​«Туған ағам арымды таптады»: астаналық бойжеткен ешкімге айтпаған құпиясын бөлісті

0
5 332

«Бұл оқиғаны анама да айта алмадым»


​«Туған ағам арымды таптады»: астаналық бойжеткен ешкімге айтпаған құпиясын бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қарғайын десем,жалғызым... туған ағамды айтам. Қиянатқа қимаймын, адамгершіліктен кетті деуге аузым да бармайды. Бірақ соңғы істеген тірлігі жүрегімді тіліп түсті. Басқа емес, туғанымнан қорлық көрем деп ойлаппын ба?!», - дейді Маржан есімді (өз өтініші бойынша аты өзгертілді) астаналық бойжеткен.


Туған ағасынан зорлық көрген қыз ешкімге айтпаған жан сырын ERNUR.KZ тілшісіне жайып салды.


«Бұл туралы айтудың өзі ұят, не істесем болады деп талай түнді ұйқысыз өткіздім. Ет пен тырнақты ажырата алмайтыныңдай, туған ағамның қылмысын әшкерелеп, ел-жұртқа жария ету ауырдың ауыры екен. Сол себепті аты-жөнімді өзгертіп жазсаңыздар деймін.


Менің ағам және әпкем бар. Әпкем Оралға тұрмысқа шыққан, жылына бір қыдырып келеді. Басқа уақытта бізбен шаруасы жоқ. Анам мен ағам базарда сауда істейді. Өзім қазір университеттің үшінші курсында оқимын.


Ағам осыдан алты жыл бұрын үйленген. Жеңгем жақсы адам еді. Бірақ екеуінің арасында перзент болмады. Анам бар тапқанын солардың жолында сарп етіп, дәрігердің түр-түріне көрсетті. «Балаңыз сары аурумен ауырған, ұрығының сапасы төмен, келініңізде кінә жоқ» деп кесіп-пішіп айтыпты. Оны естіген құдалар жағы қыздарын күштеп алып кетті. «Басын байламаңыз, балалы болсын» деп анамның алдына келгесін, қимай-қимай шығарып салдық.


Сол күннен бастап ағамның мінезі күрт өзгерді. Бұрын арақ дегенді татып алмайтын еді, әйелі кеткелі күн құрғатпай ішетін болды. Сауда жайына қалған, анам да айта-айта шаршады. Қазір інісінің ұлын қасына алып алған, таңертеңнен кешке дейін базарда. Ал ағамның араққа салына бастағаны сондай, қазір үйге көшедегі ішкіш достарын ертіп келе беретін болған.


Ағам ішіп алғанда мені құшақтап отырып жылайтын. «Мен еркек емеспін, бір қатынды туғыза алмайтын езбін! Маған енді кім тиеді, айтшы» деп жылағанда шынымен жаным ашып, қосыла жылайтынмын. Жеңгемді сағынып жүрген болар деп өзімше жұбатып жүргем. Сөйткен ағам бір күні мас халде мені құшақтап отырып кеудеме қолын жүгіртті. Басында оның бұл тірлігін байқамағандай болып, мас адам ғой деп үнсіз қалғам. Бірақ ішіп келсе болды жанына шақырып алып, тағы құшақтап жылайды. Туған ағаң зорлайды дегенді кім ойлапты, ештеңеден күдіктенбей жүре бергем.


Бір күні анам Тараздағы сіңлісінің үйіне, құдалыққа кететін болды. «Сауданы тоқтаттым, ағаңа бас-көз бол, ыстық тамағын бер» деп мықтап тапсырып кеткен. Ішіп келетінін білгесін мастығы тарқасын деп қайнатпа сорпа пісіріп, алдынан күтіп алдым. Тәлтіректеп әрең келген ағам баяғы әуеніне қайта басты. Алдына қойған тамақты ішуге шамасы жоқ, әрдеңені бір айтып, миымды әбден ашытты.

«Аға, мен сабағыма дайындалам, сорпаңызды ішіп, демалыңыз» деп бөлмеме кеткем. Мастығы тарқамаған күйі бөлмеме ентелеп кіріп келді де, мені төсекке сүйреп, қарсыласқаныма қарамай зорлады. Өзі ірі денелі, мықты еді, қарсы тұрар дәрменім болмады. Туғанымнан мұндайды күтпегем, есеңгіреп қалдым. Тіпті бір уақта жылай-жылай есімнен танып, ұйықтап кетіппін. Тұрсам үйде ағам жоқ. Есік ашық-шашық. Дереу екі кілтпен құлыптап, тас бекітіп алдым.


Ертеңіне мамам тойдан келді. Бірақ болған оқиға жайлы айтпадым. Оның бұған сенбейтіні анық, себебі анам әпкем екеумізге қарағанда ағамды ерекше жақсы көретін. Араққа сылқия тойып алса да шық жуытпай, сөзін сөйлеп отыратын.


Ағам үйге үш күннен кейін келді. Түк болмағандай, мас болып, бәрін ұмытып қалғандай кейіп танытты. Ал мен ол сияқты үнсіз қала алмадым. Оңаша қалғанда болған жағдайды өзіне айтып, жыладым.

«Кешірші, садағаң кетейін кешір, мас болдым, есімде ештеңе жоқ» деп аяғыма жығылып кешірім сұрады. «Енді саған саусағымның ұшы тисе, өліп кетейін» деп ант-су ішті. Бірақ не істесең де енді бәрі кеш, болары болып, бояуы сіңген. Ағамды көрсем әзірейіл көргендей жиырылып қалам. Ішім от боп өртеніп барады.


Осы оқиғадан бері жеті ай өтті. Қазір бір жақсы жігіт сөз салып, қыр-соңымнан қалмай жүр. Тәп-тәуір бала, шыққан тегі, алған тәрбиесіне әуесің келеді. Әңгімесінен анасының салт-дәстүрді берік ұстанатынын, ар-ұят, адалдық дегенге қатты қарайтынын байқадым. Ол менің туған ағамның педофил екенін, "таза емесімді" білсе не істейді? Ал мен ішімдегі бұл құпияны қашанғы жасырын ұстаймын? Туған ағасынан зорлық көрген қорғансыз қыз кімге керек? Алдағы өмірім бұлыңғыр, елестете алмаймын.


Қазір әлеуметтік желілерді ашып қалсам, «мен зорландым» деп зар еңіреген қыздар көп. Алданып қалып жатқаны қаншама. Қыздарға айтарым, қазір өзге түгілі өз туысыңа сенбейтін заман екен. Ішкен адамда ес бар ма, мүмкіндігінше ондайлардан аулақ болу керек».