​Қайтыс болған қызының үш баласын бағып отырған шымкенттік кейуана құдаларының қорқытуға көшкенін айтады

0
4 075

«Балалар ауылға кетеді, мына үйге мен көшіп келемін» деп қорқытып кетті»


​Қайтыс болған қызының үш баласын бағып отырған шымкенттік кейуана құдаларының қорқытуға көшкенін айтады
суретте: Батпа апа үш немересімен


Осыдан бірер ай бұрын ERNUR.KZ сайтында «Балаларды баспанасыз қалдыра ма деп қорқам»: шымкенттік кейуана күйеу баласының өз перзенттеріне қарамайтынын айтып көмек сұрайды» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Онда Шымкент қаласында тұратын Батпа Таңатарова марқұм қызынан қалған үш баланы өз қамқорлығына құжатпен бекітіп алғысы келетінін айтқан. Алайда үш-төрт айда бір төбе көрсететін маскүнем күйеу баласы бұған мүмкіндік бермей жүрген. Таяуда біз осы мәселенің шешімін білмек болып, Батпа апаның өзіне қайта хабарластық.


«Күйеу баламнан көрген қорлығым аздай, енді құдағиым мен екі баласы келіп қорқытып кетті», - дейді Батпа апа. Оқиғаның қалай болғанын кейуананың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Қызымның өмірден өткеніне үш жылдан асып барады, ол көлік апатынан қайтыс болғанда ең кіші қызы екі жаста еді. Қазір мектепке барып жүр. Осы жылдар аралығында үш немеремнің жанынан бір елі ажыраған емеспін. Бұларға қамқор болар менен басқа ешкім жоқ. Өзінің апасы «күндеріңді өздерің көріңдер» деп баласымен қоса немерелерін де қуып шыққан. Әйтеуір қызымды қағып кеткен бала қазіргі тұрып жатқан үйді әперген еді, сол жерді паналап отырмыз.


Күйеу балам бұрыннан ішетін. Бірақ қызым көп нәрсені бізден жасырып, айтпай келген екен. Ол кеткесін ішкілігін үдете түсті. Жұмыс істеймін деп кетеді де, айлап-жылдап төбе көрсетпейді. Балалары аш па, тоқ па, киімі бар ма, жоқ па, бәрібір. Есіне түскен уақта, онда да түн ішінде келіп алады да, «Әкелеріңді сағынбадыңдар ма, неге тұрмайсыңдар!» деп ұрып-соғып, берекемізді алады.


Біздің үйдегі жағдайдан көрші-қолаңның бәрі хабардар. Мектептің мұғалімдері де біледі. Бірақ осы уаққа көп адам «Апа, бір жерге хабарлассаңыз, онда балаларды жетімдер үйіне алып кетеді, себебі сіз құжат бойынша оларға ешкім емессіз» деп айтып келді. Көршім ғана себепші болды. «Апа, қазір дамыған заман, журналистерге айтайық, құжаттарды туралауға көмектеседі» деп жүріп, өздеріңмен байланыстық қой. «Дау-дамайсыз» деген бағдарламаның тілшілері келіп, бізді түсіріп алып кетті.


Сол түсірілімнен кейін құдағиым, Бек және Жандос деген құда балалар келіп, «Сен неге біздің рұқсатымызсыз телеарнаға шығып, масқаралап отырсың» деп үлкен шу шығарды. Күйеу баламның бір інісі «Балаларды алып кетеміз, шешем қарайды. Ал мына үйге мен келіп тұрамын» деп біздің үстімізден бәрін шешіп қойыпты. Оны естіген үш балам улап-шулап, «апамнан ешқайда кетпейміз» деп еңіреп сала берді. Әйтеуір көршілерге рахмет, дереу полицияға хабарлап, олардан жауап алып, кері қайтарып жіберді. Сол аралықта менің қан қысымым көтеріліп, «жедел жәрдем» шақырттық. Біраз шу болды.


Өздеріңіз жазып, телеарнадан адамдар келгесін қалалық Білім басқармасының адамдары, қамқоршылық және қорғаншылық кеңестің мамандары барлық құжаттарды реттеп, сотқа өткізіп қойыпты. Енді екі аптадан кейін сот болып, балаларды менің қамқорлығыма беру туралы шешім шығатын шығар деп күтіп отырмыз».


Батпа Таңатаровамен сөйлесіп болғасын Абай аудандық полиция басқармасы, кәмелетке толмаған балалардың істері жөніндегі бөлімше басшысы Бағдат Жүсіпбекпен байланысқа шықтық.


«Тұрлан шағын ауданы, Плодовая көшесінде тұратын Батпа апаның үйіндегі жағдай біздің бақылауымызда, - деді ол. – Бүкіл құжаттардың бәрін реттеп, өз тарапымыздан берілетін хаттамаларды жинақтап, қалалық Білім басқармасына өткізіп қойғанбыз. Ендігі жұмыс сол кісілердікі. Сотқа жіберіп қойыпты.


Жалпы, полиция қызметкері ретінде де, осы елдің азаматы ретінде де балалардың апамыздың қарауында болғанын толық қолдаймын. Маскүнем әкеден қайыр жоқ, бізден қашып жүр. Сондықтан бұл мәселе таяу уақытта оң шешімін табады деген ойдамыз. Ал балалардың жағдайы олар 18 жасқа толғанға дейін біздің бақылауымызда болады».



Осы материал сайтқа дайындалып жатқан тұста біздің тілшімізге Батпа Таңатарованың өзі хабарласты.

«Мына құдалар енді менің баламды қорқытуға көшті. Алдыңғы күні күйеу баламның Алматы жақта тұратын Сыздық деген інісі хабарласыпты.

«Менің бауырымды қаралап жазбаған жерлерің жоқ. Оның іздеуі жоқ деп отырсыңдар ма? Осыдан бір тал шашы түсетін болсын, сұрауын сендерден алам. Ал ертең Шымкентке барып, үш бауырымды өзім алып кетемін» депті.


Кеше үлкен немерем ауырып, соған укол салдыруға кетсем, әлгі Сыздық дегені үйге келіпті. Есікті ешкім ашпағасын менің балама хабарласып, «шешең қайда, балалар қайда» деп сұрапты. Әкетуге келгенін айтыпты. Бірақ өзін әлі көргенім жоқ. Ол келсе тағы бір қырғын болайын деп тұр. Бұлар маған қашан тыныштық берер екен. Үш немересін мұнтаздай етіп тәрбиелеп, оқытып, өз ақшама тамақ әперіп отырған маған айтқан рахметтері осы ма?!» - дейді Батпа апа.


Бұл мәселе әлі де біздің назарымызда болады. Таяу уақытта үш бала апасының қамқорлығына өтіп, әкесінен қорықпай өмір сүреді деп сенейік. Жетімдер жыламасын...