгер Мақсат ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Гүлназия есімді келіншек алты жыл бұрын күйеуімен заңды түрде ажырасқанын айтып, алимент өндіру бойынша кеңес сұрап келді. Ажырасқан әйелдердің көбісінің жыры – алимент қой.

Оның бір ұл, бір қызы бар екен. Ұзақ жылдан бері балабақшада тәрбиеші боп жұмыс істейді. Басында баспанасы болмаған соң жалақысы ас-судан, пәтерақыға әрең жетеді. Қалада пәтерден-пәтерге көшіп жүрген балалы ана үшін күнкөріс оңай емес.

Гүлназиядан күйеуі туралы сұрадым. Күйеуі ауылда, ата-анасымен бірге тұрады. Вахталық жұмыс істейді. Балаларын көруге келіп, олармен араласып жүр. Бірақ ажырасқалы алимент төлемеген.

Келіншек бастапқыда алимент өндірмек боп әрекет жасапты. Бірақ ажырасқаннан соң төркініне сыймай, аға-жеңгесімен арада керіс орнап, өз басымен әуре боп кетіпті. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, ажырасқан келіншектің соңынан жел сөз де ермей қоймайды. Ол қалаға келеді.

Қалаға келген соң біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Мамандығы бойынша балабақшаға орналасады. Тапқаны пәтер мен балалардың тамағынан артылмайды.

Соңғы жылда жалақысы әжептеуір өскенімен, азық-түлік пен киімнің де бағасы өсіп, артық ақша жинай алмаған. Үй кезегіне тұрыпты, бірақ баспананың алғашқы 20 пайыз жарнасын таба алмай жүр екен. Сондай-ақ баспананы ипотекаға алған күнде де ай сайын несиені төлеуге оның жалақысы жетпейді. Ол алимент арқылы баспаналы болуды ойлап отырғанын айтты.

«Алты жыл бұрын ажырасқан күйеуімнен, бұрынғы жылдарға ақша өндіре аламын ба?» деп сұрады келіншек. Содан соң «Ажырасқан алты жылға алимент өндірсем, үйдің алғашқы жарнасын құяр едім. Ал ай сайын екі балама төленетін алимент ақшасымен ипотеканы жауып отырсам, балаларымның өз үйі болады» деді ол.


Заң жүзінде алимент ажырасқан күннен бастап емес, сотқа арыз жазған күннен бастап өндіріледі. Алайда Неке кодексінің 164-бабында алимент алу үшін өтініш беру мерзімдері белгіленген. Өткен жылдарға ақша алу үшін бұрын алимент өндіруге қандай да бір шара қолданған болу керек.

Гүлназия ажырасқан жылы алимент алу мақсатында сотқа арызданған. Күйеуінен балаларын асырауға көмек көрсетуді талап еткені туралы өзара жазысқан хат-хабарларын, SMS-хабарламаларды, мессенджерде сөйлескен әңгілемелердің скриндерін сақтап қойған екен. Бұл дәлелдемелер оның бұған дейін алимент алуға әрекет жасағанына айғақ болып, ол соңғы 3 жылдың алиментін өндіріп алды.

Заң бойынша (Неке кодексінің 164-бабы, 2-тармағы) егер сотқа өтініш беруден бұрын күтіп-бағуға қаражат алу шаралары қолданылғанын, бірақ алиментті төлеуге міндетті адамның оны төлеуден жалтаруы салдарынан алимент алынбағанын сот анықтайтын болса, сотқа өтініш жасалған кезден бастап үш жыл мерзім шегінде өткен кезеңге алимент өндіріп алуға мүмкіндік бар.

Гүлназия ажырасқан алты жылдың емес, соңғы үш жылдың алиментін күйеуінен заң жүзінде өндіріп алды. Ол бұл қаражатты баспананың алғашқы жарнасы ретінде құйып, «Шаңырақ» бағдарламасы арқылы үйлі болды.

Гүлназияның күйеуі екі баласы 18 жасқа толғанша ай сайын алимент төлеуге міндеттелді. Жас келіншек ай сайын алатын алиментті ипотекаға төлеп отыр. Күйеуі аман болса, ол балаларына әлі 10-12 жыл алимент алады. Бұл уақытта ипотекасының қарызынан құтылып қалар...»


Заңгер екі баласымен ажырасқан келіншектің осылай баспаналы болғанын айтып берді. Ал сіз баспаналы болудың қандай ұтымды жолын білесіз, оқырман? Ақыл-кеңесіңізбен бөлісе отырыңыз.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Үйіңді тартып аламын»: Қайынәпкесінен сөзінен қорқып жүрген келіншек күдігін жасырмады


«Анасын көріп қызын ал» деген өтірік!»: Шымкенттік келіншек өз анасына ұқсағысы келмейді