​«Шетелден келген "баламыз" тонап кетті»: шымкенттік ана отбасымен алаяққа алданып қалған

0
1 905

«Алтынымыздан, шубамнан, ақшадан айырылып қалдық»


​«Шетелден келген
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Масқара болдық, үйдегі жағдайды ұл-қыздарым мен ең жақын адамдарымнан басқа ешкімге айтпадым. Бірақ ішім толып тұр, шерімді тарқататын адам таппай, өздеріңе хабарласып отырмын, қызым», - депті ERNUR.KZ редакциясына хат жазған Хадиша есімді оқырманымыз.


Жасы жетпіске жетіп қалған қарияларды шетелден келген «ұлы» тонап кетіпті. Оқиғаның мән-жайын Хадиша ханым баяндап берді.


«Аллаға шүкір, ауылға, әулетке беделі бар отбасымыз. Төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Ұлым қазір Ақтөбеде, жоғары лауазымды қызметте істейді. Қыздарым да үйлі-жайлы боп кеткен. Осыдан бірнеше жыл бұрын бала-шаға ақылдасып, бізді қалаға көшіріп әкелді. Бізге айтпай екі қабатты үй сатып алып қойыпты. «Мен шетте жүрмін, тым болмаса қыздарға жақын тұрыңыздар» деп балам бар жағдайымызды жасап, әкесіне көлік әперіп, Ақтөбесіне кетті.


Содан бері ұлымыздың үлкен баласын ермек етіп, шалымыз екеуміз өмір сүріп жатырмыз. Той-томалақтан қолымыз босамайды. Бізге одан басқа не керек дейсің. Денсаулық жарап тұрғанда көріп қалайық, күліп қалайық деп шақырған жерден қалмауға тырысамыз.


Жақында бір құдамыз жетпіске толған тойын істеді. Сол жерде әке туралы ән айтып, бала-шағасымен құдамызға гүл ұсынып бір жігіт жүрді. Қарап отырмай қызымнан «мына бала кім болады, бұрын көрмегенбіз ғой» деп сұрап едім. «Атамыздың алғашқы махаббатынан пайда болған екен. Осы былтыр өзі іздеп келіп, табысқан. Содан бері араласып тұрады» деп айтты.


Үйге келгесін әлгі оқиғаны шалым екеуміз талқыға салдық. «Өсіп, үйлі-жайлы боп кеткен жігіт екен, араласқандары дұрыс бопты. Адамның адамға зияны жоқ қой» деп құптай кетіп ем, шалым бір күрсініп алып мен білмейтін құпияны жайып салды. Баяғыда әскери борышын Ресейде өтеп жүргенде бір келіншекпен жүрген екен. Әскерден қайтарда әлгі қызға «Қазақстанға жүр, саған үйленемін» деп айтқанда, ол әйел көнбей қойған көрінеді. Бір жылдан соң телеграмм арқылы «ұл тудым, сенің балаң бар» деп суретін салып жіберген екен. Бірақ кейін мені кездестірген де, ұлын да, ол әйелді де ұмытқан.


«Хадиша, сол баланы іздеп тапқым келеді. Қайда жүр екен, қандай адам бопты, соңғы кезде осы сұрақ мені қатты мазалайды» деді. Мен не дейін, 40 жыл бойы осы құпияны ішінде сақтаған шалыма біраз ренжідім. Бірақ ішінде жүрген арманын орындамаса өзіне зиян ғой, ақыры келісім беріп, ұлды іздейтін болдық.


Көмекке кіші қыз кірісті. Әлеуметтік желі арқылы аты-жөнін жазып, бірнеше адамды тапты. Бәрімен сөйлесіп, шешесінің атын сұрап жүріп бір жігітті «мынау екен» деп көрсетті. Түр-әлпеті қазаққа сәл келіңкірейтін, бидай өңді, бірақ көзі тұздай көкпеңбек жігіт екен.

