​«Сіңлімді пышақтап кеткен»: талдықорғандық әйел бұрынғы күйеу баласының жасаған қылмысын жайып салды

0
3 080

«Қайнысы қансырап жатқан жерінен ауруханаға жеткізіпті»


​«Сіңлімді пышақтап кеткен»: талдықорғандық әйел бұрынғы күйеу баласының жасаған қылмысын жайып салды
суреттер "Немолчи.kz" қоғамдық ұйымының жетекшісі Дина Таңсәрінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды


«Сіңлімді қорлаған күйеу балам жазасын қалмауын сұраймын. Екі баласының тағдырын ойламай, бұрынғы әйелін шіміркпестен пышақтаған еркек ертең басқа біреудің өміріне қауіп төндіруі мүмкін», - дейді М. есімді талдықорғандық әйел.


М. қаңтар айынан бері сіңлісінің денсаулығына алаңдап, әділдікке қол жеткізу үшін талай табалдырықты тоздырыпты. Қазір бұл іске байланысты сот отырысы басталған. Оқиғаның қалай болғанын М.-ның өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«А. менің жиен сіңлім болып келеді, әпкемнің қызы. Оның күйеуімен қанша жыл отандасқаны, араларында не болғанын жақсы білмеймін. Туысымыз болғасын анда-санда, жиындарда көрісіп тұратынбыз. Әйтеуір екі балалы болды. Алғашында ата-енемен бірге тұрды, кейін бөлек шықты. Ақырында заңды түрде ажырасып тынды. Күйеу бала еш жерде жұмыс істемейтін. Әзір де сондай.


А. екі баласымен ата-анасының үйіне қайтып келді. Өзі жоғары білімді, мұғалімдікті бітірген, ақылды, парасатты қыз еді. Екі баласын асырау үшін мектепке мұғалім болып кірді. Ағылшын тілінен сабақ беретін. Күйеу бала ажырасып кетсе де сіңліме тыныштық бермей жүріпті. Қызғаныштың қызыл иті ғой, артынан аңдып, «мен сені өлтіремін» деп қорқытып-үркітіп жүрген екен.


Бұл оқиға кешегі 5-қаңтардағы қырғынмен тұспа-түс келген. Елде жаппай тәртіпсіздік орнап, жұрт үрейленіп отырғанда сіңлімді бұрынғы күйеуі жолынан күтіп алып, неше түрлі сөздермен қорқытып, өлтіретінін айтып, қалтасындағы пышағын көрсеткен. Сіңлім сол мезетте-ақ учаскелік полиция бөлімшесіне барып, арыз жазып шығады. Шыққасын баласын бақшадан алмақ болған. Бақшаға жетер-жетпес күйеуі күтіп алып, тапа-тал түсте сіңлімнің сол жақ кеудесіне, бетіне, тамағына, қолдарына, беліне пышақ сұққан. Бағына орай сол маңнан екі орыс қыз өтіп бара жатқан екен. Екеуі араша түсіп, айқайлағасын күйеуі дереу қашып кеткен. Шамасы дәл сол күндері өлтіріп кетсем, болған жағдайды митингке шыққандардың бірі істеді деп, өзі жазадан құтылып кетем деп ойлады-ау...


Сол уақыттарда елде аласапыран болып, «жедел жәрдем» көлігін шақырудың өзі қиын болып еді ғой, әлгі екі қыздың көмегімен сіңлім сол маңда тұратын қайнысын шақыртып, онысы жеңгесін өз көлінімен ауруханаға жеткізіпті. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, сіңлімнің өмірін құтқарып қалды. Сіңлім өмір мен өлім арасында арпалысып, ауруханада жаны азапталып жатса да күйеуі хабарласып, «сен қалайша тірі қалдың, мен сені бәрібір өлтіремін» деп қоқан-лоққы көрсеткенін қайтерсіз?


А. ауруханада он күндей емделіп жатты. Бірақ сол уақыт ішінде бірде-бір полицей келіп, сіңлімнің арызын алып, жағдайды сұрамады. Біз үйде отырып 102-ге хабарласып, істі бақылауға алуын талап еттік. Шамасы сол уақыттары полицейлер митингпен әуре боп кетті-ау, біздің іс кейінге ысырылып қалды.


Ауруханадан шыққасын мен дереу «Немолчи.кз» қоғамдық бірлестігіне хат жаздым, сіңліме айтып жүріп прокуратураға арыз түсірдік, арызға күйеу баланың жіберген хабарламаларын, аудиожазбаларды, куәгерлердің сөздерін қоса тіркедік. Содан кейін барып бұл іс алға жылжи бастады.


Үстінен арыз жазғанын білгесін қылмыскер ізін суытып, басқа қалаға қашып кетіпті. Полицейлер екі айдай іздеп, ақыры қолға түсірді. Ол мамыр айынан бері уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.


Сіңліме бұл оқиға жаман әсер етті. Денсаулығына айтарлықтай зақым келді. Пышақтың ұшы көмейге қатты тиген екен, даусы шықпай қалды. Сөйлеу алмау азаптың азабы емес пе? Дереу туыстары боп ортадан ақша шығарып, Астанадағы ең мықты деген лор-дәрігерге тексертіп, ота жасаттық. Бірақ одан сіңлімнің денсаулығы толығымен жақсарып кетпеді. Қазір мектепте сабақ береді, даусы әрең шығады. Амал жоқ, балаларын асырау үшін қиналса да істеп жүр.


Таяуда тергеу аяқталып, сот отырысы басталды. Күйеу бала біресе кінәсін мойындайды, біресе мен мұны істеген жоқпын деп жалтарады. Енді кеше «Бұл мені түрмеге отырғызып, көзімді құрту үшін пышақталған жерді әдейі, өзі үлкейтіп, жағдайды қолдан ушықтырып отыр» деп көзімізді бақырайтып жала жапты. Ұялмай-қызармай соттан қайтадан тәуелсіз зертханада сот-медициналық сараптама жасатуды талап етті. Одан бөлек неше түрлі қарсы арыздар жазып, сот ісін созу үшін барын салып жатыр.


Сіңліме күйеуінің туыстары бірнеше мәрте келіп, арызды қайтып алуды өтінген екен. Бірақ біз екі баласының анасын аяусыз жарақаттап, өлтірмекші болған адамды қалайша кешіре саламыз? Салған жарақаты қате тиіп, сіңлім өліп кетсе не болар еді? Осыны ойласам, денем тітіркеніп кетеді. Мұндай адамдарға аяушылық танытпау керек, тиісті жазасын алсын!»