​«Сіңлісіне суррогат ана боп, қыз туып берді»: алматылық әйел екі қызының қарым-қатынасына алаңдайды

0
3 307

«Бұл баланы мен тудым» деп бет бақтырар емес»


​«Сіңлісіне суррогат ана боп, қыз туып берді»: алматылық әйел екі қызының қарым-қатынасына алаңдайды

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қай ана болмасын балаларын теңдей жақсы көрсе керек. Өз басым сондаймын. Құдайдың берген бес перзентін алаламай, бойымдағы мейірім мен махаббаты теңдей бөлуге тырыстым. Бірақ менен ала да, құла да туды. Қайтейін енді. Қазір екі оттың ортасында шыр айналған көбелектей боп жүрмін», - дейді Кәмила есімді алматылық ана.


Бұл кісінің екі қызы бір перзентке таласып жүр екен. Оқиғаның мән-жайын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Біздің отбасымыздағы бұл сынақты шалымның көрмегеніне шүкір. Бар тәш-пішті маған тастады да, шын дүниесіне кете барды. Жастайымнан сол кісінің ақылына сүйеніп, айтқанымен жүруші едім. Үйдегі балалардың тәртібі де, басқасы да соның мойнында болатын. Енді, амал жоқ, отбасымның ұйытқысы болуға барынша тырысып жүрмін.


Аллаға шүкір, екі ұлым алғандарымен тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Екі қызды тұрмысқа бердік, бірі Қостанайда тұрады. Екіншісі осы, алматылық жігітке тиген, жеті жыл бұрын. Бірақ күйеу балам екеуі бір перзентке зар болып, қиналып жүр. Бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Көтеруін көтереді, бірақ тұрақтамайды, түсік тастай береді. Соның уайымы мені де өз уақытымнан ерте қартайтты. «Күйеуімнің басын байламаймын» деп үйге келеді, артынан күйеуі келеді де, «мен сенен өлсем де айырылмаймын» деп алып кетеді. Бір бала демесең, екеуі бір-біріне өлердей ғашық. Бәлкім бұл да оларға берілген сынақ шығар.


Үлкен қызым оқу, қызмет деп тұрмысқа шықпай қалып қойды. Былтыр қырыққа толды. Тұрмысқа берейік деп көрсетпеген жігітіміз жоқ. «Мама, мен өзім ұнатпасам тұрмысқа шықпаймын» деп айтқанынан қайтпай тұрып алды. Осы уақытқа дейін Астанада істеген, былтыр жұмысын Алматыға ауыстырған, қазір өзі пәтер жалдап, бөлек тұрып жатыр. Өзінің мінезі де қызық оның, оқуы да, жұмысы да жырақта болғасын ба, адамға онша жұғымы жоқ, үйге келсе де қонақ сияқты, бір-екі сағаттан кейін қайтып кетеді.


Сол қызым ғой бәленің бәрін бүлдірген. Несін айтайын, сарсаңға салып қойды. Сіңлісімен сырласса керек, онысы бала туып беретін суррогат ана іздеп жүргенін айтыпты. Расында да күйеу балам екеуі бала асырап алғанша суррогат ананың көмегіне жүгінетінін айтқан. «Мама, өзіміз білетін, танитын адам болса дұрыс еді, сыры мәлім дегендей» деп қалған. Онысын әпкесіне де жеткізген екен, «мен саған суррогат ана болайын» деп келісе салыпты. Бұл әңгімені естігенде естен тана жаздағам. «Бұлай болмайды, естерің ауысты ма?» деп тыйып тастағам. Сөйтсем олар менің қарсы болатынымды біліп, бар тірлікті білдірмей жасаған.


Үлкен қыздың қарны шермиіп шыға келгенде бір-ақ білдік. «Мама, мен бұл шешімді ұзақ ойланып барып қабылдадым. Бауырымның баласы маған да бөтен болмайды ғой, бәлкім аналық мейірімім оянып, артынша мен де тұрмысқа шығармын» деген.


Қысқасы, Айнұр айы-күні жетіп, аман-есен қыз босанды. Алғаш тууы, әбден қиналды. Дәрігерлер кесарь тілігін жасауға мәжбүр болды. Онымен қоса көптен күткен сәбиін қолына алам деп кенже қызым да уайымдап кетті. Бір аптада улап-шулап жүріп жиенді перзентханадан шығарып алдық. Қырық күн қызымның пәтеріне барып, әбден күтіп-баптадым. Бауыры үшін тәуекелге бел буған қызыма рахметімді жаудырып, қызды болған екі мұңлықтың қуанышын көріп, шүкір дегем. Сөйтсем көретінім әлі алда екен.


Қырық күнде белі қатайып, денсаулығы дұрысталған Айнұр екі күннің бірінде сіңлісінің үйіне барып, бөпені құшағына басып жүр. «Қызым, бара берме, бауыр басып қаласың. Оның әке-шешесі бар, ұмытпа» деп талай айттым. Тыңдар емес, енді есі ауыса бастағандай «Мама, қызымды ойласам жүрегім ауырады, тоғыз ай көтеріп, толғатып туам да, басқаға бере салам ба, маған да перзент керек» деп қоймайды.


Қазір жиенім алты айлық. Аунап, кішкене еңбектеуге әрекет етіп жатыр. Қылығы да тәп-тәтті, сонысымен суррогат анасын баурап барады. Қайбір күні күйеу балам мен сіңлім тойға баратын боп, қызына қарауға әпкесін шақыртыпты. Сөйтсе ол баланы киім-кешегімен қоса өз үйіне әкетіп қалыпты. «Бұл менің де қызым, екі ортада жүре берсін, өзім қараймын» деп түнде іздеп барған әке-шешесіне бермей жіберген. «Мама, Айнұрға айтыңызшы, мұндай қылығын қойсын» деп жылап келіп тұр. Бүйте берсе екеуі бет көрместей ұрысып қалатын сияқты. Бәрінен де баланың тағдырына алаңдаймын.


О баста білсем, өлсем де екі қызымды тоқтатар едім. Енді не істерімді білмей отырмын. Көзі қарақты оқырман ақыл-кеңестерін айтса деймін...»