​«Шалға төртінші әйел болған»: Алматылық әйел әжесінің зорланғаны туралы айтып берді

0
6 937

«Педофил атам заманнан болған және бола да береді» дейді ол.


​«Шалға төртінші әйел болған»: Алматылық әйел әжесінің зорланғаны туралы айтып берді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Кәмелет жасқа жетпеген, тіпті жетілмеген бүлдіршін жаста педофилдің құрбаны болып жатқандар туралы ақпарат жиі тарайтын болған осы күні.

«Соңғы кезде сондай аурулар асқынып кетті, көбейді деп жатады ғой. Жоқ, ондай азғындар бұрын да болған. Менің әжемнің өмірі сондайдан гүлдей солып, бала сүйе алмай қалған. Содан кейін кемпірі өлген шалға төртінші әйел болып тұрмысқа шыққан... Жыныстық сипаттағы әрекеттен зиян шеккендер бұрын да болған және бола да береді. Бұдан тек сақтанып жүру ғана құтқарады», - дейді ERNUR.KZ тілшісіне өз әжесінің әңгімесін айтып берген алматылық әйел.


Айтуынша, Қариша әжесінің қолында тәрбиеленіпті. Өз анасы ерте қайтқан соң кәрі әжесі бауырына салып өсірген. Ана орнына ана, сырлас құрбы да бола білген көрінеді.

- Әжем бала күнімнен мені ұлдарға, жалпы ер адамдарға жуытпайтын. Бірде әкемнің қасында жатқан жерімнен жұлқып әкетіп қатты ренжіткені бар. Әйтеуір, мені ер адамның көзінен көлегейлеп өсірді. Тіпті, шомылсам да, көйлек ауыстырсам да өзі қарауылдап тұратын. Әжемнің мұндай сабырсыздығын мен тек бойжетіп, 24-ке келгенде бір-ақ түсіндім...

Әжем мен көрмеген атамыздың төртінші әйелі. Мен түгілі әкем де оны білмейді. Алдыңғы үшеуінен 9 бала бар, солардың барлығын өзі қарап өсірген. Ең үлкен баласы әжеммен жасты болатын, ол әжемнен бұрын 72 жасында қайтыс болып кетті. Түсінбейтін едім, сөйтсем әжемді әкесі кемпірлері қайтыс бола берген шалға төртінші етіп ұзатқан екен. Үлкен екеуінен басқасының барлығы әжемді өскенше өз анасы деп санаған. Ал менің әкем ең кенжесі. Анам менен кейінгі көтерген баласын босана алмай қайтыс болыпты. Мен екі жасымда осы әжемнің қолында қалыппын. Кейін әкем үйленіп бөлек кеткен соң қара шаңырақта әжем екеуміз ғана қалдық.

Қиналдық демеймін, барлығы біздің жағдайымызды жасап тұрды. Өзімнің әкем екенін де, екінші рет үйленгенін де дұрыс түсіндіріп өсірді мені. Әкем келген сайын мойнына асылып еркелейтінімді әжем жақтырмаса, қызғанады деп ойлаушы едім. Сөйтсем, себебі басқа екен ғой. Оны мен ересек болғанда ғана айтты.


Ол кезде оқуды да бітіріп, ауылда мектепте жұмыс істеп жүргенмін. Ауылда біреудің 16 жастағы өгей баласы өзінің 8 жастағы қарындасына азғындық жасапты деген сөз бұрқ ете қалды. Әйтеуір, ауылда шу болып, сол отбасы ақыры көшіп кетіп тынған. Сол кезде әжем қатты күрсініп, алғаш естігенде көзіне жас алып жылап еді. «Сорлы қыз өспей өшті-ау» деп жылағаны әлі есімде. Тіпті, содан кейін мазасы болмай жатып қалды.


Қашан көрсең тік қалпынан айнымаған, қауқарлы әжемді ешқашан ауырады деп ойламаппын, өліп қалады деп те қорықтым. Қасына жиі барып, шайын беріп отырғанымда әңгімеден шығып, өзінің бала күнінде көрген қорлығын жайып салды.


