«Үш сағаттық тойды жасау үшін 3 жылға КРЕДИТ алдым»: түркістандық ана өз ісіне өкінетінін айтты

0
3 007

​«Биылғы жылым кредит төлеумен ғана өтіпті»


«Үш сағаттық тойды жасау үшін 3 жылға КРЕДИТ алдым»: түркістандық ана өз ісіне өкінетінін айтты

«Зейнеткерлікке шыққаныма екі жыл ғана болды, әлі зейнетақымның дәмін татып, рахатын көрмедім. Алатыным 100 мың теңге зейнетақы, сенесіздер ме, соның 97 мың теңгесін несиеге құям», - дейді түркістандық Зияш есімді ана.


Ол айналасындағы адамдардың ақылын тыңдамағына өкінеді. Бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Қызды ұзаттым, ұлды үйлендірдім, солардың қуанышында алынған кредит қой. Бірақ қазір ойланып отырсам, шамама қарамай шашылыппын ғой. Әйтпесе, ағайынның біразы «Карантин уақытын пайдаланып, той өткізбей-ақ қойсайшы» деп те айтты. «Одан да екі жақ келісіп, 1 миллион теңгеден шығарып, ұл мен келінге «Отбасы банкінен» депозит ашып, ақшаны соған салып қойыңдар. Ары қарай өздері әрекет етіп, ақша жинап бір бөлмелі болса да баспана алады. Қазір жастарға, жас отбасыларға арналған бағдарлама көп» деп те ақыл айтқандар болды.

Тыңдамадым. «Ұят болады» деп шашылдым, төгілдім. Бірақ бәрібір дастарханнан, тойдың өту барысынан мін тапқандар болды. Бәріне ұнау мүмкін емес екен...

Той өтті, бірақ несиенің машақаты басталды. Мәселе таусылмайды екен, осыған көзім жетті.

Бұрын мектепте мұғалім боп қызмет еткенмін. Күнде сағат 7-де тұрып, мектепке қарай асығатынмын. Мектептегі балалардың у-шуынан қатты шаршағанымда «Зейнеткерлікке шықсам, жазда бір рет, қыста бір рет шипажайға барам» деуші едім. Негізі шипажайда он күн ем қабылдау жарты жылға татиды. Ал ол тым қымбат та емес.

Зейнеткерлікке шыққалы жыл сайын шипажайға баратын әпкем бар. Ол той өткен соң «Күніне 7-13 мың теңге, сонда он күнге бар болғаны 70-130 мың теңге шамасында кетеді» деді. «Түске дейін денсаулықты нығайтатын емдерді қабылдайсың, түстен кейін бөлмеңде кино көріп жатасың. Былайша айтқанда он күн ем алып та, демалып та үлгересің» деп, мені биыл емдеу-сауықтыру орнына өзімен бірге ертіп кетпек болды. Алайда менде көңіл күй ғана емес, артық 100 мың теңгем де болмады. Ал ол сенбеді.

Бір басымда төрт кредитім бар, оны әлі үш жыл төлеймін. Әпкем «Ұлың жұмыс істеп жатыр ғой» дейді. Оның да басында кредиті бар екенін естіп шошыды.

Иә, үйленген ұлым да шамасына қарамастан, бал айында Түркияға барам деп, несие алған. Шетел көріп қайтты. Бес-ақ күн Түркияда болды, бірақ екі адамға қыруар қаржы жұмсады.

Шетелде бал айын өткізіп қайтқан соң бар ойы – кредиттен құтылу болды. Азын-аулақ жалақысын ары тартып, бері тартып, байғұс балам қиналып кетті. Сосын жұмысынан шығып, қараша айында бір досымен бірге вахталық жұмыс тауып Ресейге кетті. Видеоқоңыраумен сөйлесіп тұрады.

Жұмысы Ресейдің бір шетінде, орманда. Ағаш кеседі екен. Құрылысқа қажетті материалдарды шығаратын цехқа ағаш кесіп дайындайды. Ол жақта қыс суық болады ғой. Әр қоңырау шалғанда «Денсаулығыңды құртып алмашы, жылы киініп жүр» деп айтам. Сосын іштей «Ақымағым-ай, Түркияға бармай-ақ қойсаң болмас па еді?!» деймін күрсініп.

Ұлымның да, өзімнің де кредитті ойлаумен, төлеумен өткен бір жылымызға шолу жасап отырып, «Асан қайғы мен су перісі» туралы аңыз есіме түсті. Аңызда су перісі базар аралап жүріп күледі. Асан қайғы оның неге күлгенін сұрайды.

Пері қыз: «Біреу той қыламын деп, мың теңге шығарып, күріш, май, өрік, мейіз және түрлі тамақ алып жатты. Тұзға келгенде қымбатсынып, тұз алмай кетті. Соның ақымақтығына күлдім. Мың теңгенің тамағы бір теңгенің тұзынсыз тамақ болып ләззат бермейді. Екінші күлгенім, біреу өріктің дәнін тісімен шағып тұр. Тістің құны мың теңге, мың теңгелік тісті бір пұлға тұрмайтұғын нәрсеге жойып тұрған ақымақтығына күлдім», - деген екен.

Осы аңыз әңгімедегідей біздің де ақымақтығымыз көп. Мысалы, үш сағатта өтіп кеткен тойдың ақшасын үш жыл төлеу – ақымақтық емей немене?!

Зейнетақымды түгелдей кредитке құйып отырмын. Денсаулығымды ойлап жүрген мен жоқ. Ал бұл өмірдің рахатын тек денсаулығы бар адам ғана сезе алады, көреді.

Ұлым да бес күн ішінде шетелге барып жұмсап келген ақшаны несиеге алды. Бұл да ақымақтық екен ғой. Енді жас келіншегі мына жақта, өзі Ресейде жүр.

Жыл сайын жаңа жылды ұлым, қызым, күйеуім үшеуміз қарсы алатынбыз. Биыл жалғыз өзім қарсы алдым. Қыз тұрмыста, ұл вахталық жұмыста. Ал күйеу ұл үйленетін кезде қиындықтардан қашып, басқа әйелдің қолына кіріп алған. Екі қызын да құтты орындарына қондырып, жалғыз өзі тұратын, өзінен бес жас үлкен әйелмен бірге тұрып жатыр. Заңды түрде ажырасқан жоқпыз, ұл-қызының тойында әке боп қасымда жүрді әйтеуір. Мейлі, кетем деген адамды байлап ұстай алмаймын ғой. Бастысы, зиянын тигізбесе болды.

Ал келін көбіне төркінінде. Күйеуі алыста жүрген соң ата-анасын сағынады, түсінем.

Осылай бір жыл өтті. Несием жоқ кезде өмірім жеңіл болған екен ғой. Несиемді жапсам, одан кейін қайтадан ол пәлеге жоламаймын деп отырмын. Бірақ әлі екі жыл төлеймін...»



Ұқсас оқиғалар:


«Әр босанған сайын күйеуім басқамен кездеседі»: жас келіншек ерінің бұл қылығын түсіне алмай жүр


«Ұлым асырап алған қызыма ғашық»: алматылық әйел мәселесімен бөлісті