Алдымен хат жазып жібердік. «Біз сенің туыстарыңбыз, Қазақстанда, Шымкент деген қалада тұрамыз. Әкең тірі, сені көргісі келеді» деп жаздық. Көп ұзамай жауап келді. «Мамам әкем туралы айтқан, бірақ мен іздемедім. Мамам үш жыл бұрын өмірден өтті. Өзім отбасылымын, «Камаз» айдаймын, алыс қалаларға жүк тасимын. Реті келсе сіздерге соғып кетем» депті. Көп ұзамай бейнеқоңырау арқылы тілдестік. Екі қызы бар, әйелі де әжептеуір сияқты көрінді.


Өткенде, шілденің 10-ы күні шалымыз жетпіске толатын боп, кішігірім той жасауды ұйғардық. Сол тойға әлгі Ринат деген баланы шақырдық. «Тойға келіңдер, отбасыңды қосып әкел» деп қайта-қайта хабарластық. Мен байғұс ақкөңілденіп «жолкіресі бар ма, жоқ па, ұшаққа билет әперейік» деп елпілдеп жүрмін ғой. Ол жалғыз өзі келетінін айтты.


Не керек, той күні Ринат бала келді. Күндіз үйде дастархан жайып, бала-шағамыз, қайны-келіндерімізбен күтіп алдық. Таныстық. Тәп-тәуір адам сияқты көрінді. Бастысы, шалым риза болды. Өшкені жанғандай, өлгені тірілгендей қуанды. Еңгезердей баласын қайта-қайта құшақтап қояды...


Той жақсы өтті, келген қонақтарда, әкелген сыйлықтарда есеп жоқ. Өзіміздің балалар су жаңа көлік сыйлады, маған бриллиант тақты. Мәртебеміз асқақтап, мерейіміз тасып қалдық. Той біткесін Ринат «мен қонақүйге жайғасайын, сіздерді әурелемейін» деді. Ондайға көне қоятын қазақ бар ма, «Жүр, екі қабатты үйде орын көп. Қонақүйі несі?» деп ертіп кеттік. Ертеңінен бастап қыздар кезек-кезек үйлеріне шақырып, Ринат бауырларын күтті. Не керек, шетелдік баламыз бір апта үйде аунап-қунап жатты.


Қайтар уақытына билет алып келген екен. Ұшаққа мінерден бір күн бұрын менің қан қысымым көтеріліп кетті де, жедел жәрдеммен ауруханаға түсіп қалдым. Доқтырға кетіп бара жатқанда балаларына деп алып қойған базарлығымды, келініме деп сақтаған алтынымды Ринатқа табыстадым. Екеуміз қимай қоштастық, «Жаңа жылда отбасымды алып тағы келем» деп қалған.


Ауруханада жатсам үлкен қызым хабарласады, «Мама, алтын комплектім мен білезігімді таба алмай жатырмын, жер жұтып қойғандай жоқ» деді. Онда да көңілге күдік кірмеген. Ауруханадан шығып, үйге келсем, тойға түскен бриллиант комплектім, екеуі бірдей білегізім, норка шубам, жоқ. Алдын кемпірлермен гәп ойнап, 300 мың теңге алғам. Аңғал басым шубамның қалтасына сала салып ем, ол да бірге кетіпті. Шалдан «үйге біреу келіп пе еді?» деп сұрасам, «бөтен адам болмады» деді. Сол кезде барып Ринаттан күдіктендім.


Түк болмағандай «жақсы жетіп алдың ба» деп хабарласайын десем, телефонын көтермейді. Хат жазсам оқымайды, нөмірін ауыстырып тастаған сыңайлы. Шалым екеуміз аң-таң боп қалдық. Қызымның да алтынын жымқырып кеткен сол болды ғой. Іздеп баратын мекен-жайын да сұрамаппыз.


Баламыз деп төрімізге шығарып, төбемізге көтерген адам бізді осылай «отырғызып» кетті. Кімге ренжиміз, дертімізді кімге айтамыз. Өлтіріп кетпегеніне қуанып қала бердік. «Құдай жеткізсін, одан да жақсысын әпереміз әлі» деп балам жұбатып қояды. «Өзің тумай, ұл болмас» деген рас екен...»