Өте кедей тұрыпты, тіпті көйлегі де жыртылып, жамау-жамау боп жүреді екен. 20 ғасырдың бас кезінде өткен ғой балалық шағы. Әкесі әркімге жалданып жұмыс істеп бағыпты. Немере ағасының есерсоқ баласы болған екен, қыздар өзенге түсетін кезде аңдып шулатып жүретін әдеті бар көрінеді. Бір күні қара күзде ескі үйдің ішінде шомылып алмақ болып шешініп жатқанда сол ағасы кіріп келіп зорлық жасапты. Ол кезде әжем 12-13 жаста болса керек, өзінің айтуынша. Одан кейін де бірнеше рет қайталанған, бірақ әжем ешкімге айта алмаған. Айтса әкесі шешесімен қоса өлтіретінін білдім дейді.

Ал әлгі есерсоқ ағасы кейін үйленген соң мұны аңдып жүруді әдетке айналдырыпты. Ешкімге сырын айта алмай, еркек біткеннен қорқып бойжетіпті әжем. «Тіпті, өз әкемнен қорқатын едім ғой... Кейін аласапыран болып елге орыстар келіп жатқан кезде бір шалға беріп жіберді әкем... Күнін көре алмай кеткен соң сол шал мал берді ғой деймін. Мен ол кезде 20-ға енді толғанмын. Ауылдан кеткенше, әлгі есерсоқтың мазағынан құтылғанша асықтым... Ал шалдың мені құшатын шамасы да жоқ еді. Жас балалардың ортасына барып жатып одан да қашатынмын...» деген әжемнің әңгімесін естігенде үстімнен су құйғандай қалтырап кеттім.


Мен ес білгелі белін бір бүкпеген, ер-азаматтармен қатар жұмыс істейтін әжемнің осындай қорлық көргеніне сене алмадым. Тіпті, әйел болып еркектің құшағын да көрмей өткен екен ғой өмірден?! Азғынның тырнағынан құтылғанына қуанып, өмірін басқаның 9 баласын асырап бағуға жұмсаған әжем нағыз батыр екен. Шалы да көп өтпей дүние салып, бүкіл баланы бір өзі жеткізген. Ашаршылық жылдары болса керек, менің есебімше. Соғыс жылдарын да көрген. Өзімен қатар үлкен баласы соғысқа барып келген. Бәрін жеткізіп, асырап-баққан қайратты әжем бала күнінде-ақ өзінің әйел заты екенін ұмытқан екен ғой?!

Өмірде мұндай оқиғаның қаншасы жасырып, қаншасы сыртқа шықпай кетіп жатыр?! Қазір қайта құрбан болғандарға көмектесетін, оларды қиыннан құтқаратын мамандар да, орталық та көп.

Қазір сондай азғындар көбейіп кетті деп ойлаймыз ғой. Анығында олар бұрыннан болған, тек қазіргі жастар ондайды ашық айта алатын, қоғамда осындай қауіптің барын жеткізе алатын батыл жандар көбейген деп ойлаймын.

Әжем мен тұрмысқа шыққан соң екі жылдай өзі тұрып, кейін өз қолыма алдым. Он екі жыл қолымда болып, меніңбалаларыма қарасып, 93 жасында кетті өмірден. Барынша өзін әйел сезінсінші деп жайын жасап-ақ бақтым. Бірақ сырын білген соң оған аянышпен қарайтын едім...


Осылай деп әжесінің оқиғасын әңгімелеп берген Қариша ананың өзі бүгінде 60-қа таяпты. Қыздың да, ұлдың да тәрбиесіне ұқыпты болмаса бала күніндегі өкіндірер оқиға мәңгілік өмірінің ауырпалығы болып, одан құтыла алмайтынын айтады бүгінде немере сүйіп отырған ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ұлым ағамды «ПАПА» деп атайды»: ажырасқан келіншек баласының тәрбиесіне алаңдап жүр


«Келінге бұл сұрақты қоймаңыз: маңғыстаулық әйел интимдік сұрақты атады