​«Тоңазытқыш аламын деп сотталып кете жаздадым»: шымкенттік жігіт қалай алданып қалғанын айтып берді

0
2 920

Әлі кредитін де төлеп бітпеген тоңазытқыш...


​«Тоңазытқыш аламын деп сотталып кете жаздадым»: шымкенттік жігіт қалай алданып қалғанын айтып берді

Ақшадан қысылғанда, қиналған сәтте адам әртүрлі әрекетке барады. Бірақ соның ішінде заңсыздыққа бару көбірек орын алып жатады.

Сондай жағдайға тап болған шымкенттік жігіт тоңазытқыш сатып аламын деп істі болуға сәл-ақ қалған. Ол өзінің оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

Адам алданам десе әп-сәтте екен ғой. Арзанға қызығамын деп сотталып кете жаздадым...

Арғы жылы болатын. Жарнамадан жақсы тоңазытқыштың арзан бағада тұрғанын көрдім. «Көшейін деп жатырмыз, алып кете алмаймыз» деген келіншектің сөзіне сеніп, айтқан адресіне бардым. Алдымен телефонда бар жағдайын сұрап алғанмын.

Есікті балалы келіншек ашты. Самбырлап сөйлеп жүр.

«Үйімізді саттық, енді жиһаз-техниканың барлығын сатып жатырмыз. Астанаға көшеміз. Күйеуім сол жақта сатып алатын үй іздеп жатыр. Бұның бәрін ол жаққа жеткізу үшін де ақша керек қой. Жаңасын алармыз», - деп етегіне жағаласқан тағы екі баласымен алысып жүріп біраз әңгіме айтып тастады.

Тоңазытқыш үлкен, жаңа екен. Босатып қойыпты. Ар жағында ескілеу тағы біреуі тұр.

«Оны енеме беріп кетемін. Бұрынғы, артымнан келгені ғой» деп менің назарымның түскенін байқаған келіншек оны да таныстырып үлгерді.

Не керек, тоңазытқыш ұнады. Жыл болмапты, кепілдік талоны, құжаты бәрі бар. Алатын болдым. Сөйттім де, ертеңіне алып кететін болып келісіп кеттім. Дүкеннен екі есе арзанға алғалы тұрмын. Келіншегім көптен бері қыңқылдап жүрген.

Ертеңіне көлік жалдап, ақшасын беріп алып кеттім. Үйге әкеліп, жуып-сүртіп орнатып қойдық. Ішіне мол азық-түлікті салып қойып келіншегім мәз болып қалды. Өзім де арзан алғаныма қуанып жүргенмін.


Бір ай уақыт өткенде телефоныма бір әйел хабарласты. Пәленше дегеннен пәлен теңгеге тоңазытқыш сатып алғаным рас па деп сұрады. Расын айттым. Содан соң үйге келетіндерін айтты.

Кешкісін үйге бір жігітпен бірге маған тоңазытқыш сатқан келіншек пен қасында 60 жас шамасындағы әйел келіп тұр. Тоңазытқышты алып кетуге кепті. Абыржып, не істерімізді білмей сасқалақтап қалдық. «Сатып алдым, менікі» деп сәл дауыс көтеріп едім, онда полиция шақыратын ниеті барып жеткізді.

«Ақшаңды қайтарамын... Кінә менен. Енемнің абысынының тоңазытқышы еді, ақша керек боп сатып жіберген едім» деп тұр әлгі келіншек.


Өзімнің келіншегімнің көзі бақырайып кетіпті. «Құрысын, сотталып кетерсің тағы. Бере сал, ақшасын қайтарса болды» деп жатыр. Сол арада әлгі үлкен әйел де мән-жайды айтты.

«Туыс келінім еді. Күйеуі жұмысқа кеткен, өзі менің пәтерімді жалдап тұрды. Бөтенге бергенше деп арзандау етіп келісіп бергенбіз. Өзім ауылда тұрамын, мынау балам. Бір ай бұрын келсем үй құлыптаулы. Телфондарына жауап бермейді. Іздеп жүріп төркінінен таптық. Үйдегі біраз заттарымды сатып жіберіпті. Ескі жиһазды мейлі, мына жап-жаңа тоңазытқышымнан обал. Кредитке алған едім, өзім тұрамын ғой деп. Ауылға кеткен соң өшіріп тастап кеткенмін, қостырмай. Сөйтсем, сатып жіберіпті. Сенбесең, құжаты міне, кредитін әлі төлеп бітпедім. Ақшасын мынаның өзі қайтарады, менің тоңазытқышымды қайтар, балам», - деген оның сөзіне сенбеске амалым қалмады.

Менің ақшамды берген күні алып кететін болып келістік ақыры. Әйтпесе екі ортада мен ұтылып қалайын деп тұрмын. Әйтеуір, апа да, оның баласы да жөні түзу жандар екен. Бір аптада тапқызатын болып кетті. Айтқандарындай, шығынымды өтеп бір аптадан соң тоңазытқышты алып кетті.

«Сыбайлассың» деп полицияға беріп жіберсе қайтер едім деп әлі күнге өз ойымнан өзім шошып кетемін. Жарнамадағы кез келген тауарды сатып аларда абай болу керек екен...

Тоңазытқыш аламын деп арандап қала жаздаған жігіт көпшілікті осындай жағдайлардан абай болуға шақырды.

«Қандай болса да жаңа тауар, дүкеннен алған дұрыс екен. Енді сабақ болсын», - дейді ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Марафон десе сене бермеңдер!»: Алматылық әйел арықтаймын деп ауруханадан бір-ақ шыққан


«Қорыққанымыздан биледік дейді»: Шымкенттік екі әйел таксиге мінуге қорқып қалған