​«Күйеуінен қашып, үшінші қабаттан секіріп кеткен»: қызылордалық ана қызын осы жағдайға жеткізген күйеу баласының жазалануын талап етіп отыр

0
1 884

«Полицейлер әріптесін қорғап, іске жүрдім-бардым қарап отыр»


​«Күйеуінен қашып, үшінші қабаттан секіріп кеткен»: қызылордалық ана қызын осы жағдайға жеткізген күйеу баласының жазалануын талап етіп отыр
суреттер «Немолчи.kz» бірлестігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан анасының рұқсатымен алынды


«ERNUR.KZ» редакциясына «Немолчи.kz» қоғамдық бірлестігінен шұғыл ақпарат келіп түсті. Онда Қызылорда қаласының Аруна есімді тұрғынын күйеуі аяусыз соққыға жығып, ауыр дене жарақатын салғаны туралы айтылған. Ақпаратқа сәйкес, Аруна күйеуінен қашпақ болып үшінші қабаттан секіріп, аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Жұлынына, омыртқасына айтарлықтай зақым келгендіктен кеудесінен төменгі жағы жансызданып, өмір мен өлім арасында арпалысып жатқаны айтылған.


Осы хабарламадан соң «ERNUR.KZ» тілшісі Қызылорда облысы, Шиелі ауданында тұратын Арунаның анасы Назыммен байланысқа шықты. Қызы үшін шырылдап, тілшілерден араша сұраған ана болған жағдайды бастан-аяқ баяндап берді.


«Қызым осыдан үш жыл бұрын қазіргі күйеуі Жасұлан Асылбековпен танысып, қыз бен жігіт болып жүріп, ақырында үйленді. Қазір араларында бір бала бар. Қызымның екіншісіне аяғы ауыр. Қызылордада тұрады. Үйленгелі бері екеуі жиі ұрысып, келіспей қалатын. Соның кесірінен қазір құда-құдағиларыммен араласпаймын.


Оқиға болардан бір күн бұрын, яғни 3-қарашада күйеу балам маған телефон соқты. «Үйге келіп кетіңізші» деді. Бір күн бұрын өзім Атыраудағы вахталық жұмысымнан енді келген едім. Үйде жетпіс беске келген енем бар. Сонда да қызым үшін қалаға барып, мәселені шешіп қайтайын дедім. Барсам қызым жылап отыр.

«Мынау бізді мүлдем ойламайды, түн ортасында бір-ақ келеді. Біз ашпыз ба, тоқпыз ба, бұған бәрібір. Өзі сырттан тамағын жеп алады да, тек қонуға келеді» деп шағымданды.

Күйеу балам да қарап қалған жоқ. Өзі қалалық Ішкі істер басқармасында істейтін. «Менің жұмысым сондай. Ерте кетіп, кеш келемін» деп ақталып жатты. Екеуін де сабырға шақырдым. Қызыма да «еркек – түздің адамы, сендерді асырау үшін жүр ғой, сабыр ет» деп бар ақылымды бердім. Соңынан екеуін де жұмыстарына жіберіп, немеремді өзіммен бірге ауылға алып кеттім. Кетерде «Ертең үйдегі әжелеріңнің туған күні. Отбасымызбен атап өтеміз. Соған келіп, балаларыңды алып кетерсіңдер» дегем.


Ертеңіне азанда енемнің туған күніне аласұрып дайындалып жатсам құдам хабарласып тұр. Өмірі звондамайтын, не болды екен деп тұтқаны алып едім, «Назым, қалаға келіп кетесің бе?» деді. Ойымда дым жоқ, «Кеше ғана барып, айтарымды айтып кеткем, бүгін уақытым жоқ. Кешке қонақ күтіп жатырмыз. Тірі болса бопты» дедім де, тұтқаны тастай салдым. Артынша ауруханадан бір мейірбике хабарласты ғой, «Арунаның мамасысыз ба, тез жетіңіз, қызыңызға ота жасалайын деп жатыр» деп.


