​«Тиран күйеу ешқашан түзелмейді»: шымкенттік әйел өткен өмірінен сыр шертті

0
4 484

«Бауырларымнан безіп кеттім»


​«Тиран күйеу ешқашан түзелмейді»: шымкенттік әйел өткен өмірінен сыр шертті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Күпірлік ететін адамдардан емеспін, осы күнге жеткеніме, он екі мүшемнің сау жеткеніне шүкір деймін. Себебі күйеуімнің тепкісі мен езгісінен өліп қалатын шығармын деп қорқушы едім. Бірақ көретін жарығым бар екен. Аманмын, сыртым бүтін болғанымен жүйкеден жүйке қалмады. Қызғаншақ, ішкіш күйеу түбіне жетті», - дейді Ғалия есімді шымкенттік әйел.


Бүгінде сегіз немеренің әжесі боп отырған оқырманымыз көрген қиыншылықтары мен өткен өмірін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Серікбай – екінші күйеуім, алғашқысымен үйленгенімізге төрт жыл толғанда апатқа ұшырап, айырылып қалғам. Ол кезде тұңғышым Әлия небәрі үш жаста еді. Көлігімізбен сайға қарай төрт рет аударылып, сол жерде есімнен танып қалғам ғой. Бір апта дегенде есімді жиыппын. Абырой болғанда қызыма зақым келмепті. Күйеуімнің қайтыс болғанын үйге келгенде бір-ақ естідім.


Сүйіктімнің жылдық асын өткізгесін ата-енем ақ батасын беріп, төркініме шығарып салды. Анам марқұм ол кезде тірі еді, қызыма да, өзіме де қамқор боп жүретін. Бірақ менің қайғым ауыр тиді ме, екі жылдан кейін ол кісіден де айырылып қалдым. Анамның көзі кеткесін жеті бауырымның есігіне сыймадым. Жеңгем қызымды түртпектеп, ағамның қабағы бір ашылмай, өзім туып-өскен үйге бөтен екенімді түсіндім де, айттырып келген алғашқы адамға тұрмысқа шығып кете бардым.


Серікбайдың сырын білмей келіскен екем. Бірінші әйелінен туған перзенттері тұрмағасын ажырастым деген. Сөйтсем бейшара әйелін әбден тепкілеп, ішіндегі баласын түсіріп қоя берген көрінеді. Оның шет-жағасын кейінірек көршілерім айтып берді ғой.


Алғашқы төрт айда жап-жақсы өмір сүрдік. Сұмдықтың бәрі кейін басталды. Күйеуім қызғаншақ болып шықты. Басқа түгілі өзінің бауырларымен араластырмайтын. Келіндермен әңгіме айтып сәл тұрып қалсаң бітті, «көп байға тиюдің тәсілдерін үйретіп жатсың ба» деп миымды жейтін.

«Мен сені ешкімге керексіз қалған жеріңнен қатын қып алғам» деп ішіп келсе еш себепсіз тепкілей беретін. Ынжықтығым ба, қорыққам ба, үндемейтінмін. «Неге үндемейсің, мен сені теуіп жатырмын» деп ұрады, сөйлесем «саған сөзді кім берді» деп шашымнан бөлмені айналдыра сүйрейді. Ол келе жатқаннан қорыққаннан қалшылдап, қызымды түпкі бөлмеге қамап қоюшы едім. «Мені ұрғанын көрмесінші» деген ойым ғой, бірақ үйдегі айқай-шудан бәрін біліп, сезіп отыратынын қайдан білейін.


Күйеуіммен арпалысып жүріп үш бала таптым. Айналамдағы адамдардың бәрі «туа бер, баламен жеңесің» десе денсаулыққа да, басқаға да қарамай көтере беріппін. «Мына бала менікі емес, неге маған ұқсамаған» деп перзентханадан келген күні бетіме жұдырықпен бір ұрып, екі күрек тісімді сындырып қойған. Қысқасы, көрмегенім жоқ. «Сен кімге керексің қызыңмен, менің малымды бақ, ақыңды берем» деп кекеткен әпкемнің сөзі үшін, ағам мен жеңгемнің мені мазақ еткені үшін намысқа тырысып күйеуден көресіні әбден көрдім.


