​«Інісі ағасын кедей деп менсінбейді»: жетісайлық азамат құдалықта көрген оқиғаны айтып берді

0
47 758

«Құдалықта көлігінен түсіріп тастап кетті...»


​«Інісі ағасын кедей деп менсінбейді»: жетісайлық азамат құдалықта көрген оқиғаны айтып берді

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдаң құрдасыңдай болса, жақсы. Бірақ адамның аласы ішінде дегендей, кейде жақсы деген адамның да бойынан кемшіліктер табуға болады екен», - дейді Ахметбек есімді жетісайлық азамат.


ERNUR.KZ редакциясына хат жазған оқырманымыз таяуда ғана құдалықта болған жағдайды баяндапты.


«Таяуда кішкентайдан тай-құлындай тебісіп, бір нанды бөлісіп жеген жан досым қызын ұзатты. Қалған сыныптас жігіттер ауылда тұрады, қалада мен ғана болғасын, сыныптастардың атынан Тасболаттың тойына қолымнан келген жәрдемді бердім. Тасболат досым күзет қызметінде істейді, әйелі ауруханада мейірбике. Ешкімнен нан сұрап жейтін халде емес. Бір қызын ұзатып, келін де түсіріп үлгерген. Бірақ мына Алина қызына айттырып келгенде ерекше қобалжыды. «Дос, құда бақуат тұрады екен. Бізді менсінбей, жақтырмай қалмаса болар еді. Шешесіне «қызыңмен сөйлес, баратын жері бізбен тең емес екен, әлі жас қой, оқуын бітіргенше қоя тұрсын» деп едім, онысы көнбепті. «Сүйем, осы жігітке ғана тием» деп айтқанынан қайтпапты. Дәл қазір ұзата салатын жағдай да жоқ еді, барымызбен базарлаймыз» енді деп сыр ақтарған.


Не керек, межелі күн келгенде құдаларды Тасболат достың үйінде күтіп алдық. Бас құда жап-жас екен, соған қарағанда күйеу баламыз тұңғышы болса керек. Өзінің құрылыспен айналысатын фирмасы, қалада үлке тойханасы, екі балабақшасы бар екен. Жағдайы «бес» құда біздің достың ауласына кіргеннен тыржиды да қалды. Жақтырмағаны, өзіне тең санамағаны маған анық байқалды. Қонақ болған соң күтейік деп алдына екі мәрте стакан соғыстыруға бардым. «Құдеке, айып етпеңіз, мен мұндай арақ ішпеймін» деп бетімді қайтарып тастады. Сөз сөйлегенде де сызданып, мақтанып, өзін ерекше көсеткісі келді. Ішімнен «әйел құсап кердеңдеді-ау мынау да» деп жақтырмай қалғанымды жасырып қайтем...


Үйде қоржын ашылып, бәріміз енді тойханадағы құдалыққа келдік. «Кедей – мәрт» деген, досым барынша тыраштаныпты. Ең мықты деген асабаның бірін жалдаған, домбырамен де, былай да ән айтатын әншілердің екі-үшеуін шақыртыпты. Құйқылжыта ән шырқап, келген қонақтар жақсы тілектерін айтып, асаба әдемі әзілімен көмкеріп, құдалық мен ойлағаннан әлдеқайда жақсы өтті. Дегенмен бұл жиыннан бір жағымсыз жай да менің есімде қалды.


Қызықшылық аяқталып, құдаларды шығарып салған соң «бұл да бір біткен шаруа болды» деп қайтуға жинала бастадық. Сол кезде досым «Өзі­мізше бір 5 – 10 минут отырайық та. Өзіміз отырып шай ішейік. Мынаның бәрін қалай тастап кетеміз?» деп бізді дастарханға қайта отыр­ғызды. Мен ішімдікке онша қызыға бермеймін, сондықтан таза ауаға шығып келуді сылтауратып сыртқа шықтым.


Бір кезде жол жаққа көзім түсті. Онда құданың ағасы такси күтіп тұр екен. Құдалық аяқталғанда олардың бәрі көліктеріне мініп, артынан қол бұлғап тұрып шығарып салғанбыз. «Бәрі кетіп, бұл кісі жалғыз қал­ғаны несі?» деп ойладым. Көлікке отырғызып жіберейін деп жанына барғанмын. Аздап «қызып» қалған екен.

«Рахмет, құда, қазір балам келіп әкетеді. Оған дейін осы жерде күте тұрам» деп тойханаға кірмей қойды. Қарап тұрғанша әңгіме болсын дедім де «Жаңа машинаға мінген сияқты едіңіз, қалай түсіп қалдыңыз» деп сұрадым. «Е, шешесін... Бауырым болса да айтайын, ит қой ол. Әшейін, ел-жұрттың сөзінен, әруақтан ұялғанынан бізді құдалыққа қосып отыр. Әйтпесе бізді адам ғұрлы көрмейді. Әке-шешеден жетім қалғанымызда осы күшік тоғызыншы сыныпта оқитын. Үйдің үлкені болғасын арманда қалмасын, «әке-шешем тірі болғанда оқытар еді» деп қамкөңіл болмасын деп өзім оқымаған оқуды оқыттым. Қайынжұртқа жалынып жүріп, қаладағы қайнымның үйінде тұрғыздым. Келген сайын өз балаларымның аузынан жырып қалтасына ақша тықпыштап тұратынмын. Кейін, оқуын бітіріп, үйленетін кезі келгенде де қорадағы бар малымды сатып, басқа бауырларды да бұл іске жұмылдырып, дүркіретіп тойын жасадық. Ал бұл күшік байдың қызын алды да, соның айтқанынан шықпай қалды.


Былтыр менің балам қалада досының көлігін құжатсыз айдап, жаяу жүргіншілер жолағында кетіп бара жатқан студент қызды қағып кетті. Абырой болғанда қыз аман қалды. Бірақ әке-шешесі баламның үстінен арызданып, содан құтылу үшін қыруар ақша керек болды. Сонда алдына көмек сұрап барғам. Прокурор боп істейтін досы бар, бір көмегі тиер, қарызға ақша берер деп үміттенгем. «Тәте, бұл жағдай балаңызға сабақ болады, мен заңсыздыққа көз жұмып, парамен ештеңе шешпеймін» деп сазарып отырып алды. Өзі бизнесті адал жолмен жүргізіп отырғандай, тегі... Қазір де ішіп алып сол кездегі иттігі есіме түсіп, әңгіменің шетін шығарған едім, «Түсіңіз көліктен» деп итеріп, түсіріп тастап кетті. Қысқасы, құда, бұл әңгіме екеуміздің арамызда қалсын. Ит те болса бауырым ғой» деп жаңа құда баласының көлігіне отырып кетіп қалды.


Бүгінде жұрт ала-құла болып, тіліне, дініне, тұрмыс жағдайына қарай бөлініп кетті. Мысалы, өткенде атеист әкесі мен діндар ұлының бет көрместей ренжісіп кеткенін, араласпайтынын естіген едім. Енді бай інісі мен кедей ағасының бір-біріне суық екенін естіп көңілім құлазыды. Осы біз кім болып барамыз өзі? Тәкаппар құдалардың кесірінен өрімдей екі жастың арасы суып кетпесе болар еді...»