​«Сағатына 10 мың табады екен»: оралдық келіншек басқа амалы қалмағанын айтады

0
30 590

«Әріптесімнің жағдайына қызығамын кейде...»


​«Сағатына 10 мың табады екен»: оралдық келіншек басқа амалы қалмағанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Тап қазір маған екі жолдың бірін таңдауға тура келіп тұр. Бірі - жоқшылыққа, жетіспеушілікке толы, көзден жас кетпейтін өмір, екіншісі - арам жолмен болса да ақша тауып, ұлымды ешкімнен кем етпей өсіру. Өзім екеуін де қаламаймын. Қолымнан басқа ештеңе келмейтін сияқты...» - дейді Аида есімді оралдық келіншек.


Осыдан бір жыл бұрын күйеуінен ажырасқан Аида қазір сұлулық салонында тырнақ әрлеуші болып жұмыс істейді.


«Арқасүйерім, азаматым деп таңдағаным мен ойлағандай болмай шықты. Жарытып ақша таппайтын. Сонысымен қоймай ойын автоматтарына «қадалып» қалған. «Үйге анау-мынау алам» деп жинап қойған ақшаларымды соңғы тиынына дейін «тігіп», бәрінен жұрдай етті. Талай мәрте «ойнамаймын, бәрін қойдым» деген уәдесін алсам да, сөзінде тұрмады. Ақырында баламның мұндай әкенің тәрбиесінде жүргенін қаламай, айырылыстық.


Күйеуден ажырасқан соң жеке пәтер жалдадым. Төркінімнен қарызға ақша алып, маникюр-педикюр жасаудың арнайы курсын оқыдым. Қазір содан нанымды тауып жүрмін. Бірақ айлығым мардымсыз. Тапқанымның тең жартысын үй алуға деп банкке жинап жатырмын. Жеңілдікпен баспаналы болсам деген ниет бар. Сол үшін өзімді киімнен де, басқадан да шектеп жүрмін. Бірақ әйел болған соң көпке шыдай алмайды екенсің. Айналамдағы қыз-келіншектер жайнап, құлпырып жүргенде өзімді екінші сорт сезіне бастадым.


Менімен бірге Айгүл деген келіншек істейді, ол да бір қызымен күйеуінен ажырасқан. Мен сияқты пәтер жалдап тұрады. Табысымыз шамалас. Бірақ үстіне киген киімі, бетіндегі бояуы, қолындағы телефоны, жеген тамағы ақсүйектердікіндей. Байдың тоқалындай боп жүреді. Қызың қайда десең, бассейнге кетті, тағы бір сұрағанда биге қатысады деп жатады. Оның бәрі ақша. Ақыры шыдамадым. «Осының бәріне ақшаны қалай жеткізесің, әлде бұрынғы күйеуің жақсы алимент төлей ме» деп сұрадым. «Қайдағы алимент, сужұқпас біреу болатын, қайта келіп мазамды алмағанына рақмет айтамын» деді. Ары қарай қазбалап сұрамадым.


Бір күні балам мектепке киіп жүрген шалбарын жыртып келіпті. Оған ашуланамын деп қолымдағы телефонымның бетін сындырып алғанмын. Пәтердің ақысын төлейтін күн жақындап қалған. Бәріне ызам келіп, жылап отырғанмын. Айгүл жаныма келіп, бір әңгіменің шетін бастады.

«Бұл жерден тапқан ақша маған да жетпейді. Мен де сен секілді қиналғанмын. Демалыс күндері тойханада ыдыс та жудым, адамдардың үйін жинап беретінмін. Бірақ суықтап ауырып, тапқан ақшаның бәрі еміме кетті. Болмайды екен. Содан мен бір амалын таптым. Бірақ сен ондай жолды таңдайсың ба, жоқ па, білмеймін. Тек мені мұқият тыңдап, өзің шешім қабылда, мені кінәлап, жазғырмасаң болды» деді.


Айгүлдің сөзінен ұққаным, ол күндіз адамдардың шашын сәндеп, кешке екінші жұмысқа кіріседі екен. Яғни пәтерінде еркектерге қызмет көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, кәдімгі жезөкше ғой.

«Сағатына он мың теңге төлейді. Қазіргі еркектер көшеде тұрған қыздарға жоламайды. Ауру жұқтыру қаупі басым. Олар мен секілді жеке қабылдайтындарды тауып алған. Тұрақты түрде барып тұрады. Мысалы мен, күніне 2-3 еркекті қабылдап, 20 мың теңге табам. Түнімен жанымда қорылдап, проблемасын айтып жатқан ешкім жоқ, рахат. Анда-санда сыйлық беріп, еркелетіп тұрады. Мен де әйелмін ғой, төсек қатынасы керек, өзімнің қалауымды осылай өтеп жүрмін» деп ақтарылды.


Ол тіпті басында клиент табуға көмектесетінін айтты. «Мә, күніне 20 мың. Тамаша ғой. Сонда 200 мың теңгені оп-оңай тауып тұр ғой бір айда» деп ішімдегі шайтан ойым жылт ете қалды. Бірақ соңыра өз ойымнан өзім шошыдым. Жезөкше деген аты жаман ғой. Құмар ойынға кіріп кеткен күйеуімнен баламды арашалап алғанда жезөкшеліктің не екенін көрсетпекпін бе? Онда менің әкесінен өткен арсыз болмаймын ба? Бірақ баламның керегін қалай тауып беремін? Оның достарынан кем боп өскенін қаламаймын.


Айгүл екеуміз сол күні кафеге барып сырластық, жалғызбасты аналарды тентіретіп қойған билікті әбден жамандадық, жыладық. «Кредитке байлап, мардымсыз жалақы беріп, қымбатшылыққа ұрындырып отбасын бұзып жатыр, еркектер құл болуда, ал әйелдер жезөкше болуда» деп кіжіндік.


Бірақ Айгүлдің сөзі санамда тұрып алды. Маған қол ұшын берер ешкім жоқ. «Балаңа қамқор болайын, жағдайыңды жасаймын» деп бір қалталы еркек кезіксе, етегінен ұстар едім. Ондайды табу да оңай емес-ау...»