​«Ұлым асырап алған қызыма ғашық»: алматылық әйел мәселесімен бөлісті

0
1 504

"Екеуін жалғыз қалдыруға қорқып жүрмін" дейді ол...


​«Ұлым асырап алған қызыма ғашық»: алматылық әйел мәселесімен бөлісті

Фото: watermark.lovepik.com

Бала асырап алып жатқандар көп. Бір перзенттен кейін туа алмай қалғандар да бала асырап алады. Бірақ мынандай оқиғаны бірінші рет естуіміз. Бұндай да болады екен.


Оқиғаны алматылық Гүлшах есімді ана ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Күйеуім екеуміз «бір ұл, бір қызымыз болса» деп армандайтынбыз. Бірақ мен босаға аттаған соң бес жыл құрсақ көтере алмай жүрдім. Емнің барлық түрін қабылдадым.

Бір күні Түркістанда тұратын әпкемнің үйіне қыдырып бардық. Әпкем жақын жерде Арыстан баб кесенесі бар екенін, перзент тілеген ерлі-зайыптылар сол жерге барып қой сойып құран бағыштайтынын айтып қалды. Ертеңіне-ақ базардан қой сатып алып, бабаның кесенесіне бардық. Шырақшының айтуымен қой сойдық және бір күн сонда түнедік. Түнімен шырақшымен бірге тілек намазын оқыдық, Алладан перзент сұрап дұға жасадық.

Біреуден естісем сенбес едім, екі ай өткен соң аяғым ауырлады. Мүмкін жылап отырып шын тілеген соң, құдай тілегімді кері қайтармаған шығар деп ойлаймын. Дүниеге шекесі торсықтай ұл баланы алып келдім. Ағайын-туыс «Енді бір қыз туып ал» деп тіледі. Алайда сол күйі жүкті бола алмадым.

Шүкір, перзентсіз емеспіз. Дегенмен, кішкентай қыз көрсем, жүрегім елжіреп, көзіме жас келетін. «Менің де қызым болса ғой, шіркін» дейтінмін. Дәрігердің емін де алдым, құдайдан да сұрадым. Болмады.

Кейін ұлымыз жеті жасқа толғанда тағы да Арыстан баб кесенесіне барып түнедік. Бірақ арада үш жыл уақыт өтті, жүкті болмадым. Кейбір әйелдер тұңғышын 40 жасында да туып жатыр ғой деп, үмітімді үзбедім. Тек келесі жылы жатырымда жара пайда болып, ол асқынып ауруханаға түскенімде қызды болу үмітім сөнді. Дәрігер жатырымды алып тастау арқылы ғана онкологиялық жарадан құтылуыма болатынын түсіндірді. Келістім.

Ол кезде жасым 39-да еді. Адам денсаулықтың қадірін ұққанда тірі боп жүрудің өзі үлкен бақыт екенін түсінеді екен. «Бір кем дүниесін» есінен шығарып, шүкірі көбейеді. Аман жүргеніме тәубе деп, қанағатқа үйрендім.

Алайда 42 жасымда группаластардың бірінің тойына бардым. Баршынгүл есімді группаласым тұсаукесер той жасады. Күйеуі екеуі 20 жыл бойы бір перзентке зар бопты. Ақыры бөбектер үйінен бала асырап алуға шешім қабылдапты. Бір жасар қыз бала.

Сол күні тойдан көңілсіз қайттым. Күйеуім менің ойымды оқып қойғандай, «Мен де қызым болғанын қалаймын. Арманымызды орындау өз қолымызда ғой. Біз де асырап алайық» деді. Қуанғаннан ұзақ жыладым.

Төрт бөлмелі пәтеріміз бар. Күйеуімнің табысы жақсы. Сондықтан да бізге бала асырап алу қиындық тудырмады. Бұл кезде ұлым 12 жаста еді. Бәрінен де сол қатты қуанды. «О, енді мен жалғыз емеспін» дегенін естіп, күйеуім екеуміз жылап қалдық.

Әрине, бізді ағайын-туысқанның кейбірі түсінбеді, бала асырап алғанымызға қарсы болғандары да бар. Көп баласы бар олар бізді қайдан түсінсін?!

Өмір өтіп жатты. Әркім өз тіршілігімен, өз мәселесімен алысып жүр. Әркім өзінше бақытты, өзінше мұңды. Біздің уайымымыз – ұлымыздың жасы отызға таяса да үйленбей жүргені. Көрікті, білімді, мәдениетті ұлымыздың айналасында ғашық қыз көп. Бірақ ол ешқайсысын ұнатпайды.
Қызметте білікті маман, табысы жақсы. Қымбат көлік мініп жүр. Мүмкін өзі сияқты қыздармен сөзі жарасар деп, таныстарымыздың, достарымыздың жұмыс істейтін, көлік те айдай алатын қыздарымен таныстырдық.

«Ұнамады» деп келеді әр кездесуден. «Саған қандай қыз ұнайды өзі?» деді әкесі ашуланып. «Мысалы, Адина... Дәл Адина сияқты қыз болса, бүгін үйленем. Шын айтам» деді ұл. Ал Адина – оның қарындасы (асырап алған қызымыз).

Бастапқыда оның бұл сөзін қалыпты қабылдадық. Қыздардың көбісі ағасына немесе әкесіне ұқсаған жігіт іздейтіні белгілі. Сол сияқты ұлдар да қарындасына, анасына ұқсайтын қыздарды тауып алады ғой. Думан да өмірлік жарының өзінің қарындасына ұқсағанын қаласа несі айып?

Күлдік те қойдық. Бірақ осы сөзінен соң Думанның Адинаға көзқарасы мені шошытып жүр. Ол қарындасына қарағандай емес, басқаша. Оның көзінен ғашықтықты көрем. Адина асыранды екенін білмейді, ал Думан біледі.

Ойында ешнәрсе жоқ Адина ағасына еркелеп, кейде оны құшақтайды. Сондайда ұлым оның қолын сипалап үлгереді. Сосын «Қарындасым-ай, қарындасым» деп күрсінеді. Дауысынан мұң байқалады. Осындайда жүрегім қылп ете қалады.

Қызымыз Адина жақында 18 жасқа толды. Туған күнінде асүйде салат турап жатыр едім, ұлым қасыма кеп «Мама, Адина 18 жасқа толды ғой. Енді оған асырап алғандарыңызды айтуға болатын шығар» деді. Бұнымен ол нені меңзеді, не ойы бар, түсінбедім.

«Әлі ерте. Кейін уақыты келгенде өзіміз айтамыз. Мүмкін айтпайтын да шығармыз. Білмей-ақ қойғаны дұрыс» дедім қатқыл дауыспен. Ұлым маған ренжіп шығып кетті...

Ұлымның қарындасына көзқарасы соңғы кезде мүлде ұнамай жүр маған. Тіпті екеуін үйде жалғыз қалдыруға қорқатын болғанмын...»


Ұқсас оқиғалар:


«31-іне сағат 21.00-де ұйықтап қалуымыз керек...»: түркістандық келіншек жанайқайын айтты


«Ағамның ажырасып кеткен әйеліне үйленгім келеді»: алматылық азамат экс-жеңгесіне ұсыныс жасағанын айтты