​«Түрмеден шығып, пәтерін тартып алды»: алматылық әйел туысының басынан өткен оқиғаны баяндап берді

0
1 029

«Қайын атасының сейфін тонап, ғимаратты өртеп кеткен»


​«Түрмеден шығып, пәтерін тартып алды»: алматылық әйел туысының басынан өткен оқиғаны баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құдай әйелге сабырды да, төзімді де, сенімді де үйіп-төгіп бере салған ғой. «Қырық шырақтымыз» деп қойып алдынан шыққан бүкіл қиындыққа көніп, төзіп келе жатқан әйелдерді кейде аяп кетемін. Сондай ерліктерін бағаласа мейлі ғой, кейде сеніп тиген күйеулері «лақтырып» кетіп жатады. Қор болған қайран жастық шағы үшін күйініп кетесің», - дейді Лаура есімді әйел.


Оқырманымыз бөлесінің басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Кішкентайымыздан бір ауылда туып, тай-құлындай тебісіп өскен бөлем бар. Аты – Ұлбосын. Сол бөлемнің тағдыры өте ауыр болды. Бірақ соған қарамастан мойымай, жасымай, екі баласын жеткізу үшін жан аямай еңбек етіп жатыр.


Біреудің тағдырын талқыға салып отыр деп сөкпеңіздер, кейде мен Ұлбосын бөлем сияқты аңғал, сенгіш қыздарды көп кездестірем. Ішімнен «Құдай-ай, ешкімнен алданбай, жақсы өмір сүріп кетсе екен» деп тілеп отырамын. Сондықтан менің бүгінгі әңгімем өзгелерге сабақ болсын деген оймен жария еткім келді.


Ұлбосын бөлем университетте оқып жүріп бір жігітпен танысқан. Әке-шешесін білмейтін, балалар үйінде тәрбиеленген екен, үйтіп-бүйтіп жүріп бөлемді өзіне қаратып алды. Түр-басы маған бір көргеннен ұнамаған. «Мынауыңның жылпостау жігіт қой» деп өзіне де айтып едім. Бірақ Ұлбосынның көзі сол жігіттен басқаны көрмей қалды. Оны нағашы әпкем мен жездеме таныстырып, екеуі емін-еркін кездесіп біраз жүрді.


Әпкем мен жездем өте бақуат тұратын кісілер еді, әлгі жігітті жетім деп есіркеп, фирмасына жұмысқа кіргізіп қойды. Көп ұзамай екеуі үйленді. Жездем марқұм бүкіл ағайын-туысты шақырып, екеуінің тойын қаладағы ең қымбат мейрамханада жасады. «Тойларыңа тартуымыз» деп қаланың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтірдің кілтін табыс етті.

Тойдың ертеңіне Ұлбосынға күйеуі «мен қайын жұртым берген үйде күшік күйеу сияқты тұра алмаймын, кілтті әкеңе қайтарып бер» деп әңгіме айтыпты. Құлай сүйген адам ондайға шыдасын ба, «ендеше сенің-ақ үйің бола қойсын» деп сол мезетте атындағы үйді күйеуінің атына жазып беріпті.


Екеуі төрт жылдай отасты ғой деймін, екі балалы болғанда Мәжит күйеу бала істі болды. Жездеміздің фирмасында жұмыс істеді деп едім ғой, орайы келгенде қайынатасының кабинетіндегі сейфте тұрған миллиондаған ақшаны алып, ішіне өрт қойған. Сол өрттің кесірінен ұйықтап жатқан күзетші қайтыс боп кетті. Ақырында бәрі әшкере болып, күйеу бала түрмеге тоғытылды.


Істеп жатқан кәсібінен бір сәтте айырылып, зәулім ғимараттың әп-сәтте күлге айналғаны жездемізге де оңай тимеді, жүрегінен инсульт алып, төсекке таңылды да қалды. Сондағы таңғалғаным, Ұлбосынның ештеңеге қарамай күйеуінің сөзін сөйлеп, жақтағаны болды. «Оның арам ойы болған жоқ, ақшаны көріп жолдан тайды, әйтпесе адам өлтіретіндей жауыз емес» деп шыр-пыры шығып қорғады. Інілерінің, ата-анасының сөзін елеген жоқ.


Бір жолыққанда «сол жігіттен жақсылық келмейтінін біліп едім» деп сөйлегем. «Біздің өмірімізде ешкімнің шаруасы болмасын, ит те болса балаларымның әкесі, соңына дейін сөзін сөйлеймін» деп мені жақтырмай қалған. Айтқандай-ақ күйеуінің артынан қайта-қайта тамақ тасып, одан қалса екі баласын асырау үшін екі жерде жұмыс істеп, әбіржіп қалды. Сол арада жездеміз бақилық болды, әпкеміз де қартайып, баяғы дүние-мүлік ортайып, өз бастарымен әуре боп кетті.


Сол бөлемнің жағдайы не болды дейсіз ғой? Бес жылын түрмеде өткізіп, әйелі әкелген тәтті тамақты жеп, курортта жатқандай боп келген күйеу баланың биті әбден семірген екен. Түрмеден келіп, күш-қуат жинап, рең-басы дұрысталған соң әйелін екі баласымен қосып үйінен қуып шықты.


Ол оңбаған түрмеге түспей тұрып әйелінің көзіне шөп салып, әлдебіреумен жүрген екен. Қайын атасының сейфіне қол салғаны да сол көрінеді, ақшаны алып, қарасын батырғысы келген. Бірақ ойы жүзеге аспай, түрмеге түскен соң амал жоқ, күнін өткізгенше әйелін алдап, үміттендіріп тұрыпты. Әйелінен бөлек әлгі көңілдесімен де кездесіп тұрғанын кейін білдік.

«Қатқан қазықтай қатынсың, сені осы түріңмен алғаныма қуан, жаман болға жоқсың, екі бала таптың. Әйтпесе байсыз өтер едің. Енді маған тыныш өмір керек, үйді босат, төркініңе барып тұр» депті. Бөлем жылап-сықтап, болған жағдайды інісіне айтқан екен. «Үй менің атымда, қайда барса, сонда барсын» деп қорқытып, алқымына пышақ тақап, үйінен қуып шығыпты.


Шынымды айтсам бөлемді аяп кеттім. Біреу жайлы титтей де жамандық ойламайтын, байдың қызымын деп көкірек кермеген тамаша жан еді. Бір сәтте күйеуінен де, үйінен де айырылып, қартайған анасының жанына қайтып барды. Қазір киім сататын дүкенде сатушы боп істеп жатыр.


Жақында екінші бір бөлемнің тойында бас қостық. «Жетім ғой, ешкімі жоқ қой деп әкем марқұм бауырына басып, өз баласынан кем көрмеп еді. Асымызды ішіп, көрпемізді тіліп кетті» деп жылап қалды. . Қайтсін енді, тағдырында бар шығар. «Түрмеден шыққан қылмыскердің өзіңді, балаларыңды ұрып, өлтіріп қоймағанына шүкір дей бер» деп жұбаттым. Қазір ешкімге сенбейтін заман болды, абайлайықшы».