Салып ұшып ауруханаға барсақ қызыма ота жасалып, жансақтау бөліміне жатқызылыпты. Ешкімді кіргізбейді, жаным шығып кете жаздады. Үшінші күн дегенде қызыма кіріп, не болғанын біліп шықтым. Сөйтсем мен кеткен түні күйеу балам үйге өлесі мас болып келіпті. Келген де ұйықтап қалған. Қызым оның бұл жүрісінен күдіктенген де «айфонын» алып, ішін тексермек болған. Сөйтсе күйеу балам онысын ешкім көрмес үшін бұғаттап тастаған. Болмағасын қызым «сим-картасын» алып, өзінің телефонына салған. Сөйтсе әлдебір қыздардан күдік-күмән туғызатын хабарламалар келген. Содан шыдай алмай күйеуін оятып алып, сұрақтың астына алған ғой. Ішіп алған адамда ес болсын ба, алдын енем балаң суықтап қалса сыларсың деп кішкентай банкаға тұнба жасап берген. Қолына соны алып, қызымның басынан аямай ұра беріпті. Онымен қоймай мойнынан қылқындырып, өлтірмекші болған. Әлден уақытта қызым күйеуінің қолынан сытылып шығып, үшінші қабаттан секіріп кеткен. Жағдай – осы.



Мынаны естіген соң күйеу баламды соттатам деп заңгер іздей бастадым. Бір таныс кісі «мына әйел сендерге көмектесе алады» деп Гүлмира деген біреудің нөмірін берген. Онымен хабарласып, кездесіп, жағдайды айтып бердім. «Мен сіздің күйеу балаңызды танимын, УБОП-та істейді ғой. Болған жағдай Қылмыстық Кодекстің 105-бабына тура келіп тұр. Бұл бойынша іс қозғалғанымен, күйеу балаңыз қамалмайды. Тек қызметінен айырылуы мүмкін. Ал оның жұмыссыз қалғаны сіздерге керек пе? Одан да жұмысында қалып, қызыңызға айлығының елу пайызын алимент ретінде беріп тұратын етейік. Қазір қызыңыздың аяқтан тұрғаны маңызды» деп мені олай да бұлай айналдырып тастады. Сонымен мен оған нотариус арқылы сенімхат беріп, қызмет ақысы үшін шотына өз телефонымнан 100 мың теңге аударып жібердім.


Бірақ содан кейін ол әйелдің не тындырғанын білмеймін. Жағдайды естіген туыстарым «Анау заңгер әйел екі жақта «ойнап» жүр ғой. Күйеу балаң жазалануы тиіс! Айлығының елу пайызы еш уақытта алимент ретінде берілмейді» деп көзімді ашты. Содан мен Гүлмира дегенді іздестіріп, ақшамды қайтарып беруімді сұрап едім. Зым-зия, жоқ болды. Телефонымды блоктап тастапты.


Күйеу балам түк болмағандай жұмысын істеп жүр. Әке-шешесіне де бәрібір, «соттайсың ба, басқа қыласың ба, біздің шаруамыз жоқ» деп отыр. Екі ортада қызым сорлап қалды. Жауырыны жарылған, иығы сынған, омыртқалары, жұлыны езіліп кеткен. Мойны, қолдары көкпеңбек. Миы шайқалған. Кеудесінен төмен жағын сезбей, ауруханада жатыр. Көк бауырын ота жасап алып тастапты.




Бір қынжылатыным, оқиға болған жерге бірде-бір полицей келіп, көршілерден жауап алмаған. Бұл әріптестерін қорғау ма, әлде оларға бір адамның тағдыры ойыншық па? Осыларды ескере келе, мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінен Асылбеков Жасұланның жасаған қылмысын бақылауға алып, тиісті шара қабылдауын талап етемін! Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрінен қызым Арунаның денсаулығына жәрдем беріп, қажетті ем-домдарын алуға жағдай жасауын өтініп сұраймын».


P.S. Қызылорда қаласында болған бұл қылмыстық оқиға алдағы уақытта біздің назарымызда болмақ. Жақын арада істің ақ-қарасы анықталып, Арунаның аяқтан тұрып кетеріне сенейік.