Обалы не керек, табысты табудай табатын, бірақ үстіме киім алғызбайтын. Бір халатты алу үшін үш апта жалынып, жылап, алдында маймыл болған күндерімді ойласам күйіп кетем. Тапқанын не өзіне, не бала-шағасына қимай, малмен жинай берді. Әпкемнің малын ақыға бақпаймын деп қырсыққанымды қайтейін, күйеуімнің малын тегін бағып, үш баласын қызыммен қоса итшілеп жүріп жеткіздім.


Аллаға шүкір, балаларым әкелерінен өте туған екен. Үшеуі де атпалдай азамат болды. Қызым да сабаққа зерек-тұғын, мектепті бітіре сала «мама, маған алаңдамаңыз, өз күшіммен оқуға түсем, Алматыға кетем» деп аттанған. Сонда жүріп жақсы жігіттің етегінен ұстады, қазір үш баланың анасы боп отыр. Мектепте мұғалім боп істейді.


Жұрттың «Баламен жеңесің» дегені осы шығар. Үш ұлымның екеуі үйленді. Не енеден, не күйеуден жылулық көрмей, қиналған соң, келіндеріме жақсы ене болуға тырысып келем. Ұлдарыма да «Мені қалай құрметтесеңдер, жұбайларыңды да солай құрметтеңдер. Ешқашан қол көтермеңдер» деп құлақтарына құйып өсірдім.


Жасым елуге келгенде, артқа қарайлап, өткен өмірімді саралап ойласам, жастық шағым, отбасылық өмірім, ішкіш күйеумен алысып, өтіп кетіпті. Сол кездерде неге сонша қорқақ болғанмын деп ойлаймын. «Арағын қойса арманым жоқ» деп Құдайдан тілеп жүріп, гүлдей өмірімнің желдей есіп, өтіп кеткеніне ішім ашиды.


Күйеуім қазір ішпейді. Өйткені баяғы бірге ішетін дос-жарандары жоқ. Туыстарына да қадірсіз. Баяғыда «арақ әкеп бер» деп ұратын, қазір ішсе өзін бір ұрып құлатам. Іше-іше бойында күш-қуат та қалмаған. Топ ете қалады. Екеуміз екі бөлек бөлмеде ұйықтаймыз. Мелшиіп, меңіреу күй кешіп жүр. Ешкіммен араласпайды, шақырған жерге бармайды. Ұлдарының өміріне еш қызықпайды. Немерелер келсе, олардың шулағанын жақтырмайды. Істеген ісіне өкінетін шығар, әлде басқа бір ойы бар ма, ешкіммен ашылып сөйлескен емес.


Жастық шағым күйеудің қас-қабағына қарап, шашым сыпырғы, қолым көсеу өткен соң қалған өмірімді өзім қалағандай сүрем деп шештім. Келіндерім ең әдемі, соңғы үлгідегі киімдерді таңдап береді. Шашымды сәндеп, боянып жүрем. Кезінде мені менсінбеген туған бауырларымның той-томалағына ең көп тойана апарып, іштерін қыз-қыз қайнатып қоямын. Қысқасы, баратын жеріме барып, демалып, аз да болса өзім үшін өмір сүргім келеді.


Бірақ осының бәрін жастық шағымда істей алмағаныма, өзіндік пікірімнің, еркіндігімнің болмағанына өкінем. Денсаулық кетті, жүйке жұқарды, алтынға айырбастамайтын жастық шағым қорлықта өтті. Сондықтан, сіңлілеріме айтарым, тиран күйеуді түзеледі деп күтпеңдер, ол – ауру, емделмейді. Бақытты өмір сүрудің жолын ізде, әр минутыңды, әр сағатыңды мәнді өткізуге тырысшы. Ауырсаң, инвалид боп қалсаң өзге түгілі бір туған бауырыңа да керек емессің...»